Жанжалмен аты шыққан мемлекеттік компания жабылады

3638

Оны басқа ұлттық компания дүние-мүлкімен жұтып қоймақ. 

Жанжалмен аты шыққан мемлекеттік компания жабылады

Бұл жайында Үкіметтің "Республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы" қаулысы жобасында айтылған.

Оған сәйкес, "Қазспортинвест" акционерлік қоғамы "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясына қосылып, қайта ұйымдастырылады.

Нәтижесінде, бұл ұйым "акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар тізбесінен" алып тасталмақ.

Бұдан бөлек, "Қазспортинвест" басым тәртіппен жекешелендіруге жататын республикалық ірі ұйымдар тізбесінен де шығарылуда.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл "республикалық меншікті тиімді пайдалану үшін" қажет екенін айтты.

Осының алдында Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Ыбырайымов компанияны "жекешелендірілетін ірі нысандар тізімінен шығарып тастау" жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.

"Жекешелендіруге дайындық кестесінен кешігіп қалған нысандар бар. "Қазспортинвест" солардың қатарында. Өйткені мемлекеттік қажеттіліктер үшін оның меншігінен ірі активті алып қойдық. Енді бұл АҚ-ы ірі нысандар тізімінен жойылады", – деді ол.

Бұдан бұрын, 2014 жылғы қарашада Қазақстанның студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Закирьянов Азиаданы ұйымдастырушыларды "спорттың дамуына серпін бере алмады" деп айыптаған болатын.

Ал Азия қысқы ойындарының бұл мемлекеттік компанияға қандай қатысы бар? "2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы" АҚ-ы елімізде құрлықтық аламан дода өткен соң, "Қазспортинвест" АҚ-ы болып қайта аталды.

"Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын қайдағы бір "Қазспортинвест" акционерлік қоғамына беріп қойды. Бұл алып нысан мемлекеттің ақшасына қайта құрастырылған. Бюджет қаржысына тұрғызылған спорт ғимараттары мемлекеттің иелігінде болуға тиіс. Әйтпесе, бұл нысандарға халықтың қолы жетпейді", – деді Қ.Закирьянов.

Сол жылы Сочи Олимпиадасында қазақстандық спортшылар алтын және күміс медалсіз қалғаны мәлім. Тек Денис Тен ғана қола жүлдені қанжығалады. Сарапшы оған спорт ғимараттарына дарынды спортшылар кіре алмайтыны себеп дегенді айтады.

"Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы "Қазспортинвест" АҚ-ы жарғылық капиталына берілді. Қарапайым халық үшін ол қолжетімсіз. Біздің де қалтамыз көтермейді, бір тәулікке жалдау құны 12 млн теңге. 2011 жылғы қысқы Азиаданың тағы бір мұрасы – халықаралық шаңғы трамплині кешені айналасында да сондай жағдай қалыптасуда. Онда бір тәулікке жалдау 10 млн теңгеге түседі. Содан жастар қайда спортпен шұғылданбақ?", – деді Қайрат Закирьянов.

Кейіндері бұл проблеманың барлығын Үкімет те мойындады. Сондықтан ол нысанды компания құзырынан алып қою туралы шешім қабылдаған. Бірақ бұған олар біраз қарсыласып баққанға ұқсайды. 2018 жылғы 10 сәуірдегі Үкімет отырысында сол кездегі Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов "Қазинвестспортқа" қатысты министрлікті сынға алды.

"Жекешелендірілетін top-нысандарға тоқталсам, оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі өз иелігіндегі нысанды саудаға қоюға мүмкіндік беретін іс-шараларды жүргізбей отыр. Атап айтқанда, "Қазспортинвест" АҚ-ыдан Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беруге байланысты шаралар өткізілмеуде. Беру туралы Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар", – деп баса айтты Бақыт Сұлтанов.

Компания атауы ақпарат құралдарында басқа да резонансты істер бойынша аталды. Мысалы, 2014 жыл басында ақпарат агенттіктері "2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясының" телерадиохабар тарату және медиатехнологиялар басқармасының басшысы Айдар Мусин туралы мәліметтер жариялады. Онда айтылғандай, Азиада қарсаңында, "2009 жылғы тамызда ол "Q-Service" кәсіпорнын ашып, сол арқылы Алматыда ойынды ұйымдастыруға бөлінген 800 млн теңге мемлекет қаржысын ұрлаған".

Сол кезде "Қазспортинвест" АҚ-ы болып қайта аталған бұл ұйым қаржы полициясының осы ақпаратын жоққа шығарды. Онда ұйымдастырушылық комитетінің атқарушы дирекциясы "Q-Service"-пен ешқандай азаматтық-құқықтық қатынаста болмағаны атап көрсетіледі. Ал Айдар Мусин 2010 жылдың ақпанында жұмыстан қуылған көрінеді. Ақырында Алматы қаласының Медеу аудандық сотының үкімімен Айдар Мусин 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды және мүлкі тәркіленді. Ол Азиададан ұрлаған қаржыға Алматыда элиталы жылжымайтын мүлік, BMW 750 және Mercedes Benz Е-250 қымбат машиналарын алған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу