Берілген грантқа талапкердің көңілі толмады
Екі күннен кейін оқушылармен қатар студенттер де партаға отырады. Биылғы жылы мемлекет ел тарихында бұрын-соңды болмаған көлемде грант бөлді: 2021–2022 жаңа оқу жылы үшін бакалавриат бойынша 56 мың жасты бюджет есебінен тегін оқытуға мемтапсырыс орналастырылды. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы 51 мың білім гранты бөлінген еді.
Осы 56 мың орынға 75 мыңнан астам талапкер үміттенген. Бұл сан 2020 жылғыдан 13 мыңға көп. Нәтижесінде, кейбір мамандықтар бойынша бір орынға 5-6 баладан таласқан.
Гранттардың молайтылуы сөзсіз, игілік. Бірақ ол кейбір жастарға проблема әкеліпті: жоғарғы оқу орындары бірқатар мамандықтар бойынша бірінші курстарды тегіс грант иелерімен толтырып, ақылы оқитын студенттерді қабылдамаған: гранттар саны өскенімен отандық ЖОО-лардың сыйымдылығы – шәкірт қабылдау әлеуеті шектеулі.
Бұған қоса, грант иеленгендер де таңдаған университеті мен мамандығына іліге алмай қалған жағдайлар кездесуде. Ақтолқын Жақытова өз баласы Қазақстан-Ресей медициналық университетіне "Қоғамдық денсаулық сақтау" факультетінде оқуға грант жеңіп алғанын айтады. Әйткенмен ол гранттан бас тартпақ ниетте. Неге?
"Себебі ол денсаулық сақтау менеджері емес, нағыз дәрігер болуды армандады. Жалпы, жастар жолыққан бұл қиындыққа өтінішті eGov арқылы электронды түрде тапсыру бағдарламасын әзірлеушілер кінәлі деп санаймын. Биыл БҒМ жаңа схеманы енгізді: соған сәйкес, ұлым әртүрлі 4 ЖОО-ға бір мамандық бойынша өтініш толтырды. Алайда жүйе барлық университетте бір факультетті таңдауға рұқсат етпейтін болып шықты. Таныс барлық талапкерлер тіпті eGov-қа кіруден қиналды: ол бірнеше күн бойы ілініп тұрып қалды. Салдарынан, ұйымдастырушылар өтініштерді қарау мерзімін бұзып, оны ұзартуға мәжбүр болды", – деп әңгімеледі ана.
"Қаламаған мамандықты таңдауға мәжбүрлейді"
Оның ұлы бірінші өтінішін уақытында тапсырып, жауабын ұзақ күткен екен. Ақырында ол өтініштің әлгі айтылған себеппен қабылданбағаны белгілі болған. Осындай кедергіге өзге де жастар кезікті. Дау әлеуметтік желіні дүбірге бөлегені мәлім.
"WhatsApp-ыма осыған байланысты министрлік өкілі Жанна (БҒМ-ның Мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру басқармасының басшысы Жанна Есенбаева) хабарласты. Оның көмегімен ұлым қабылдау мерзім аяқталуына соңғы сәттер қалғанда екінші өтінішін жолдап үлгерді. Бұл жолы өтініш өтуі үшін 4 ЖОО-ның әртүрлі факультеттерін белгілеуге тура келді. Біріншісі ретінде ұлымның өзі қалаған университеті мен мамандығы көрсетілді. Қалғандарына ынта-ықыласы жоқ, бірақ өтініш толуы үшін қажетті оқу орындары мен мамандықтарын жаза салды. Ұлым ҰБТ-да жиған жоғарғы 133 балымен қалаған университеті мен мамандығына түсе алатын еді. Неге екені белгісіз, грант кейін тұрған ЖОО мен факультет бойынша беріліпті", – дейді А.Жақытова.
Ол өзіне Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Д.Смағұлов хабарласып, түсініктеме бергенін айтады.
"ҰТО өкілі ұлымның биыл оқуға түсуден бас тарта алатынын, ал келесі жылы сол сертификатпен өзі таңдаған мамандыққа түсуіне мүмкіндігі барын айтты. Енді ҰБТ сертификаты тек 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана жарамды екені, оның күші келесі жылға тарамайтыны анықталуда. Бір жыл мына мамандықта оқып, алдағы жылы одан бас тартып, қалаған мамандығына қайта тапсыру да күрделі екен: ол жағдайда бір жыл оқығаны үшін грант және стипендия сомасын мемлекетке қайтаруға тура келетін болып шықты. Өкініштен өзегіміз өртеніп отыр десек, жұмсарта айтқандық болар еді. Естен тана жаздап отырмыз! Жүйедегі олқылық кесірінен жастар армандаған мамандығымен қош айтысуға мәжбүр", – дейді ана.
Расында, бұл жүйенің кінәраты талай жастың өмір жолына кесірін тигізуі мүмкін. Мысал үшін офтальмолог болғысы келген талапкерге стоматолог бойынша грант беру – болашақ мамандарға қамқорлықтан гөрі, бала тағдырымен ойнап, әжуалауға көбірек келеді.
Жоғары балымен ЖОО-ға түсе алмай қалған жас жетерлік.
"Мен биыл ҰБТ тапсырып, 106 балл алдым. Еуразия ұлттық университетіне "Архитектура және құрылыс" мамандығы бойынша құжат тапсырғанмын. Белгісіз бір себептермен, жоғарғы 106 балыммен конкурстан өте алмай қалыппын", – дейді Мансура Маратқызы.
Білім және ғылым министрлігінің түсіндіруінше, биылғы жылы жалпы конкурста "В073 – Архитектура" білім бағдарламалары тобында өту балы 110-ды құрады. Тиісінше, одан төмен балл жиған талапкерлер грантқа ілікпеген.
Ақылы оқығысы келетіндер неге сырт қалды?
Қынжылтатыны сол, жоғары балы барлардың біразы тіпті ақылы негізде де оқи алмайды. Ал ақылы негізде оқуға түсу де жастар үшін маңызды: өйткені қазіргі грант иелері оқудан шығарылса не басқа себептермен грант босай қалса, ол жазғы не қысқы каникул кезінде ақылы білім алатын студенттер арасында бөліске салынады.
Көптеген студент ол мүмкіндіктен айырылыпты.
"БҒМ әзірлеген, биыл алғаш енгізілген бағдарламалық қамтылым кесірінен" балалары ақылы оқуға түсе алмай қалған ата-аналар тобы Үкімет мүшелеріне шағымданып жатыр.
"Кешенді тестілеуде жақсы балл жинаған біздің балаларымыз жоғары білімнен тыс қалуда. Олар Нұр-Сұлтандағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде "Архитектура" мамандығы бойынша түсу емтихандарын табысты тапсырды. Бұл мамандықта өту балы жоғары болып, балаларымыз грантқа өтпеді. Содан аталған университетте ақылы негізде оқуға шешім қабылдады. Алайда 16 тамызда университеттің қабылдау комиссиясы 43 талапкерді ақылы негізде оқуға қабылдаудан бас тартылғанын хабарлады. Себебі мамандыққа бөлінген орындар толған: "Архитектура" мамандығы бойынша мемлекеттік тілде оқытуға 53, орыс тілінде оқытуға 54 грант иегері қабылданыпты. Нәтижесінде, гранттар санының көптігін алға тартып, ЖОО әкімшілігі біздің балаларымызды ақылы оқуға қабылдамауға ұйғарды", – дейді Николай Мозговой.
Бұл деректі басқа бір талапкердің анасы Дина Сопбекова да растайды.
Балаларының оқудан шет қалғалы тұрғанын түсінген ата-аналар дереу жапсарлас "Дизайн" мамандығына өтініш тапсырады.
"Өйткені бұл мамандықтар аралас болып табылады және бұрындары студенттер біреуінен екіншісіне оңай ауысып жүретін. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ биылдан бастап "Дизайн" мамандығын жауып тастапты. Содан балаларымыз құжаттарын елордадағы Астана халықаралық университетіне (AIU) тапсырмақшы болды. Алайда AIU қабылдау комиссиясының техникалық хатшысы бағдарлама біздің балаларымызды қабылдаудан бас тартқанын мәлім етті. Себебі жүйе "Архитектура" мен "Дизайн" мамандықтары арасында техникалық байланысты қолдамайды. Ол талапкерлердің құжаттарын өткізбейді, базадан шығарып тастай береді", – дейді ата-аналар.
Ал ЖОО-лардың қабылдау комиссияларына электронды жүйені айналып өтіп, сәулет бойынша тест тапсырғандардың құжатын безендіру мамандығына өз қолдарымен қабылдауға тыйым салынған. Бұл ретте екеуінің де бейінді пәндері бірдей екенін "құлтемір" ескермейді. Мысалы, "Архитектурада" 1-ші емтихан сурет салу, 2-шісі – сызу болса, "Дизайнде" 1-шісі сурет пен кескіндеме, 2-шісі – сызу немесе композиция.
Осылайша, БҒМ бағдарламасының жөнсіздіктері жоғары балл жиған жастарды көздерін жасқа бұлауға, ата-аналарды "аһ" ұруға мәжбүр етті.
Жанат Ардақ