Шенділер жетімдерді өз азаматтарымыздың асырауына бермей жатыр

1983

БҒМ дәріптеген портал бұзылып қала береді.  

Шенділер жетімдерді өз азаматтарымыздың асырауына бермей жатыр

Қазақстан 2023 жылы жетімханаларда бірде бір бала қалмайды деп міндет қойған болатын. Ресми мәлімет бойынша кейінгі 5 жылда балалар үйлерінің саны 2,5 есеге азайтылған: егер бұрын олардың жалпы саны 68 болса, қазір 29-ы ғана қалыпты. Министрлік мәліметіне сәйкес, оларда 2021 жылғы 29 наурыздағы жағдай бойынша 16 жасқа дейінгі 3 мың 191 бала тәрбиеленуде.

Алдағы екі жылда балалар үйлерінің бәрі жабылып, орнына отбасылық типтегі орталықтар ашылуға тиіс.

Бірақ олардың саны нақты қанша болатыны әзірге белгісіз: сол тұста өңірлерде мемлекеттің асырауында қалатын тастанды балалар санына қарай 15 не 20 жаңа орталық құрылуы мүмкін деген жорамал жасалуда. Осылайша, Үкімет бәрібір ел қаржысын шығындауға мәжбүрленбек.

Әрине, балаларды асырауға беру ісі өркениетті әрі қарқынды жолға қойылғанда, ондай орталықтар ашуға тура келмес те еді. Себебі, балаларды аялы алақанымен сипап, өз отбасына және қамқорлығына алуға құлшынған қазақстандықтар көп. Ондай ата-аналар қатары кем дегенде 2 мыңға жуық. Кейбірі бірнеше баладан алуға әзір көрінеді.

Олардың тілегі мен сұранысы қанағаттандырылса, жетімханалар бос қалуы да ғажап емес. Бұл жерде статистика бойынша асырауға алынған жетім балалардың 20 пайызы ғана кейін кері қайтарылатынын ескерген жөн. Демек, отбасылық типтегі орталықтарды қаптатып құру бәрібір қажет бола қоймас.

Алайда бала асырап алғысы келетін азаматтарымыздың алдынан көптеген кедергі шығуда. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі "Жетім балалардың деректер банкін" құрған болатын. Ведомство осы арқылы асыраушыларды дағдартқан барлық тосқауыл жойылатынын білдіріп, жаһанға жар салды. Кез келген асырап алушы, қамқоршы, жанашыр жан дәл осы портал арқылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және жетім балалар туралы мәліметтермен танысып, осы жерде оларды асырауға, қамқорлыққа не патронаттық тәрбиелеуге ала алатыны хабарланды. Яғни, бұрын әр жерден жасалып келген жұмыс "бір терезе" қағидатымен жүзеге асуға тиіс еді.

Бірақ өмірде олай оңай болмай тұр. Тастанды балаларды әкелік-аналық мейіріміне бөлегісі келген адамдар енді осы порталдың кедергісіне кезікті. Солардың бірі, бала асырап алуға кандидат Самира Т. өздерін БҒМ-ның осы ресурсы әбден қажытқанын қапалана жеткізді.

"Мен БҒМ-ның rbd-kopd.kz сайтына күн сайын жүгінемін. Ол өте нашар жұмыс істейді. Оның үстіне құрылымы жете ойластырылмаған. Мәселен, анкетаны таңдау мүмкін емес. Үнемі әртүрлі техникалық қателері шығады, жиі ақау болып, бұзылып қалады. Балалардың анкетасын қарау күрделендірілген. Жалпы, қателер сайтты жүктегенде-ақ басталады. Олар ары қарай анкеталарды іздеу, баламен кездесетін күнді таңдау кезінде жалғасады. Сауалнама парақтары бойынша іріктеу сүзгілері не мүлдем жұмыс істемейді, не қате жұмыс істейді, яғни еш іріктеусіз бүкіл анкетаны тегіс бере салады. Сайттың парақшалары өте ұзақ жүктеледі. Ал суреттерді толық жүктемейді", – дейді ол.

Порталды пайдаланушылар техникалық қолдау қызметіне жиі шағымданады екен. Ондағы мамандар бастапқыда себебін түсіндіруге азды-кем талпынса, кейін жауап беруді қойыпты. Яғни, бұл істің басы-қасында жүргендерді жаппай салғырттық пен немқұрайдылық жайлағандай.

Айтпақшы, олар мемлекеттік тілге де "түкіргендей": порталдың қазақша нұсқасы жоқ, тек орыс тілінде жүргізіледі. Бұл қазақтілді азаматтардың құқығын аяққа таптау болса керек.

Порталды "Керемет IT" ЖШС әзірлегені көрсетілген.

"Сайттың тапсырыс берушісіне – балалардың құқықтарын қорғау органына да жүгіндім, олар жағдаймен таныс. Орындаушыларды әшкереленген қателер және пайдаланушылардың шағымдары туралы хабардар етті. Алайда орындаушы мұндай міндетті орындауға қауқарсыз болса керек. Көтере алмас шоқпарды беліне байлағандай. Техникалық тұрғыдан сайт өте қарапайым. Дегенмен, қателері өріп жүр. Қолдануға қолайсыз. Басқаны айтпағанда, ЭЦҚ немесе sms-растауды пайдалана отырып, смартфоннан кіру мүмкін емес. Бұл ақаулар азаматтардың және балалардың тағдырына кері әсер етуде. Техникалық ағаттықтар кесірінен жүрегім қалаған баламен кездесуді дер кезінде брондай алмай қалдым. Биылғы қаңтардан бері ештеңе істей алар емеспін: сайтта міндетті түрде әлденесі істемей қалады", – деп алаңдайды Самира.

Шынында, жақсы балалар үшін күрес жүріп жатқанға ұқсайды. Кейбір пайдаланушылар баламен кездесу күнтізбесіндегі кінәрат кесірінен өзіне ұнаған баламен кездесуді бекіте алмай, артынша ол баладан айырылып қалғанын білген: содан "кандидаттарды өзара алалап, кейбіріне басымдық беріп, жасанды түрде тең емес жағдайлар туғызып жатыр ма?" деген пікір айтылуда.

Бұл шағымдарға БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев жауап қатты.

"Жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды отбасыларға орналастыру мәселесіне қатысты бей-жай қалмағандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Айтылған ұсыныстар "Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкін" жетілдіру кезінде ескерілетін болады", – деп қысқа қайырды комитет басшысы.

Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылованың да жауабы осындай болды.

Вице-министрдің мәліметінше, Қазақстанда 2020 жылдың шілдесінен бастап, әлеуетті асырап алушы ата-аналарға арналған психологиялық дайындық курстары енгізілді. Бұл курстарды балалар үйлеріндегі балаларды қазақстандықтардың отбасына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі аккредиттелген ұйымдар жүргізеді.

"Нәтижесінде, балалар үйінде психологиялық дайындықты ұйымдастыру жүргізіле бастаған 10 ай ішінде 2 мың 655 әлеуетті асырап алушы ата-ана оқудан өтті. Қазіргі уақытта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 52 білім беру ұйымында 1 мың 382 әлеуетті асырап алушыға 128 жаттықтырушы психологиялық даярлау жұмыстарын жүргізуде. Егер баланы жақын туыстары алатын болса, онда психологиялық дайындықтан өтудің қажеті жоқ", – деп түсіндірді БҒМ.

Асырап алуға ынтыққан ата-аналардың психологиялық дайындығын ұйымдастыру ісі министрліктің тұрақты бақылауына алыныпты.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу