Төтенше жағдайда тоқырауға ұшыраған кәсіпкерлердің дені мемлекеттің көмегіне зәру. Қысылтаяң кезеңнен шыққан шағын және орта кәсіпкерлік әлі де оңала қойған жоқ. Осындай өлара уақытта мемлекет кәсіпкерлердің еңсесін қалай көтереді, қаржылық қолдаулар бола ма, деген сан салалы сауалдарға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Мұрат Балабаев жауап берді.
Мұрат Сұлтанғазыұлының айтуынша, бұл бағытта кең көлемді сауықтыру шаралары қабылдануда екен. Кешенді бағдарламаның бірі жеңілдетілген несие беру. Бағдарламаның ерекшелігі сол пайызы төмен несиені ШОБ-тен өзге дара кәсіпкерлерде алуға құқылы.
"Бағдарламада салалық шектеу жоқ. Шарт бойынша 8% бір жылға ала аласыз. Кез-келген кәсіпкерлік қызметпен айналысатын субъектілер осы қаржымен айналым қаражатын толықтыра алады. Оның ішінде ағымдағы шығындарды, яғни, салық, жалақы бойынша берешектерді өтеуге, шикізат, тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, келісім шарттар бойынша міндеттемелерін орындауға болады. Ел бойынша бағдарламаға екінші деңгейлі 12 банк қатысуда. Оның сегізінің Қызылорда облысында бөлімшелері бар. Атап айтсақ, олар "Halyk Bank", "Сбербанк", "АТФБанк", "CenterCredit Банкі", "Forte Bank", "Eurasian Bank", "Jysan Bank" және "ВТБ Банк".
Бөлім басшысы бағдарламаға ұсынар қажетті құжаттар тізімі жайында ескерте кетті.
"Бағдарламаға негізінен ТЖ және карантин салдарынан зардап шеккен ШОБ және микро бизнес кәсіпкерлері қатыса алады. Егер кәсіпкерлерде өткізген тауарлары мен көрсеткен қызметтерінің көлемі төмендесе, клиенттер тарапынан төлемдер кешіктірілсе, қызметкерлердің штаттық саны қысқарса, олар жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Яғни, ТЖ кезеңі мен одан кейінгі екі ай мерзім ішінде жоғарыдағы критерийлердің бірі орын алса кәсіпкерлер банктерге несие алуға құжаттар өткізе алады. Жалпы қаржылық жағдайдың төмендегенін дәлелдейтін бірнеше құжаттар бар. Соның біреуі болса жеткілікті. Олар кәсіпкерлік нысандарының қызметін тоқтату бойынша растайтын құжатқа басқару есептілігі, дебиторлық қарыздар бойынша үзінді, қызметкерлерді жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы өтініштері, сондай-ақ облыстағы бас санитарлық дәрігердің қаулылары да негіз бола алады", – дейді ол.
Банктер тарапы сізден төлқұжатты, құрылтай құжаттарын, мемтіркеу куәлігін немесе тіркеу есебіне алғандығын растайтын өзге де құжатты, қол қою және мөр бедерінің үлгілерін (егерде мөр болған жағдайда), соңғы жылдың қаржылық есептемесі, салықтар бойынша берешектің бар-жоғын растайтын құжатты және басқа да несиеңіздің болу, болмауы туралы мәліметтер, кепіл мүліктің құжаттар топтамасын және қаржылық жағдайының төмендегенін растайтын құжаттарды талап етеді.
Ал, аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлер қанша қаржы ала алады? Оларға арнайы лимит бар ма, деген сауалға Мұрат Сұлтанғазыұлы былайша жауап берді:
"Бағдарламаның өзіндік лимиті бар. Мәселен, дара кәсіпкерлерге бекітілгені 50 млн. теңге. Ал, заңды тұлғаларға 3 млрд. теңгеге дейін лимит көзделген. Сонымен қатар, банктер жеңілдетілген "каникул" кезеңінде береді. Бірақ жеңілдетілген несиеге кепіл мүлік талап етіледі. Егерде кепіліңіз болмай, мүлік жеткіліксіз болса "Даму" қоры арқылы несиенің 50 пайызына дейін кепілдендіру тетігі қарастырылған".
Нұрбек Дәуренбеков