Бір топ ЖОО жаңа мәртебеде қайта құрылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
11821

Ел Үкіметі өз иелігінде қалатын және жекешелендірілмейтін жоғарғы оқу орындарының тізімін жариялады.

Бір топ ЖОО жаңа мәртебеде қайта құрылады

Бұл тізімге небәрі 27 университет кіріп отыр.

Айта кету керек, ресми статистика бойынша 2018-2019 жылғы оқу жылында Қазақстанда 124 жоғарғы оқу орны жұмыс жасаған. Олардың ең көбі – 41-і, Алматы қаласында орналасқан.

Екінші тұғырда 14 ЖОО-мен елорда тұр. Дегенмен осылар арасынан жаңа мәртебеде қайта құрылатын мемлекеттік ЖОО-лар тізіміне Нұр-Сұлтан қаласынан жалғыз ғана университет қосылмақ.

"Үштікті" 10 университеті бар үшінші мегаполис – Шымкент тұйықтайды.

Өткен оқу жылында отандық жоғарғы оқу орындарында 542 458 студент білім алған. Оның 292 231-ін қыздар, қалғанын ер адамдар құрады.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, былтырғы жыл қорытындысында отандық университеттер жалпы көлемі 285 млрд 192,9 млн теңге табыс тауыпты.

Академиялардың табысы одан әлдеқайда аз – 19 млрд 152,4 млн теңгені құрады.

Дегенмен мемлекеттік ЖОО-лардың табысы мардымсыздау. Ұлттық ЖОО мәртебесі бар университеттер мен академиялар 29 млрд 91,2 млн теңге ғана табыс тапқан.

Сондықтан кейінгі жылдары ел Үкіметі мемлекеттік ғылым ордаларын шетінен саудаға шығарып, жекешелендіруге ден қойды.

Нәтижесінде, алда қандай университеттердің мемлекет меншігінде қалатынына қатысты белгісіздік орнаған. Енді Білім және ғылым министрлігі бұл мәселенің басын ашқандай.

Бұл ретте ол оқу орындарының барлығы өздерінің мәртебесін өзгертетін болады, олар "коммерциялық емес АҚ-қа" айналады.

Мәселен, арнайы әзірленіп отырған Үкімет қаулысы жобасына сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны заңнамада белгіленген тәртіппен жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылмақ.

Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл мәртебе грант алуда, қаржыландыруда бірқатар артықшылықтар береді және ең бастысы, мемлекеттік университеттердің қызметін мөлдір ете түсуге тиіс. Олардың басқару органы ретінде директорлар кеңесі құрылуы мүмкін, оның қатарына қоғам және бизнес өкілдері де кіре алады.

ЖОО-лар тек өз ректорына ғана емес, енді директорлар кеңесі мүшелері алдында да ұдайы есеп беруі керек. Барлық аса маңызды мәселелер де соның қарауына шығарылып, ұсыным-рекомендациялар алынады деп күтілуде.

Бұл тізім алда толықтырылуы мүмкін.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу