Микроқаржы ұйымдарының көбейгені – елге дағдарыстың келгені

6555

Қаржы сарапшысы халықтың кедейлене түсуі осыған жол ашып отыр деп есептейді. 

Микроқаржы ұйымдарының көбейгені – елге дағдарыстың келгені

Халық бұрын банк жағалаушы еді, қазір микроқаржы ұйымдарының табалдырығын тоздырып жүр. Соңғы бір-екі жылда осы үрдіске куә болып жүрміз. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, бұл жақсы тенденция емес. Шын мәнінде, микроқаржы ұйымдарының көбеюі ел экономикасына дағдарыстың кірігіп келе жатқанын көрсетеді.

"Атауы микро болса да, үлкен проблеманың бәрі осыдан туындайды. Сондықтан бұған мән бермеу – қателік. Елдің қаржы саласына жауапты органдары осыны түсінуі керек", – дейді Р.Рысмамбетов.

Оның айтуынша, қаржы жұмсауға қырсыз халықтың микроқаржы ұйымдарының қызметін дұрыс пайдалана алмай отырғаны бір бөлек мәселе. Ал негізгі мәселе халықтың кедейлене түсуінде жатыр және мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, тұтас әлемді шарпып отыр.

"Кредит халықты кедейліктен сақтай алмайды. Көбі несиені амалы жоқтықтан алады. Өйткені кіріс көзі жоқ. Олардың кредиттің өзін кіріс көзі ретінде қарастыратыны да сондықтан. Ал бала-шағаны қалайда асырау керек. Сол себепті халықтың қарыздық жүктемесі шамадан тыс көбейіп барады. Бұдан шығар жол – несие алмау, керісінше қосымша жұмыс іздеу. Бірақ біздің елде екі-үш жұмысты қатар алып жүру қиындау", – дейді сарапшы.

Халықты қарызға батырып отырған тағы бір фактор – жасырын несие ұйымдарының көбеюі. Кредитке белшеден кірген бұқараның қарыз алатын басқа жері жоқ. Амалсыздан заңсыз жұмыс істейтін ұйымдардан займ алады.

"Сондықтан Ұлттық банк микроқаржы ұйымдары нарығын жедел әрі дұрыс реттеуі керек. Қатаң талаптарды ұстануы керек. Бір жағынан микроқаржы ұйымдарының қызметіне мүмкіндік берген де жақсы. Ол нарықтағы бәсекелестікті арттырады. Екінші жағынан заңды белден басқандарды қатаң жазалау да қажет", – дейді ол.

Расул Рысмамбетовтің айтуынша, заңсыз жұмыс істейтін несие ұйымдары ақшаны есірткі саудасынан, парадан, жасырын казинолардан, қысқасы "көлеңкелі" ортадан алады. Сондықтан мемлекеттің микроқаржы ұйымдарының қызметіне араласуы аса қажет.

Сарапшы әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға несие беруді шектеу керек деп есептейді. Себебі несие адамдардың әл-ауқатына қатысты нақты картинаны жасырып тұрады. Яғни, бір тиын таппаса да, алынған несиеге малынып киініп, алшаңдап жүреді.

Санжар Беркінбай


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу