Үкімет ірі ұлттық компанияларды жекешелендіру ісіне қайта оралды

3925

ҚазМұнайГаз, ҚТЖ және басқасының "сауда топтамасы" жаңа активпен "толықпақ".  

Үкімет ірі ұлттық компанияларды жекешелендіру ісіне қайта оралды

Ұлттық экономика министрлігі "Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" қолданыстағы Үкімет қаулысына түзетулер енгізетін жаңа қаулы жобасын жария етті.

Құжатқа сәйкес, бұған дейін мемлекеттің меншігінен алып қойып, бәсекелестік ортаға тапсырылмақ болған бірқатар кәсіпорынды енді жекенің қолына беруге тыйым салынады.

Сонымен бірге қалталы азаматтар мен инвесторлар назарына жаңа әрі аса құнды активтер де ұсынылмақ.

Атап айтқанда, Қазақстан экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемкомиссияның 2019 жыл соңындағы отырысында Курчатов қаласында орналасқан "Ядролық технологиялар паркін" "басым тәртіппен жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ірі ұйымдар тізбесінен алып тастау" туралы ұсыным берілген екен.

Бұл парктің 100% акция пакетін билік 2018 жылы 6,8 миллиард теңгеге сатпақ болған. Алайда ядролық және радиациялық технологиялармен айналысқысы келетін кәсіпкерлер табылмады. Сондықтан бағасы 4,8 млрд теңгеге дейін арзандатылды. Бірақ бәрібір бірде бір өтініш түспеді. Кәсіпорын шығынды саналады: қызметі 2017 жылы 750 млн, ал 2018 жылы 211 млн теңге шығын әкелген. Ал оны иеленетін жаңа қожайыннан жылына кем дегенде 131 млн теңге табыстылық көрсеткішіне жету талап етілген-тін. Дегенмен, жаңа ұсыныс бойынша бұл парк ары қарай да бюджет мойнында отыра беретінге ұқсайды.

Мемлекет ірі активтерін – алпауыт ұлттық компанияларды қарапайым тендер не аукцион арқылы емес, халықаралық "ай-пи-о" арқылы өткізуге шешім қабылдағаны мәлім. Алайда оларға шетелдік белді инвесторлар қызығушылық танытпауы ықтимал деген қауіп бар. Сол себепті бүгінде әр ұлттық компанияның топтамасы жаңа активпен толықтырылуда.

"Қазақстан экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2019 жылғы 14 қазандағы хаттамасына сәйкес "Ақтау теңізі солтүстік терминалы" ЖШС-ін "Қазақстан темір жолы" компаниясының IPO-сы құрамында іске асыру ұсынылды", – деп түсініктеме берді ұлттық экономика вице-министрі Жасұлан Мәдиев.

Осылайша, еліміздің ұлттық темір жол операторы акциялары мына құрамда саудаға қойылады деп жоспарлануда: ҚТЖ-ның өзі, "Қазтеміртранс" АҚ-ы, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ы, "Багаж тасымалдау" АҚ-ы, "Вагон сервис" АҚ-ы, "Қала маңындағы тасымалдау" АҚ-ы және "Ақтау теңіз солтүстік терминалы" ЖШС.

Биыл ІРО-ға шығарылады деп жоспарланған ұлттық мұнай-газ операторының топтамасы да толығуда. Нәтижесінде, мемкомиссия шешімімен, оның топтамасы аясында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының өзі, сонымен қатар "Урихтау Оперейтинг" ЖШС, Павлодар мұнай-химия зауыты, TH KazMunaiGas N.V, "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС, Атырау мұнай өңдеу зауыты, "Сұйытылған газды сақтау паркі" ЖШС, "АМӨЗ КИД" ЖШС, "KMG Automation", "Теңіз Сервис" ЖШС, "KAZ M-I", KMG International N.V. және оның құрамында ҚМГ-ның шетелдік активтері, "Қазақтеңізкөлікфлоты", сондай-ақ "KMGEP Catering" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "ай-пи-оға" шығарылады деп күтілуде.

"Самұрық-Энерго" топтамасына бұған дейін болған "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1", "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы", Forum Muider BV ("Богатырь көмір"), "Алматы электр станциялары", "Алатау жарық компаниясы", "Алматыэнергосбыт" сыртында, жаңадан "Тегіс мұнай" және "Маңғышлақ мұнай" қосылып отыр.

Жекешелендіру тізімінен Үкімет "Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамын түпкілікті шығарып тастады. Оны сатуға депутаттар үдере қарсы болды.

Бұдан бөлек, Петропавлдың халықаралық әуежайы бәсекелестік ортаға табысталмайды.

Елорда әкімінің сөзі өтімді болып шықты. Енді Үкімет Нұр-Сұлтан қаласын абаттандыратын "Астана-көгалдандыру құрылысы" ("Астана-Зеленстрой") және қоқыс пен қар шығаратын "Астана тазалық" ЖШС-ларын жекешелендіру туралы жақ ашпайтын болады.

Қорғаныс министрлігі әупірімдеп жүріп, өз жүйесіндегі көлемі бойынша ең ірі кәсіпорын саналатын "Әскери құрылыс" АҚ-ын ақыры жекешелендіру тізімнен құтқарып алды.

Шымкент қаласы өзінің әл-ауқатын құрар аса ірі дүние-мүлкін қайтадана саудаға қояды. Олардың арасында "Ордабасы" кәсіби футбол клубы, Шымкент әуежайы, "Орталық су-спорт кешені", жергілікті "Спорт сарайы", "Шымкент жасыл қала" ЖШС, "Шымкент күрделі құрылыс" кәсіпорны және басқасы бар. Бұрын оларды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі өткізуге тырысқан.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2020 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша елімізде жекешелендірудің екінші толқыны басталған 2014 жылдан бері 1 мың 197 мемлекеттік кәсіпорын бәсекелі ортаға көшуге әзірленген. Әйтсе де, оның тек 814-і саудаға қойылыпты. Ақыр соңында тек 735-і ғана жекенің қолына өтті. Оның ішінде 65 республикалық меншік, 150 ұлттық холдингтер активі, 157 ұлттық компаниялар активі және 363 коммуналдық меншік бар.

Бұлардың бәрін сатудан ел қазынасына 437 миллиард 463,3 миллион теңге (1,1 млрд доллар) түскен екен. Яғни, мемлекеттік кәсіпорындардың әрқайсысы шамамен 595,1 млн теңгеге сатылған.

Төрт жыл ішінде министрлер мен әкімдер әртүрлі себеп-сылтаумен 335 активті жекешелендіруден алып кетіпті.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу