Қазақстан шетелге "бала сатуды" жеңілдете ме?

5984

СІМ құжаты ескі мәселені қайта өзекті етті.  

Қазақстан шетелге "бала сатуды" жеңілдете ме?

Тәуелсіздік жылдарында шамамен 10 мыңдай қазақстандық баланы шетелдіктер асырап алған. Оның алты мыңнан астамы АҚШ-қа аттанды. Көптеген сарапшылар, тіпті балалар омбудсмені мұны қызу қолдайды: "осылайша, жетім балалардың жағдайы жасалады, жайлы өмірі қамтамасыз етіледі" деп санайды. Осы орайда қоғам өкілдері Аружан Сайынды "бала сатуға септесіп жүр" деп айыптағаны есте.

Қазақстандық асырап алушылар шетелден сұраныс көп болғандықтан, сап-сау балаларды өздеріне бермейтініне, олар жат жұрттарға кететініне шағымданып жүр. Өйткені "Хабар24" арнасының дерегінше, шетелдіктер Қазақстаннан бала асырап алғаны үшін орташа есеппен 30–40 мың доллар төлейді.

Кейінгі жылдары өз елінен пана таба алмаған көгенкөздер қатары күрт азайыпты: жатжұрттықтарды Қазақстанда құжаттарды рәсімдеу процедурасының күрделілігі және төлемдердің ірі сомалары үркітеді. Қазақстандық жетімдердің лек-лекпен шетел асуының шырқау шегі 1999–2012 жылдарға тұспа-тұс келді. Осы кезеңде 8800-ден аса бала Отанды тастап кетуге мәжбүр болды. Содан кейін көрсеткіш құлдыраған. Мысалы, 2013–2016 жылдар аралығында 125 тастанды бала өзге елдерде отбасы тапты. Себебі, сол кезде қоғамдық теріс пікірдің ауанымен процесс күрделеніп, құжат рәсімдеу мерзімі ұзартылды. Оның үстіне баланың қайда оқитыны, демалысын қалай өткізетіні, не ішіп, не жейтіні, медициналық тексерулер нәтижелері туралы Қазақстанға ұдайы есеп тапсырып отыру талабы әсіресе, америкалықтарға ұнамайды. Есеп тапсырудан жаппай бас тартқандықтан 2012 жылдан бері АҚШ азаматтарының бізден бала асырап алуына тыйым салынды.

АҚШ-тан басқа, қазақстандық жетімдерді Испания, Италия, Франция, Канада, Бельгия, Ұлыбритания азаматтары көбірек асырап алған.

Баланың паспортына белгі соқпау ұсынылды

Елден қол үзген жетімдер санының азаюына байланысты бұл мәселе өткірлігін жоя бастағандай болған. Алайда енді сыртқы саяси ведомствосы осы саладағы жаңа құжат жобасын жариялап отыр. Ол "Шетелдіктер асырап алған Қазақстанның азаматтары болып табылатын балаларды ҚР Сыртқы істер министрлігінде есепке қою және Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер енгізбек.

Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Рәпіл Жошыбаев 2015 жылғы 3 сәуірде қабылдап кеткен сол бұйрыққа сәйкес, шетел асып бара жатқан жетім баланың паспортының түпнұсқасына ІІМ-нің "шетелде тұрақты тұруға шығу туралы рұқсат жазбасы" түсірілуге тиіс. Жаңа бұйрық жобасы оны жояды: яғни шетелге әкету үшін ІІМ рұқсат жазбасын алу талап етілмейді.

СІМ осы арқылы бұйрықты заңға сәйкестендіріп отырғанын айтады:

"Нәтижесінде, "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" заңының 8-бабына сәйкестендіріледі. Себебі, осы заңға 2019 жылғы 25 қарашада енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанның төлқұжатына енгізіле алатын жазбалар мен белгілердің тізімінен тұрақты тұруға шетелге шығу туралы рұқсат жазбасы  алынып тасталынды", – деді министрлік.

Оның орнына асырап алушы қазақстандық баланы елден тыс әкетуге рұқсат алса жеткілікті. Яғни, баланың паспортында жазба болмайды.

Жалпы, балалар омбудсменінің, құқық қорғаушылардың ілгерілетуімен, бүгінде баланы шетелге әкету үшін көп құжат талап етілмейді.

Атап айтқанда, 1) балаларды есепке қою туралы өтiнiштің толтырылған 2 данасы; 2) балаларды есепке қою жеке карточкасының толтырылған 2 данасы; 3) шетелдіктердің асырауына берілген балаға берілген Қазақстан азаматы паспортының түпнұсқасы; 4) баланың Қазақстаннан тыс шығуға тұрақты тұруға шығу туралы рұқсат (егер жаңа бұйрық қабылданса); 5) баланы асырап алушылардың жеке басын куәландыратын құжаттары; 6) баланың 3,5х4,5 сантиметр көлеміндегі түрлі-түсті екі фотосуретi; 7) баланың туу туралы куәлiгi; 8) шетелдіктердің баланы асырап алуы туралы өтінішін қанағаттандыру туралы сот шешімі ұсынылса, болды.

"Шетелдегі жетімнің өлі-тірісі белгісіз"

Кезінде қоғамның талап етуімен гомосексуалдарға, трансгендерлерге және басқа да "дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдарға" бала асырап алуға тыйым салынды. Дегенмен, қолданыстағы тәртіптердің ақырындап өзгертіле бастауы қоғам өкілдерін тіксінтіп отыр.

Шығысқазақстандық кәсіпкер, үш баланың анасы Татьяна Крамердің пікірінше, бұл – озық елдер қатарына ұмтылған елдің сүйегіне дақ.

"Бұл масқараны тоқтатыңыздар! Оянатын кез келді. Шетел азаматтарына кәмелетке толмаған балаларды мемлекетімізден тыс әкетуге тыйым салу керек. Ол бала ертең туған жері, Отаны қараспағанына өшігуі мүмкін. Қолданыстағы заңнамаға тек бір ғана өзгеріс керек: "Қазақстан азаматы болып табылатын балаларды шетел азаматтарының асып алуына, Қазақстан Республикасынан тыс шығаруға тыйым салынады" деп жазу қажет", – деді ол.

Оқытушы, профессор Светлана Вагнер де пікір білдірді.

"Балаларды шетелге әкету процедурасын жеңілдету не үшін керек болды? Бұған жол беруге болмайды. Менің ойымша, шетелдік асырап алуды мүлдем тоқтату керек. Әйтпесе, шетелге шығарылған ондаған мың баланың кейінгі тағдыры не болғанын, өлі-тірісін шенеуніктердің ешқайсысы нақты қадағалап отырған жоқ", – дейді С.Вагнер.

Қоғам белсендісі Светлана Савик шенеуніктер осы арқылы бас қатырған бір проблемадан арылуды ойлап отыр деген байлам түйді.

"Батысқа қызмет етуді қою керек. Біз тәуелсіз елміз ғой. Балаларымыз – біздің байлығымыз. Сол қазынаны шетелге таратып жатсақ, тәуелсіздігіміз қайда? Солар үшін бала туатын күң мен құлмыз ба? Дұрыс асыраса, жетімнен де асыл азамат шығады. Шенеуніктер жетімдерді баспанамен қамту мәселесінен құтылу үшін осыған баруда. Нағыз сорақылық. Бұл былықты тоқтатуды халық талап етіп отыр. Шын ата-аналары бас тартса да, ата-аналық құқығынан айырылса да, халықтың баласы халықтың ортасында қалсын. Одан да билік бала асырап алғысы келетін қазақстандықтар үшін рәсімдерді жеңілдетіп, көмектессін. Бірақ оларға тоспа құрып отыр. Ал шетелдіктерге баланы шытырлаған ақшаға сатады", – дейді С.Савик.

Ой білдірген сарапшылар мен қатардағы азаматтар шетелге әкетілген мыңдаған баланың үлкен бөлігінің ізім-ғайым жоғалып кеткеніне, олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат жоқтығына назар аудартады. Мысалы, Қазақстан заңнамасында дәстүрлі емес сексуалды ориентациядағы адамдарға бала асырап алуға жол берілмейді. Алайда Америкада, Еуропада қамқорлық органдары кез келген айыбы үшін ата-анадан баласын тартып алады. Ары қарай ол бала кез келген отбасыға, соның ішінде ЛГБТ қауымдастығына жататындарға да берілуі мүмкін. Салдарынан, Қазақстан заңнамасы бұзылады.

Асылхан Иламбеков жетімдердің тарихи Отанынан ажырауына наразы.

"Қазіргі кезде қазақстандық балалардың шетелде біржынысты ата-аналарға, педофилдерге берілмесіне, тіпті малша сойылып, органдары алынбасына еш кепілдік жоқ. Оған ықпал ететін Қазақстанның пәрменді тетігі де жоқ. Қазақстанда шетелге асырауға берілген балалардың кейінгі тағдырын нақты қадағалап отыратын, соған жеке жауапты бірде бір шенеунікті таппайсыз. Балаларды өз азаматтарымыз асырап алуы үшін қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту керек. Сондай-ақ балалар үйлерін жаппай жабуды тоқтату шарт. Патронажды отбасылардың кейбірі тастанды балаларға қамқорлық көрсетуге сонша құлықты емес. Сондықтан баланы өз отбасына асырап алғысы келетін азаматтарды материалдық қолдау қажет", – деді ол.

Билік қоғам пікіріне құлақ асқаны жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу