Сапасыз университеттерді жаппай жабу жеңілдемек

3871

ЖОО-лар лицензиясының жарамдылық мерзімі мен оны тоқтатудың шарттары белгіленбек.  

Сапасыз университеттерді жаппай жабу жеңілдемек

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстандағы әрбір нарықта қаншама көпіршік қамырдай күмпиіп, ақыры жарылды. Соның бірі жоғарғы білім беру қызметтері нарығында қалыптасқаны мәлім.

Мысалы, азаттыққа қол жеткен 1991 жылы республикада 61 ЖОО ғана болған. Арада он жыл өткенде, 2001 жылы олардың саны – 182-ге жетті. Яғни салада көпіршік пайда болды.

"Университеттер санының бұлайша күрт өсуі білім сапасының күрт төмендеуіне және нашар дайындалған мамандардың еңбек нарығына қаптап шығарылуына әкелді. Біріншіден, білім сапасының нашарлауына – лицензиялардың қолданыс мерзімінің шектелмеуі қатты әсер етті. Бүгінде ЖОО-ларға арналған біліктілік талаптары 70%-ға жаңартылды, алайда лицензиялар ондаған жыл бұрын алынған. Нәтижесінде, бірқатар университет лицензия алғалы бері өз дамуына инвестиция салмаған, материалдық-техникалық базасын жаңартпаған, білім беру процесіне жоғары білікті маман-практиктерді, дәрежелі профессор-оқытушыларды тартпаған", – деп дәйектеді Білім және ғылым министрлігі.

Оның ұстанымынша, дамуға қомақты қаражат салмау жеке ЖОО-ларға барынша көп студент тарту үшін оқудың шектен тыс төмен құнын белгілеуге, яғни демпинг жасауға мүмкіндік береді. Айталық, өңірлердегі кейбір оқу орындары ақылы бөлімдердегі студенттерді жылына 90 мың теңгеге (шамамен 200 доллар) оқытып келген.

"Көптеген жоғары оқу орны тіпті мемлекеттік тапсырыс, грант алуға арналған конкурстарға да қатыспайды немесе одан бас тартады, осылайша олар пайдаланылған қаржы үшін есеп беруден, тексерулерден жалтарады. Олардың көпшілігі нарықтың қажеттіліктеріне бағдарланған сапалы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мән бермейді. Қазіргі уақытта әскери оқу орындарынан басқа ЖОО-лар мемлекеттік аттестаттаумен қамтылмаған", – деп түсіндірді БҒМ.

Жаңа бастама нені діттейді?

Екіншіден, Тәуекелдерді бағалау жүйесіне (ТБЖ) негізделген мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы форматы ескерту-профилактикалық сипатта болып келеді. Бұл саладағы жемқорлықты тұсаулау, бизнестің өркендеуі жолындағы кедергілерді жою мақсатында жасалған еді. Оған сәйкес, мембағалау қорытындысында бұзушылықтар анықталса, бұрынғыдай әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалмайды. Алдымен университетке анықталған олқылықтарды жою туралы нұсқама жолданады. Одан кейін министрлік жоспардан тыс тексеру жүргізуі керек, оның нәтижесінде бұрынғы нұсқамасы мен талаптары орындалмаған деген ұйғарымға келсе, оның бұл шешіміне қарсы университет сотқа шағым түсіреді.

Оның үстіне әртүрлі инстанцияларға бірнеше рет талап арыз түсіріп, уақыт созуы мүмкін. Осы кезеңде жаңа студенттер легін қабылдай береді. Салдарынан, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының да, біліктіліктің де талаптарына сәйкес келмейтін білім ұйымдары ұзақ уақыт бойы өз қызметін жалғастырады.

Қорыта айтқанда, БҒМ байламынша, білім беру заңнамасындағы басты бір кемшілік – ЖОО-лардан ондаған жыл бұрын алған лицензиясын заманауи біліктілік талаптарына сай екенін растай отырып, қайта рәсімдеу талап етілмейді. Сондай-ақ лицензияны тоқтату, одан айыру, кері шақыртып алу шарттарын нақты белгілейтін нормалар да жоқ.

"ЖОО-ларды лицензиялаудың қолданыстағы моделі нарықтағы өзгерістерге уақтылы ден қоюға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты ЖОО-лардың білім беру қызметін лицензиялауды қайта қарау талап етіледі. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы 2021 жылғы 10 ақпандағы тиісті қарарымен мақұлдады. Сондай-ақ ел Президенті биылғы 29 шілдеде Білім және ғылым министріне жосықсыз жоғары оқу орындарын жабу жөніндегі жұмысты күшейтуді, лицензияларын қайтарып алу рәсімін жеңілдету үшін заңнамалық түзетулер енгізу мәселесін қарауды тапсырды", – деп хабарлады министрлік.

Президент биылғы жолдауында да ЖОО-лардың білім беру сапасы үшін жауапкершілігін күшейту міндетін қойды.

Осыған орай БҒМ "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. 

Құжаттың бірнеше елең еткізерлік жаңалығы бар: біріншіден, ЖОО-ларға арналған лицензиялардың қолданыс мерзімі енгізіледі. Тиісінше, лицензиясының жарамдылық мерзімі біткен ЖОО-лар оны қайта рәсімдемесе, жұмысын жалғастыра алмауы мүмкін.

Екіншіден, қазіргі "лицензияларды автоматты түрде қайта ресімдеу" тәжірибесінің күші жойылмақ. Қайта рәсімдеу үшін біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі деп күтілуде.

Үшіншіден, ЖОО-ны лицензиядан айыру жөніндегі функциялар уәкілетті органға – БҒМ-ға беріледі.

Төртіншіден, ЖОО жабылған жағдайда білім алушыларды өзге университеттерге ауыстыру бойынша міндетін орындамағаны үшін құрылтайшыларға жаза – әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылды.

Қанша университет жабылды?

Сонымен қазіргі кезде елімізде 122 жоғарғы оқу орны бар. Олардың лицензиясына 2 545 қосымша берілген. Сөйтіп бакалавриат даярлау бағыты бойынша – 1 368, магистратура және резидентурада – 839, докторантурада – 338 лицензия мен қосымша күшінде.

Кейінгі жылдары талапты күшейту нәтижесінде лицензияны және оған қосымшаны беруден бас тарту деректері артқан. Айталық, 2018 жылы бұлардың 284-і берілсе (өтініштердің 17,7%-ы ғана қанағаттандырылған), дәлелді бас тартулар – 1 326-ны құрады (82,3%). 2019 жылы – 19-ы (11,2%) берілді, бас тартылғаны – 150 (88,8%). 2020 жылы – 10-ы (8,2 %) ғана берілді, бас тартылғаны – 112 (91,8%).

Бұл жайт өтініш берушілердің біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты көрінеді. Бас тарту негіздері ұқсас: білім беру бағдарламалары тізілімде тіркелмеген болып шықты, оқытушылардың біліктілігін арттыру ісі жолға қойылмаған, білім беру бағдарламасының пәндері бойынша оқытушылары жоқ. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ұйымдармен ынтымақтастық, отандық және шетелдік тағылымдамадан өту қарастырылмаған. Материалдық-техникалық жарақтандыру дәрежесі нашар.

Министрлік қолданыстағы ЖОО-ларға мемлекеттік бақылау жүргізіп тұратыны мәлім. 2020 жылы профилактикалық бақылау – 25, ал 2021 жылы – тағы 25 ЖОО-да өткізіліпті.

Нәтижесінде, сапасыз білім беретін 14 жоғары оқу орны жабылып, 94 мыңнан астам студент оқуын жалғастыру үшін басқа ғылым ордаларына ауыстырылды. Сонымен қатар 59 ЖОО-ның бейінді емес бағыттар бойынша 362 лицензияға қосымшалары кері қайтарылды.

Жоғарғы білім беру саласындағы көпіршік жарылуын жалғастыруда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу