Сауда орталықтарының жағдайы мәз емес...

Сатып алушылар аз, дүкендер жабылуға мәжбүр.  

Сауда орталықтарының жағдайы мәз емес...

Тұтынушының талғамы мен сұранысын өзгертіп, қызмет көрсететіндердің қалтасына салмақ салған індетті әлі жеңе қойған жоқпыз. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та карантин шаралары жеңілдетілгенімен босаңсуға әлі ерте екенін қадап айтты.

"Баршаңызға аян, қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек", – деді Президент.

Алайда нарық коронавирустың екінші толқынына дайын ба? Төтенше жағдай мен наурыздағы шектеулер кезінде табысынан айырылған сауда орталықтарының жайы қалай болмақ? Inbusiness.kz тілшісі осы мәселелерді зерттеп көрді.

Дағдарыстың ұшқыны бірінші болып сауда саласына тиді

Карантин шаралары бірінші кезекте сауда ойын-сауық орталықтарының жұмысын шектеді. Екі айға жабылуға мәжбүр болған компаниялар орасан шығынға ұшырады. Тіпті, көктем мен жаз маусымына арналған киімдерді алып келген кәсіпкерлер жаздың ортасында бірақ ашылып, тауарларын өз бағасына сатуға мәжбүр болды. Орынды жалға алу ақысы мен төленбеген несиені қосқанда, әлбетте, ШОБ-тың тасының өрге домаламағаны анық.

Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұлтанда орналасқан MEGA сауда ойын-сауық орталығында карантинге дейін 650 кәсіпкер жұмыс істеп келген. Шектеу шараларынан кейін орталықтан 21 компания кетіп қалған. Astana Group президенті Нұрлан Смағұлов БАҚ-қа берген сұхбатында жалға алушыларға жасалған жеңілдіктерге қарамастан жағдай осылай болғанын айтады.

"Өкінішке қарай, біздің көптеген жалға алушыларымыздың жағдайы қиын. Олар жаңа тауар сатып алу үшін банкке пәтерлерін кепілдікке қойған. Кейін заттарын сата алмай қалған. Жалға алушылардың шығынын есептеу оңай емес, бірақ оларда төленбеген несиелер, жыл мезгіліне байланысты ғана сатылатын 70−80% тауар қалғанын нақты білемін", – дейді спикер.

Сондықтан кәсіпкерлер толық қарқынмен жұмыс істегісі келеді. Бұған сауда ең жақсы жүретін күндер сенбі-жексенбіге енгізілген шектеулер мүмкіндік бермейді. Қысқаша айтсақ, "былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының" кері.

"Бизнеске аяққа тұрып кету үшін жұмыс істеуі керек. Біз сиқыршы емес, кәсіпкерміз. Дағдарыстан толық жұмысты жандандыру арқылы ғана шығара аламыз. Сауда желісі карантин шаралары енгізілгеннен бері 172,4 млн теңге шығын шеккен. Бұл демалыс күндері компанияларды жалға алу ақысынан босатуды қосқандағы көрсеткіш", – дейді Нұрлан Смағұлов.

Келушілер 30%-ға азайған

Алғашқы локдауннан сабақ алған халық офлайннан онлайнға ойысты, киім-кешектен гөрі азық-түлікке көп қаржы жұмсады. Статистикалық мәліметтер де осыны меңзейді. Мәселен, тек сәуір айында сауда орталықтары мен базарлардағы бөлшек сауда өткен жылмен алыстырғанда 40,9%-ға төмендеген. Бұл ақшаға шаққанда  495,7 млрд теңге. Расымен, қомақты сома. Ал тамаққа 255,4 млрд теңге жұмсалған. Яғни қазақстандықтар азық-түлікке өткен жылдың сәйкес кезеңінен қарағанда 51,5%-ға көп қаржы шығындаған.

 "Азия парк" ОСО-дағы киім дүкенінің директоры Эльмира Ысқақова өткен жылмен салыстырғанда сауда 30-40%-ға төмендегенін айтады. Оның пікірінше, бұның басты себебі – халықтың қашықтықтан жұмыс істеп, студенттер мен оқушылардың да қашықтықтан оқуында.

"Көпшілік сыртқа шықпайды, сондықтан қаржыларын киім алуға емес, азық-түлікке жұмсайды. Өткен жылы осы уақытта күз бен қысқы аяқ киімдерді көптеп сатқанбыз. Қазір халықтың жаздық киімнен жылы киімге ауысатын кезеңі. Әдетте бұл уақытта сауданың нағыз қызатын шағы. Биыл барлығы өзгеше. Сатып алушылар аз, сауда көрсеткіштері төмен", – дейді спикер.

Эльмира Ысқақованың сөзінше, сауда орталықтарына келушілер қатарының сиреуі кинотеатрлар мен food-кордтардың жұмыс істемеуіне байланысты.

"Келушілер қатары 20-30%-ға азайды. Оның бір себебі – орталықтардағы ойын-сауық алаңдары мен кинотеатрлар, тамақтанатын орындардың жабық болуы. Өйткені аталған аймақтар сауда орталықтарының шамамен 40%-ын алады. Бұрын демалып, сауда жасағанға үйренген халық енді мұнда тек жоспарлы түрде келеді", – дейді дүкен директоры.

"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев сауда ел экономикасының өзегі екенін атап өтті. Әсіресе, Алматы экономикасы үшін сауданың орны бөлек. Сондықтан сарапшы сауда орталықтарына санитарлық талаптарды сақтай отырып, толық қарқынмен жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек деп есептеді.

"Қазіргі эпидахуал талаптарды сақтай отырып, орталықтарға барынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Тек  залалсыздандыру үшін бір күнге ғана шектеу шараларын енгізуге болады. Нәтижесінде қаншама адам жұмысын сақтап қалады", – дейді ол.

Тұтынушылар сауда орталықтарын көше бойындағы дүкендерге ауыстыруы мүмкін

Бүгінде сарапшылар екінші толқын болса тұтынушылар сауда орталықтарын көше форматындағы дүкендерге ауыстыруы мүмкін деген пікірді алға тартуда. Бұл карантин кезінде аталған нысандардың бірден жабылуымен байланысты. Қазірдің өзінде мұндай тенденция байқалады. Алайда Мұрат Қастаев мұны қолдамайды. Оның ойынша, сауда үйлерімен ешбір көше бойындағы дүкен бәсекелесе алмайды.

"Сауда орталықтары  – халықтың көптеп баратын жері. Елімізде дүкендері көп ешбір дамыған жаяу жүргіншілер көшесі ойын-сауық орталықтарымен теңесе алмайды. Инфрақұрылым, тауарлардың әр алуандығы мен ойын-сауық түрлері жағынан халыққа тек сауда орталықтары ыңғайлы", – дейді сарапшы.

Мамандар бірінші карантиннен шығын шеккен сауда орталықтары тек 1-3 жыл аралығында ғана бұрынғы нәтижеге қол жеткізеді деген пікірде. Демек сала екінші толқынға дайын емес. Тіпті, пессимистік болжамдарға зер салсақ, карантинге жабылған әр үшінші кәсіп қайта ашылмауы мүмкін. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу