Ипотекалық несиенің салықтық шегеріміне шектеу қойылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13516

118 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сыйақыдан ғана салық шегерімі жасалады.  

Ипотекалық несиенің салықтық шегеріміне шектеу қойылады

Былтыр мемлекеттік кірістер комитеті 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктерден немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын қаржы ұйымдарынан алған ипотекалық несиесінің ай сайынғы төлемінің сыйақысынан салық шегерімі жасалатынын жариялады. Биыл бұл операцияның 2021 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылғаны және салық шегеріміне шектеу қойылатыны белгілі болды.

Бұқара білетіндей, бүгінгі таңда "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-дан

алынған ипотекалық несиенің ғана сыйақысы шегеріледі. Салық шегеріміне қол жеткізу үшін жұмыс орнының есеп бөліміне 3 құжат өткізу қажет. Бірінші, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен" жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы туралы шарт, екінші, сыйақы көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі, үшінші, қарыз бойынша сыйақының төленгенін растайтын түбіртек.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел аумағында қаржылық қызмет көрсететін барлық банктер ипотекалық несиенің ай сайынғы төлемінің сыйақысын қайтаруға міндетті болады. Алайда олар ипотекалық несиенің 118 айлық есептік көрсеткішінің сыйақысынан аспайтын мөлшердегі қаражатқа ғана салық шегерімін жасайды. Әзірше 2021 жылы бір айлық есептік көрсеткіш қанша болатыны белгісіз. Сондықтан нақты қанша теңгеден салық шегерімі жасалатын тап басып айту қиын. Бір анығы екінші деңгейлі банктер 2021 жылы бір айлық есептік көрсеткішті 118 айлық есептік көрсеткішке көбейткенде шыққан ақшаға ғана салық шегерімін жасайды.

Бұл жерде мәселе салық шегеріміне қойылған шектеуден туып отыр. 118 айлық есептік көрсеткіш қалай, неге, не үшін белгіленді? Бұл бастама салық кодексіне қандай мақсатпен енгізілді?

"Бірінші несие бюросы" ЖШС мәліметінше, 2019 жылдың басында елде 247,7 мың ипотекалық келісімшарт болған. Мұндай несиелердің портфелі 1,4 трлн теңгені құраған. Есептеулер ипотекалық несиенің орташа мөлшері 5,25 млн теңгеден 5,65 млн теңгеге дейін құбылатынын және ретроспективті талдау барысында төмендеу үрдісі бар екенін көрсеткен. Яғни тұрғын үй заемының орташа мөлшері жылдан жылға тұрақты түрде төмендеп келеді.

Ипотекалық несиелердің мөлшері эволюциялық жолмен азайып жатыр, оған сырттан ықпал етіп, қандай да бір шектеу қоюдың қажеті жоқ.

Абылай Бейбарыс

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу