Көшбасшы мен аутсайдер ауысып тұрады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5216

Кәсіпкерге қай ЖОО-ның кадры құнды?  

Көшбасшы мен аутсайдер ауысып тұрады

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ЖОО нарығындағы ісі ұтымды, маманы өтімді университеттерді анықтады, сонымен бірге маңызы мардымсыз, қарымы пәрменсіз аутсайдерлерді де атады.

Жалпы алғанда, 2018 жыл қорытындысы бойынша "Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламаларының рейтингін" түзу барысында бизнес үшін аса қажетті кадрлар даярланатын 92 мамандық қамтылыпты, бұдан бөлек 2 мыңнан астам оқу бағдарламаларына баға берілген. Осы орайда еліміздің барлық өңіріндегі 700-ден астам сарапшының пікірі ескеріліпті. 

"Бағалаудағы ең басты өлшемшарттың бірі – бітірген түлектердің жұмысқа орналасу пайызы болды. Сонымен бірге олардың алатын жалақыларының орташа деңгейі де есепке алынды. Бұл нарықтың және бизнестің қандай да бір ЖОО-ның түлектеріне деген сұранысы мен оларды жұмысқа шақыруға мүдделілігінің өзіндік бір өлшеміне айналды", – дейді "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Жоғарғы білім беру нарығына ұлттық палата жүргізген зерттеу барысында бірқатар ЖОО-лардың бағдарламалары мүлдем ескіріп қалғаны немесе заманға сай қайта пысықтауды талап ететіні анықталды. Әсіресе бұл техникалық мамандықтарға қатысты екен.

"Отандық жоғарғы білім мен ғылым ордаларының 8800 түлегіне сұрау салынды. Біз Қазақстандағы барлық ЖОО-лар мен барлық мамандықтарды қамтыдық. Рейтинг аясында түлектердің 35,4%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні, тағы 40%-ы ЖОО бітірген соң, 12 ай бойы жұмыс таба алмағаны белгілі болды", – деді Олжас Ордабаев.

Көбінесе ауыл шаруашылығы ғылымдары (51,06%) мен қызмет көрсету саласының түлектері өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін көрінеді. Одан кейінгі орында техникалық ғылымдар мен технология мамандықтары (41,97%) тұр. Ал әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес салалары бойынша оқытылған түлектер арасында бұл көрсеткіш 40,24%-ды құраған. 

Жалпы алғанда, еліміздегі 68 ЖОО өз түлектерінің жұмысқа орналасуы бойынша 50%-дан төмен көрсеткішке ие.

ҰКП зерттеуі көрсеткендей, орташа жалақы көлемі әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес салаларында шынында 114 721 теңгені, техникалық ғылымдар мен технологияда – 149 963 теңгені, құқық саласында 89 434 теңгені, қызмет көрсету саласында 98 180 теңгені, ал ауыл шаруашылығы ғылымдарында небары 77 045 теңгені құрайды.

Жұмысқа орналасудың барлық 92 мамандық бойынша орташа көлемі 67,4 пайызды ғана құрап отыр.

Бір ғажабы, соның ішінде ең төменгі көрсеткіш "кеден ісі" мамандығында тіркелді: бар-жоғы 41 пайыз. Өйткені бұл мамандықты бітіргендер қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті жүйесіне күні қарап қалады. Бұл жүйеге кірсе, кірді, тұра алмаса, басқа салаға бет бұруға мәжбүр.

"Егер рейтинг нәтижелеріне тоқталсақ, Narxoz, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің, Рудный индустриалдық институтының, Алматы менеджмент университеті, Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының түлектері нарықта өздерін жақсы сезінетіні байқалады. Рейтингті Маңғыстау гуманитарлық техникалық университеті, Орталық Азия университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті, Астана университеті, "Болашақ" университеті тұйықтайды", – дейді Олжас Ордабаев.

Ол "Атамекен" ҰКП осы тәрізді рейтингті жыл сайын жүргізетінін, оның барысында көшбасшылар мен айтсайдерлер қатары өзгеруі мүмкіндігін ескертті.

Атап өтер жайт, ұлттық палатаның бұл рейтингінің құндылығы сонда, білім және ғылым министрлігі алда мемлекеттік білім беру грантын үлестіру кезінде дәл осы рейтингті ескеретін болады. Сондай-ақ "Атамекен" оның негізінде жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламаларын жаңғырту үшін ұсыным түзбек.

Рейтингтегі көшбасшы мен аутсайдер кімдер екенін https://atameken.kz/ru/services/44-rejting-obrazovatel-nyh-programm-vuzov сілтемесінен танысуға болады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу