ЖОО-лар табысы қаншаға жетті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4870

Қазақстандық университеттер мен академиялардың табысы күрт артуда.

ЖОО-лар табысы қаншаға жетті

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылғы екінші тоқсан, яғни үш ай ішінде ғана жоғарғы оқу орындарына 73,9 миллиард теңге кіріс құйылды. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 68,7 млрд теңге болған. Яғни, 7,7%-ға ұлғаюда.

Бұл ретте осы миллиардтарды өзара бөліске салушылар қатары азайып келеді. Мәселен, білім және ғылым министрлігінің дерегінше, осыдан он жыл бұрын – 2008 жылы Қазақстанда 167 ЖОО жұмыс жасапты. 2011 жылы бұл сан 146-ға дейін кеміген. 2015 жылы олардың сапы тағы селдіреп, 127-ге дейін құлдырады. 2016-2017 оқу жылында 125 болса, ал қазіргі кезде тек 122 ЖОО ғана бар.

Және бұлардың қатары ары қарай азая бермек. Сарапшылардың байламынша, бұл секторды алда біраз ғылым ордаларының бір-бірімен бірігуі процесі күтіп тұр, тағы біршамасы жабылып қалмақ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі таяудағы елдегі ЖОО-лар санын қысқарту және оқу орындарының санынан сапасына көшу туралы тапсырма бергені мәлім. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұны растайды. Оның айтуынша, енді ЖОО-лар санының өсуі болмайды. Бұған алда парламент қарайтын жаңа заң ықпал етпек.

"ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту жөніндегі жаңа заң жобасы елдегі жоғарғы білім сапасын арттыруға тиіс. Белгілі бір бағыттарда өте көп ЖОО-лардың шоғырлануы жүреді, соның нәтижесінде олардың табиғи жолмен белгілі бір салаларға мамандануы жүзеге асады. Бұл – бірінші кезең болмақ. Екінші кезеңде олардың саны қысқара бастайды. Біздің міндет – әлсіз ЖОО-лар күштіге айналуы қажет. Егер бұл біздің қолымыздан келмесе, онда басқа шараларды қолға аламыз", – деп ескертеді министр Ерлан Сағадиев.

Айта кету керек, осы жағдайда солтүстік алпауыт көршіміз еліміздегі жоғарғы білім қызметтерін көрсету нарығындағы үлесін арттырып, ондағы табысты отандық бәсекелестерінің аузынан жырып алмақ. Мәселен, алдағы аптаның сәрсенбісінде парламент мәжілісінің депутаттары Қазақстан мен Ресей Федерациясының үкіметтері арасындағы "М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы" жаңа келісімді ратификациялайтын заң жобасын жұмысқа қабылдап алатын болады.

МГУ өкілдігі елордада орналасқаны мәлім. Осы орайда нарықтағы қаржы тасқынының үлкен бөлігінің Астанаға бағытталатыны мәлім болды. Мәселен, 2017 жылы барлық табыстың 22%-ы ғана бас қалаға келсе, биыл "майшелпектің" төрттен бір бөлігі – 25,1%-ы елордаға тиесілі болып отыр. Керісінше, кеңес кезінен бері "жастар қаласы" атанып келген Алматының үлесі кему үстінде. Әйткенмен, әзірге Алатау бөктеріндегі қала "студенттер астанасы" мәртебесін сақтауда: соның арқасында жоғапғы білім қызметтерінен түскен табыстың 33,7%-ын Алматы еншіледі. Бір жыл бұрын ол жетістігі қырық пайызға жететін.

"Үштікке" 7,3% үлесімен Қарағанды облысы ілікті. Ал халық ең тығыз орналасқан облыстың ішінде орналасқан Шымкент мегаполисінің үлесі 5,6% ғана.

Әйтсе де, жоғарғы білімге қарағанда, басқа білім (балабақшалар, мектепке дейінгі тәрбие, ақылы орта білім және өзгелері) салалары әлдеқайда табыстырақ болып отыр. Олар биылғы ІІ тоқсанда өздеріне тартқан қаражатты бірден 14,9%-ға арттырып, жарты триллионнан асырды: 571 млрд теңгені құраған.

Осылайша, жоғарғы оқу орындарының білім беру қызметтеріндегі үлес салмағы былтырғы 13,8%-дан 12,9%-ға дейін төмендеді. 

Бұған жастардың көбінің мектеп бітірген соң, жоғарғы білім алу үшін қазақстандық емес, Қытай, Ресей, Малайзия, Чехия, Беларусь және басқа да елдерді таңдауы да ықпал етуде. 

"Қазақстан-2050" жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев бізге сұхбатында мұның бір себебін айтып берді.

"Біз мысалға, Қостанай облысында жоғары сынып оқушыларымен кездескенде, олардың көбі мектеп бітірген соң, Ресейге көшіп кетуді, сонда университеттерге түсуді ойластырып отырғандарын айтты. Біз олардан өз елімізде, Астанада, Алматыда озық ЖОО-лар тұрғанда, не себепті өзге елді таңдағандарын сұрастырдық. Сөйтсек, олар іргедегі Ресейді біледі, араласады, Қазақстанға қаптап таралатын телеарналарынан да жақсы таныс. Ал өз елордамыз Астанаға бірде-бір рет бармаған, өмірі көрмеген. Сондықтан тіпті кәдімгідей жатсынады. Біз дереу демеушілерді тауып, автобус жалдап, 25 баланы Астанаға әкелдік, ірі университеттерге экскурсия ұйымдастырдық. Сол 25 жастың 23-і бүгінде елордада оқуда. Тек екеуі ғана бұрынғы қалауымен көшіп кетті", – дейді сарапшы.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу