Көршінің дағдарысы неге Қазақстанның проблемасына айналды?

17132

Тек біздің еліміз Ресеймен мемлекетаралық келіссөз жүргізуге мәжбүр.  

Көршінің дағдарысы неге Қазақстанның проблемасына айналды?

Өткен жылы Мәскеу пандемиямен күрес аясында шетелден студенттерді қабылдауды тоқтатты. Нәтижесінде, басым көпшілігінде посткеңестік елдерден, сондай-ақ ішінара Кубадан, бірқатар Азия және араб елдерінен бірен-саран білім қуған жастар бұл елге кіре алмай қалды.

Айта кету керек, Ресейдің шетелдік шәкірттер үшін шекарасын тарс жапқанынан әлем елдері түк қиналған жоқ. Әрине, Қазақстаннан басқасы. Ал Қазақстанда бұл үлкен проблемаға айналды. Неге?

РФ Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, қазақстандықтар – саны жөнінен Ресейде оқитын шетелдік студенттер арасында бірінші орын алады. Дүниежүзінде бірде бір мемлекет дәл Қазақстандай ресейлік жоғарғы білім жүйесіне тәуелді емес.

Қазақстан елшілігінің дерегінше, 2020 жылы Ресейдің әртүрлі жоғарғы оқу орындарында шамамен 74 мың қазақстандық студент оқып жатты.

Сондықтан балалары солтүстік көршінің жоғарғы оқу орындарындағы оқуын жалғастыра алмай қалғанда, олардың ата-аналары қатты  дүрлігіске түсіп, қоғамдық пікірдің үлкен толқынын көтерді. Олар ел Үкіметінен Кремльдің өзіне жүгініп, қазақстандық студенттердің кіруіне рұқсат сұрауды, содан кейін бұларды тасып жеткізетін арнайы ұшақтар бөлуді, жеке чартерлер ұйымдастыруды талап етті. "Көп қорқытады" деген бар. Ел Үкіметі олардың дегенін орындауға мәжбүр болды.

2020 жылғы көктемде коронавирус індеті әлемді тұтас жапқанда, перзенті шетелде білім алып жатқан ата-аналар мемлекеттен балаларын аман алып қалуды жаппай өтінгені мәлім. Содан Қазақстан репатриациялық рейстер ұйымдастырып, бюджет қаражатын шығындап, студенттерді эвакуациялады. Енді баласының болашағын ресейлік білім жүйесіне табыстаған ата-аналар кері процестің жүруін қалайды. Неге? Ресейде дипломдық жұмыстар басталған, оның аясында болашақ түлек өз білімін арнайы жабдықталған бөлмелерде, зертханаларда паш етуге тиіс екен. Ал мұны қашықтан жасау мүмкін емес.

Мысалы, Майра Дүйсекенова, Тоқсұлу Бисенова, Наталья Жейнова жетекшілік еткен атыраулық бастамашыл топ (мұндай топтар барлық өңірде құрылған) осы шәкірттердің жағдайын түзеуге күш салды. Олардың балалары да РФ ЖОО-ларында білім алуда.

"Қазіргі уақытта Ресей мен Қазақстан арасында әуе қатынасы қайта қалпына келді. Біз "Эйр Астана" мен "Аэрофлот" жүзеге асыратын авиарейстерге билет алуға тырыстық. Бірақ оны табу қиын. Ресейлік көптеген ЖОО шетелдік студенттерді қашықтан оқытуда. Әйткенмен, бұл жарамайды. Біріншіден, бұдан білім сапасына нұқсан келуде. Екіншіден, енді лабораториялық және практикалық сабақтар өтіп жатыр. Оларға студенттің өзі қатысуы міндет", – дейді Майра Дүйсекенова.

Оның айтуынша, былтыр ел Үкіметі Нұр-Сұлтаннан және Алматыдан Мәскеуге, Петерборға арнайы чартерлік рейстер ұшырып, студенттерді тасымалдаған көрінеді. Алайда оған өзге өңірлердің студенттері жиі сыймай қалып отырған. Тиісінше, әрбір өңірден жеке чартерлік рейс ұйымдастырылса деген ұсыныс айтады.

Бастамашыл топтар ата-аналармен хабарласып, Ресейге оқу үшін барғысы келетін балалардың тізімін жасап, жеке деректерін жинап та қойыпты.

"Көптеген бала – бірінші курс студенттері. Олар бөтен елге әкесін не шешесін ерте барғысы келеді. Атыраудан Мәскеуге ұшуы керек студенттердің өзінің саны 186 адамнан асты. Бұған ілесе баратын ата-аналарын қоссақ, адам саны тек өсе бермек", – дейді Наталья Жейнова.

Осы жағдайға байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасады. Онда отандық дипломаттар Ресей Федерациясының ЖОО-ларында білім алып жатқан қазақстандық студенттерді оқуын қашықтан жалғастыра беруге шақырды. Сондай-ақ Қазақстанның сұрауымен жүргізілген мемлекетаралық келіссөздердің қорытындысын жариялады.

"Қазақстанның Мәскеудегі дипломаттарының Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрлігінің (ҒЖБМ), РФ Оқу-ағарту министрлігінің, ресейлік жетекші ЖОО-лардың басшылығымен өткізген келіссөздерінің қорытындылары бойынша келесіні хабарлаймыз. Ресей тарапы "қазіргі уақытта эпидемиялық жағдайға байланысты Ресейге келу мүмкіндігі жоқ қазақстандық студенттер ары қарай да қашықтан оқи алады" деп сендірді. Атап айтқанда, ҒЖБМ ресейлік университеттерді мұндай студенттер үшін жеке оқу жоспарларын жасауға немесе оларға академиялық демалыс беруге шақырды. Сондай-ақ, қашықтағы форматқа көшуге байланысты оқудан ешкім шығарылмайтын атап өтілді. Оқу бітірген кезде де Ресейге кіре алмайтын түлектер үшін дипломдық жұмыстарды қашықтықтан қорғау қарастырылған", – деді СІМ.

Нұр-Сұлтан солтүстік көршіге өз бетінше ұшып барған қазақстандық студенттердің коронавирусқа қатысты ПТР-тестілеуін ұйымдастыру және олар 14 күндік карантинге жабылуы үшін жатақханалардан орын беру туралы Мәскеумен уағдаластыққа қол жеткізіпті.

"Біздің Мәскеудегі елшілік қазақстандық студенттердің басындағы барлық жағдайды бақылауда ұстауда. Жұмыс жалғасуда. Қазақстандықтарды оқудан шығарып тастап жатса, әр жағдай жеке тәртіппен қаралатын болады", – деді еліміздің сыртқы саясат ведомствосы.

Ресей мемлекетаралық уағдаластықтарды үнемі сақтай бермейтінін уақыттың өзі көрсетті. Демек, Қазақстан Үкіметінің "бас ауруы" жалғасуы әбден мүмкін.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу