Картадағы бар ақшаны қотарып алады: алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

7545

Енді қаскүнемдер ақша ұрлауы үшін құрбанның оларға өз дерегін хабарлауы да талап етілмейді, деп жазады Inbusiness.kz.  

Картадағы бар ақшаны қотарып алады: алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Алаяқтар мобильді операторлар арқылы алдайды

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде карта арқылы азаматтың барлық қаражатын шешіп алу үшін залымдарға құрбанға қоңырау шалып, алдап-сулап, оған қатысты ақпараттарға қол жеткізудің қажеті болмай қалды, бұл үшін құрбанның телефон нөмірін білсе, жеткілікті. Салдарынан, өз атына рәсімделген кредиттің барын ұзақ уақыт өткенде бір-ақ білген қазақстандықтар қатары артуда.

Әлеуметтік желіде сим-карталармен байланысты алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды: ол хакерлерге шетелде отырып, Қазақстан тұрғындарының телефон нөміріне қол жеткізуге және сол арқылы банк қосымшаларынан лезде ақша аударуға мүмкіндік береді. Әйткенмен, бұл схема біршама күрделі болып шықты.

Алаяқтықтың схемасы келесідей: әлдебір адамның телефон нөмірін білген қылмыскерлер алдымен оның сим-картасының дубликатын алу үшін жалған сенімхат жасайды. Осыдан кейін қаскөйдің еліміздегі сыбайласы іске кіріседі: ол республиканың басқа өңіріндегі ұялы байланыс операторының филиалына барып, сол адам атынан өтініш жазады. Ары қарай алаяқтар тікелей ақша жымқыруға көшеді: олар құрбанның атынан "банк қосымшасының паролін қалпына келтіру" жөнінде банкке өтінішпен жүгінеді. Бұл ретте клиенттің жеке нөмірі бойынша аутентификациялаудан өтеді. Егер банк құпиясөзді қалпына келтіріп берсе, ақырында барлық ақша клиенттің картасынан басқа есепшотқа аударылады. Бұл жағдайда тек банктің күмәнді аударымдарға мән беріп, дер кезінде бұғаттап тастауынан ғана үміттенуге болады. 

"Біз банктерде ақша ұрлауға жоғарғы технологиялар, ең заманауи бағдарламалар қарсы тұрады деп сенеміз. Шынында, кейбір банк үшін мұндай аударымдар алаяқтық ретінде танылмайды да. Өйткені сим-карта арқылы қосфакторлы авторизациядан өтудің өзі жеке тұлғаны растау болып табылады. Сіз мысалы, қосымшадан ақша аударған сайын тұлғаны сәйкестендірудің күрделі рәсімдерінен өтпейсіз ғой. Смартфоныңызды аласыз, қосымшаңызды ашып, "перевод" деген батырманы басып, парольді тересіз де, лезде қалаған сомаңызды қалаған нөмірге аудара саласыз. Сіздің өз сим-картаңыз арқылы ақша аударылса, банктер үшін оны сіз аударған болып есептелесіз", – дейді ай-ти маманы Андрей Смолин.

Яғни, қазіргі кезде смартфонның сим-картасы жеке куәлігіңізден маңызды және салмақты. Ал оны ұрлату – Қазақстан азаматының негізгі құжатын жоғалтып алудан қауіптірек. Алайда бүгінде сим-картаны жоғалту да қажет болмай қалды, оның дубликатын алдау арқылы операторлардан алаяқтардың өздері жасатып алады.

Мамандар кеңесіне жүгінсек, мұндай проблемаға жолықпау үшін ұялы оператордың қосымшасында екінші виртуалды нөмірді шығарттырып, банктер мен әлеуметтік желідегі парақшалар аккаунттарын сонымен байланыстыруға болады. Бүгінде виртуалды sim-карталарды еліміздегі бес ұялы оператордар – Kcell/activ, izi, Теле2, Altel және Beeline-нан сатып алуға болады. E-Sim нөмір клиенттің негізгі нөмірімен байланысты болады, бірақ үшінші тұлғалар ол виртуалды нөмірді біле алмайды. 

Алданған азаматтар банктердің "қара тізіміне" кірген

Әзірге алаяқтықтың әртүрлі схемаларын пайдаланып, қазақстандықтарды алдау жалғасуда. Елорда тұрғыны Берік Ә. ұқсас жағдайға кезігіпті.

"Алаяқтар менің атымнан "Halyk Bank" АҚ-ынан 1 млн 705 мың теңгеге кредит алған. Қазір тергеушілер менің шағымым бойынша қылмыстық іс қозғап, банкке сұрау жолдады. Өзім де банкті хабардар етіп, кредитті мен емес, алаяқтар алғанын мәлімдедім. Соған қарамастан, банк сотта қарау аяқталғанша, кредит бойынша төлем төлеуді тоқтата тұру туралы өтінішімді қанағаттандырудан бас тартты. Банк несие бойынша жалақымнан ақша ұстап жатыр", – дейді Берік.

Инженер Өмірбек Есімов зайыбы екеуі кезінде "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінде" депозит ашып, баспанаға жинақ жинапты. Былтыр жары декреттік демалысқа шыққандықтан, ол тұрғын үй заемын өз атына көшіріп алады. Өйткені "Отбасы банкінен" несие алу үшін клиент төлем қабілеттілігін растауы шарт. Ал декреттегі адамға табысы жоқ деп бермеуі мүмкін.

"Бұған дейін мен әртүрлі банкте тұтынушылық кредиттер алғанмын. Бірақ олардың арасында "Астана банкі" болмаған. Содан жақында кезекті рет тұтынушылық несие алайын деп, банктердің біріне жүгінсем, ол бас тартты. Мұның мәнісін білу үшін "Бірінші кредиттік бюроға" сұрау жібердім. Одан келген жауапты оқығанымда шалқамнан түсе жаздадым. Мені "қара тізімге" кіргізіп қойыпты. Себебі, "Астана банкіне" 802 мың теңге берешек болып қалған екенмін. Бұл банк қазір банкроттық процедурасын өтіп жатқаны мәлім. Байланыс нөмірлерін тауып, банкке хабарлассам, 2017 жылғы қаңтарда әлдекімдер жалған құжатты пайдаланып, менің атыма кредит алған", – дейді Ө.Есімов.

Банктен әлгі құжаттардың көшірмесін сұратады. Нәтижесінде, шынымен жалған құжаттар екеніне көз жеткізіп, құқық қорғау органдарына жүгінген.

Жалған кредит оның нағыз несиесіне зиянын тигізгелі тұр. Таяуда құрылыс компаниясы кредиттік тұрғын үйдің құрылысын аяқтапты. Өмірбек сол үйдің пулында тұр. Сондықтан ол тұрғын үй заемын рәсімдеу үшін "Отбасы банкке" құжаттарын тапсырған. Бүлінген "кредиттік тарихы" бүлінген қалпында қалды. Енді "Отбасы банк" те үш жыл күткен үйіне несие бермеуі ықтимал деп қауіптенеді.

Алданған адамдарды қорғауда құқық қорғау органдары да, банктердің қауіпсіздік қызметтері де қауқар таныта алмай келеді. Тұтынушыларға қылмыскерлермен жалғыз алысуға тура келіп жатыр.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу