Қазақстанда биыл біраз университет жабылғалы тұр

13107

БҒМ өңірлерде тек 15 университетке ғана басымдық бермек.  

Қазақстанда биыл біраз университет жабылғалы тұр

Елімізде 2020/2021 оқу жылында отандық және шетелдік ЖОО-лардың филиалдарды қоса алғанда, 129 жоғарғы оқу орны қызмет етуде. Соның небары 33-і – мемлекеттік. 92-сі – жекеменшік. 4 ЖОО – шетелдік.

Салыстыру үшін айтсақ, 2010 жылы 148 жоғары оқу орны, соның ішінде 32 мемлекеттік, 9 ұлттық, 90 жеке меншік, 2 халықаралық, 12 азаматтық емес ЖОО жұмыс істеген. Онда 595 мыңнан аса студент білім алған.

Ағымдағы оқу жылында жалпы саны 576 мың 557 адам студент атанды. Жынысына қарай тең деуге келеді, тек қыздары шамалы басым – 306 мың 799 не 53,2%-ы. Негізі, 2019/2020 оқу жылына қарағанда студенттер саны тағы 4,6%-ға азайды. Жас дарындардың Ресейге, Қытайға, Түркияға, АҚШ-қа, өзге шет елдерге кету үрдісі жалғасуда.

Министрлік ЖОО басшыларынан пандемия кезінде ақысын төлемегені үшін шәкірттерді оқудан шығармауды сұраған, университеттер оған сонша құлақ аспағандай: қазіргі оқу жылының басында жаңадан 152 мың 789 жас адам студенттер қатарын толықтырды, алайда әртүрлі себептер бойынша былтыр және биыл 115 мың 186 студент оқудан қуылды.

Өңірлік 15 ЖОО ғана биліктен ақша алады

Осы жылы ғылым ордаларының саны да азаятын түрі бар. Бұған БҒМ-ның талапты қатайтуы, пандемия және дағдарыс ықпал етуі мүмкін. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов енді елде тек 15 аймақтық ЖОО-ны дамытатынын жариялады. Олар жаңа "нақты критерийлер бойынша іріктеп алынады". Сөйтіп, олар дарынды жастарды жинайтын өңірлік орталықтарға айналуға тиіс. Осылайша, таланттардың шетелге кетуіне, "ақыл-ойдың сыртқа ағуына" тосқауыл қоймақ ниетте.

Әйтпесе, өңірлерде ЖОО-лардың көбеюі бәсекелестік пен білім деңгейінің артуына ықпал етпеді. Оқыту сапасы төмендеді. Бұларда жақсы білім алмайтынын, мықты мамандық иесі болып шықпайтынын түсінген жастар озық білімнен сусындау үшін өзге елдерге аттануда.

"Нақты критерийлерге сәйкес 15 өңірлік ЖОО-ны іріктеп аламыз. Өңірлердегі білім сапасын арттыру үшін дәл осы университеттерге нысаналы қаржы бөліп, оларды жаңа зертханалармен қамтамасыз етеміз. Ол оқу орындарында жаңа білім бағдарламалары іске қосылады. Сонымен қатар сапасыз ЖОО-ларды жаппай жабу жұмыстары жүргізіледі", – деді БҒМ басшысы А.Аймағамбетов.

Оның мәліметінше, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сай жоғары білім беру жүйесінде академиялық адалдықты бұзған және сыбайлас жемқорлыққа батқан ЖОО-лар әшкереленіп, жазаланады.

Аутсайдер университеттер қайсы?

Осының алдында министрлік ЖОО-лардың 2020 жылғы антирейтингін жариялады. Зерттеу жұмыстарын БҒМ тапсырысы бойынша жұмыс берушілерді қатыстыра отырып, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізді. Рейтингке ІІМ, ҰҚК және Қорғаныс министрлігіне бағынышты оқу орындарынан басқа барлық ғылым ордасы қатысты.

Рейтингті жасау барысында түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері, білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері ескерілді. Зерттеу қорытындысына жүгінсек, 2020 жылы түлектерді жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші өткен жылдар деңгейінде қалған: 71%. Мамандандырылған агенттіктерде бүкіл білім беру бағдарламаларының 73%-ы ғана аккредиттелген. Елдегі оқытушылардың 72%-ы практикалық тәжірибеге ие.

БҒМ дерегінше және жұмыс берушілердің пікірінше, 2020 жылдың аутсайдерлері мыналар:

1.       "Сырдария" университеті

2.       Шымкент университеті

3.       Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті

4.       "Астана" университеті

5.       Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

6.       Академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті

7.       Шет тілдер және іскерлік карьера университеті

8.       Қазақ-орыс халықаралық университеті

9.       Қызылорда қаласындағы "Болашақ" университеті

10.     "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты

"Бұл ретте "Сырдария" университеті, Шымкент университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті және "Астана" медициналық университеті 3-ші жыл қатарынан аутсайдер қатарында. Бұл рейтинг нәтижелері мемлекеттік білім беру грантын бөлуде ескеріледі. 2020 жылы алғаш рет 36 университет мемтапсырыстан қағылды", – деп назар аудартты БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Silkway неге айыпты болды?

Азаматтардан ЖОО-ларға қатысты шағым толастамауда. Мысалы, студент Азамат Сүлеймен өз университетінің тағдырына алаңдайды.

"БҒМ комитеті Silkway халықаралық университетінен жүйелі түрде бұзушылықтарды тауып жатыр. Мысалы, 2020 жылы Шымкенттің әкімшілік соты ЖОО-ға әкімшілік жаза кесті. Бұған қоса, өткен жылғы 2 желтоқсанда министрлік комитеті оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 протокол толтырыпты. Өзім осы оқу орнында оқимын. Бұл мәселе қатты алаңдатады. Осы ЖОО-да нақты қандай бұзушылықтар әшкереленгенін білгіміз келеді. Егер жөнсіздіктері тым салмақты болса, семестрдің аяқталуын күтпей, мемлекеттік университетке ауысып кетуге бола ма? Егер ауыссақ, оқу ақысы қымбаттай ма? Егер университет сапасыз білім берсе, студенттердің төлеген барлық ақшасын қайтаруы керек қой", – дейді Азамат.

БҒМ комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова осы университетке жоспардан тыс тексеріс жүргізілгенін растады. Бірақ бұзушылықтардың қаншалықты ауыр екенін айтпады.

"Тексеріс нәтижесінде анықталғандай, Silkway білім беру қызметінде министрдің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығымен бекітілген типтік қағидаларды, сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын бұзған. Бұдан бөлек, оқыту қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына жауап бермейді. Студенттер қаласа, жазғы және қысқы каникул кезінде бір ЖОО-дан екіншісіне ауыса алады. Ал егер ЖОО жойылса немесе лицензиясынан айырылса, оның студенттері оқуын жалғастыру үшін ағымдағы семестр кезінде басқа ЖОО-ларға көшіріледі. Студенттер, магистранттар, резидентура тыңдаушылары және докторанттар басқа ЖОО-дан ауыстырылса, олар білім грантының құнындағы айырмашылық үшін қосымша төлем жасауға тиіс болады", – деді Г.Көбенова.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу