Қазақстанда ресейлік ЖОО-лар заңсыз істеуде

7240

Білім нарығына көршінің басқыншылығына тосқауыл қойыла ма? 

Қазақстанда ресейлік ЖОО-лар заңсыз істеуде

Бұдан былай егер Ресей Федерациясы қазақ жерінде өз университетінің филиалын ашқысы келсе, онда өзінде қазақстандық университет бөлімшесін ашуы міндет болмақ. Яғни, "одақтас" екенімізді пайдаланып, отандық білім саласына біржақты баса-көктей ене беруіне тоқтау салынуы мүмкін. Екі ел арасындағы жаңа уағдаластық осыны көздейді.

Қазақстандықтардан мемлекетімізде заңсыз жұмысын жолға қойып алған ресейлік ЖОО-ларға қатысты шағым көбейе бастаған.

"Балам 2020 жылы 11-сынып бітіреді. Шетелге оқуға кеткісі келмейді. Сондықтан Қостанай қаласында жұмыс істеп жатқан Челябі мемлекеттік университетінің филиалына оқуға түсуді жоспарлап отыр. Бірақ адамдар ЧелМУ елімізде рұқсатсыз, лицензиясыз жұмыс жасап жатыр дегенді айтады. Ал ресейліктер оны мойындамайды. Филиалдағы бізбен әңгімелескен қабылдау комиссиясының мүшелері де, ЖОО ректоры да еш қорықпау керектігіне сендірді, олардың айтуынша, біз университетке еркін түсе аламыз, ол үшін ҰБТ-ны тапсырғанымыз туралы сертификаттың да қажеті жоқ. Егер жергілікті билік филиал жұмысына кедергі келтірсе, кез келген ресейлік ЖОО-ға ауысып, оқуды сонда тәмамдай алатынымызды айтады", – дейді қостанайлық Александр Михайличенко.

Қазақстандық билік елімізде ресейлік университеттердің еш рұқсатсыз, бірақ емін-еркін әрекет етіп жатқанын білмейді емес, біледі.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұртшылықтың сұрауына орай өз блогында осыған қатысты жауап берді. Министр ЖОО филиалдарының қызметі туралы Ресей Федерациясымен арадағы екіжақты келісімге әзірге қол қойылмағанын мәлімдеді.

"Челябі мемлекеттік университетінің Қостанайдағы бөлімшесі елімізде лицензиясыз қызмет жасауда. Онда алынған дипломдар Қазақстанда тек "тану рәсімінен" өткеннен кейін ғана заңды күшіне ене алады. Ал Ресей аумағында берілетін дипломның қаншалықты заңды болатынын білу үшін РФ уәкілетті органына жүгіну керек", – деді Асхат Аймағамбетов.

2019 жылдың соңында Қостанай облыстық соты ЧелМУ филиалының аппеляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартып, лицензиясыз қызметті жүзеге асырғаны үшін оны әкімшілік жазалады.    

Былтырғы тамыз айында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ресейлік ЖОО-ны тексеруді талап етіп, бастама көтерді. Прокуратура тапсырма бергеннен кейін, БҒМ тексеріс жүргізуге кірісті. Нәтижесінде, сот ЧелМУ қостанайлық бөлімшесіне 63 мың 125 теңге айыппұл салды. 

Қазіргі кезде ЧелМУ ҚФ-да 3 мың 500-ден астам студент оқып жатыр. Оның директоры Раиса Төлегенова "алаңдауға еш негіз жоғын, оқу орны жұмысын жалғастыратынын" жеткізді. Өйткені сот тек айыппұл салған, ал қызметті тоқтату не тоқтата тұру туралы үкімде бір сөз жоқ.

Қазақстанда лицензиясыз бала оқытып жатқан ресейлік университеттердің филиалдары жетерлік. Бүгінде кем дегенде бесеуі белгілі. Мысалы, 2019 жылдың аяғында Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің Өскемен филиалы да еш лицензиясыз және оқу жоспарынсыз қазақстандық балаларды оқытумен айналысқаны анықталды. Соттағы қарау кезінде филиал директоры Алима Әліпова ЖОО Ресей стандарты бойынша жұмыс істейтінін, сондықтан қазақстандық лицензияны алуға міндетті емес екенін мәлім етті. Бірақ судья бұл байламмен келіспеді. Сол себепті ресейлік бөлімше өкілдері биылғы түлектерге дипломын елде алуға рұқсат етуді сұрады. Қалған студенттерді Ресей ЖОО-ларына ауыстыру қарастырылмақ.

Жалпы, бүгінде Ресейдегі ЖОО-ларда шамамен 74 мың қазақстандық оқып жатыр. Оның 44 мыңдайы ақылы негізде, яғни өз ақшасын солтүстік көршінің білім нарығына төгуде.

Іргедегі алпауыт еліміздегі білім ордаларын жаппай заңдастырып алуға көптен күш салып келеді. 2010 жылы осы мақсатта екі елдің білім және ғылым министрліктері өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылып, ол тиісті келісім жобасын түзуге кірісті. Ал 2019 жылдың қарашасында Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастығының халықаралық форумында президент Владимир Путин Қазақстанда алда ресейлік мектептер мен университеттер ашу ойлары бар екенін жариялай келе, неге екені белгісіз, оның үлгісі ретінде Қостанайдағы ЧелМУ филиалын атады.  

БҒМ дерегінше, "РФ жоғары білім беру ұйымдары филиалдарының Қазақстанда және Қазақстанның жоғары білім беру ұйымдары филиалдарының РФ-да жұмыс істеуі туралы келісім" жобасы дайын. Қазақстан Үкіметі атынан оған қол қою білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жүктелетін болады.

Құжат қабылданса, екі ел арасында "теңдік" орнайды: "тараптардың жоғары оқу орындарының филиалдары тең негізде ашылады".

Бірақ осы келісімнің күші Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің елордадағы филиалына және "Мәскеу авиациялық институты" ұлттық зерттеу университетінің Байқоңыр қаласындағы "Восход" филиалына қолданылмайды. Олардың қызметі басқа келісімдермен реттеледі.

Дегенмен, қабылданғалы тұрған келісім жобасына зер салғанда, "теңдіктің" жоғын байқауға болады: Ресей ЖОО-сының Қазақстандағы филиалында оқыту орыс тілінде жүргізіледі. Бұл ретте "Қазақ тілі" мен "Қазақстан тарихы" міндетті пән ретінде оқытылуға тиіс. Қазақстан ЖОО-сының РФ аумағындағы филиалында да оқыту орыс тілінде жүргізіледі және "Орыс тілі" мен "Ресей тарихы" міндетті түрде оқытылады.

Қазақстандық тараптың РФ филиалдарына мемлекеттік аттестация жүргізуіне тыйым салынбақ.

Келісім қазақ және орыс тілдерінде бекітіледі. Алайда "Келісімнің мәтінін түсіндіруде алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады".

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу