Несиенің мерзімін шегергендер артық төлем төлейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10130

983 123 жеке тұлға қарызын кейін қайтарады.    

Несиенің мерзімін шегергендер артық төлем төлейді

Ұлттық банк 10 наурызда 12% -ға өсірген базалық мөлшерлемесін 3 сәуірде  9,5% - ға түсірді. Себебі карантин кезінде іскерлік белсенділікке дем беріп, шағын және орта бизнестің несиеге қолжетімділігін арттыру қажет болды.

Қаржы реттеушісі төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер арқылы 12 айға 8% - бен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Осылайша жеке кәсіпкерлерге 50 млн, шағын және орта бизнес субьектілеріне 3 млрд теңге қарыз алу мүмкіндігін берді. Бұл төтенше жағдайдан соққы алып, есеңгіреп қалған шағын және орта бизнес субъектілері үшін үлкен қолдау болды. Осы турасында Ұлттық экономика вице-министрі Жасұлан Мәдиев: "Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнесті қолдау шарасына Ұлттық банк те қатысып жатыр. Қаржы реттеушісі шағын және орта бизнес субъектілерін несиелендіруге 600 млрд теңге бөлді. Несие шағын және орта бизнес субъектілеріне айналым қаражатын толтыру үшін 1 жылға 8% сыйақы мөлшерлемесімен рәсімделеді", – деді.

Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру үшін "Бизнестің жол картасы - 2025" мемлекеттік бағдарламасы бойынша

кәсіпкерлердің айналым қаражатын несиелендіру көлемі 20 млн-нан 60 млн-ға, ал кепілдендірілген несие көлемі 60 млн-нан 360 млн теңгеге дейін артты. 

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов: "Франшиза алуға және қайта қаржыландыруға бағытталған несиенің көлемі көбейді. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған мемлекеттік грант 3 млн теңгеден 5 млн теңгеге ұлғайды",– деді.

Президенттің пәрменімен "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6% - бен 100 млрд және "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы шағын және орта шаруа қожалықтарына жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% - бен 70 млрд теңге берілетін болды. Осының барлығы кәсіпкерлердің несиеге қолжетімділігін арттыру үшін жасалды.

Ұлттық банк 27 наурыз күні елімізге енгізілген төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккен халық пен шағын және орта бизнес өкілдерінің екінші деңгейлі банктердің, ломбардтардың, онлайн-кредиттеу компанияларының, кредиттік серіктестіктердің, микроқаржылық ұйымдардың алдындағы қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы мөлшерлемесін төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекітті. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыған қатысты 23 наурызда берген тапсырмасы негіз болды. 

"2020 жылғы 16 наурыз бен 15 маусым аралығындағы кезеңде кредиттік ұйымдар төлемдерді тоқтата тұру туралы өтінішті қарағаны немесе тиісті шарттарды өзгерткені үшін қарыз алушылардан комиссия алмайды", – деп хабарлады қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. 

Әзірше қарапайым халықтың, шағын және орта бизнес субъектілерінің несие алуға деген құлшынысы байқалмайды. Есесіне несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесін шегертуге деген ұмтылысы алабөтен.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік реттеу департаменті басшысының орынбасары Нұржан Бидайбек: "Жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінен 16 наурыз бен 15 маусым аралығында екінші деңгейлі банктердің алдындағы негізгі борыш пен сыйақы мөлшерлемесін уақытша төлемеуге қатысты құны 12,3 млн теңгені құрайтын 17 671 өтінім келіп түсті. Нәтижесінде 3 244 өтінімге қатысты оң шешім шықты. Бұл сандар алдағы уақытта жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерге байланысты өзгереді", – деді.

Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесін шегеру бойынша қаржы ұйымдарына еліміздің 1 миллионнан астам азаматы өтініш бергенін айтты.

"9 сәуірдегі жағдай бойынша, 1 млн 137 мыңға жуық адамнан өтініш түсті. 983 123 жеке тұлғаның өтініші қанағаттандырылды. Несиені төлеу мерзімін шегеру бойынша өтініш әлі қабылданып жатыр. Банк өтінішті 10 жұмыс күнінде қарайды. Егер әлеуметтік жағынан аз қамтылған адам өтініш берсе, оған қатысты шұғыл шешім қабылданады. Екінші деңгейлі банктер операциялардың барлығын онлайн атқарып жатыр", – деді Елена Бахмутова.

Кеңес төрағасының мәлімдеуінше, еліміздегі онлайн-кредиторлар мен микроқаржы ұйымдарының несие портфелі 350 млрд, ал екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 14,5 трлн теңгені құрайды. Бірақ дәл қазір қарыз алып жатқандардың қарасы шамалы. Себебі барлығына карантин кедергі келтіріп тұр.

"Сұраныс болмаса, ұсыныс болмайды. Сұраныс болу үшін экономиканың барлық секторы қалыпты жағдайда жұмыс істеуі керек. Несие портфелі іскерлік белсенділік болған жағдайда ғана өседі", – деді Елена Бахмутова.

Оның сөзінше, несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесін 3 айға шегерген азаматтар түбінде екінші деңгейлі банктерге артық төлем төлейді.

"26 наурызда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған нормативтік-құқықтық актіде екінші деңгейлі банктер мен кредиттік ұйымдардың несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесін төлеу мерзімі шегерілетіні жазылған. Мұны несиенің сыйақы мөлшерлемесі кешіріледі деп түсінбеу керек. Үш айдан соң несиенің негізгі қарызы мен пайызын айыппұлсыз төлеу қажет болады. Несиені шегеру мерзімі ұзарған сайын ай сайын төлейтін төлем мен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі азаяды. Артық төлемге келетін болсақ, бұл сыйақы мөлшерлемесінің  жалпы сомасы. Ол қарызды қайтару мерзімі ұлғайған сайын көбейе береді. Яғни несиенің мерзімі шегерілсе де, сыйақы қосыла береді", – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу