Алматы әуежайының жаңа қожайыны кім болмақ?

Сарапшылар мен құзырлы органдар акционердің ауысуынан оң нәтиже күтеді. 

 Алматы әуежайының жаңа қожайыны кім болмақ? Фото: sputniknews.kz

Тамызда Алматы халықаралық әуежайы түрік-француз компаниясына сатылады деген ақпарат тарады. Жақында оны сатып алуға ниетті TAV Airports Holding әуежайлар операторы мұны растады.

"Қазақстанның қаржылық орталығындағы Алматы халықаралық әуежайы – Орта Азиядағы ірі тасымалдаушы. Ол 2018 жылы 6 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Оның ішінде жолаушылардың жартысы халықаралық бағыттар бойынша сапарға шыққандар. Қазақстан теңізге шықпайтын әлемдегі ең үлкен ел. Орта Азияда ішкі жалпы өнім өсімінің 60%-ын құрайтын экономикалық даму драйвері. Осы әуежайды сатып алу Groupe ADP пен  TAV Airports Holding даму жоспарына сәйкес келеді",– деп хабарлады Groupe ADP (бұл компанияға TAV Airports Holding акцияларының 46,12%-ы тиесілі) компаниясының баспасөз қызметі.  

Әуежайды кім сатып алмақ?

TAV Airports Holding түрік-француз компаниясы. Негізін 1997 жылы Tepe және Akfen компаниялар тобы қалаған. Басты қызметі – Стамбұлдағы Ататүрік, Анкарадағы Эсенбога әуежайының халықаралық терминалы мен Измирдегі Аднан Мендерес, Антальядағы Газипаша, Бодрумдағы Милас  әуежайларын басқарады. Бұдан бөлек компанияның иелігінде Тбилиси, Батуми, Тунис, Сауд Арабиясы, Хорватия, Францияда бірнеше әуежай бар. 2018 жылы компания 1 млн рейске, оның ішінде 152 млн жолаушыға қызмет көрсеткен.

Алматы әуежайы туралы

2019 жылдың тоғыз айында Алматы әуежайы таза пайдасын 1,8 есеге ұлғайтқан. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4,109 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар жыл басынан бері компания активтері 4,5%-ға өсіп, 84,9 млрд теңгеге жетті. Ал әуежайдың міндеттемелері 6,6%, яғни, 14,169 млрд теңгеге дейін төмендеген. Статистикалық мәліметтерден компанияның жеке капиталы 7,1%-ға (70,73 млрд теңге) ұлғайғанын байқауға болады. Бұдан бөлек ресми деректерде әуежайдың жарғылық капиталы 78,4 млн теңге күйінде қалғаны көрсетілген.

Жалпы Алматы халықаралық әуежайы 1935 жылы салынған. Ал "Алматы әуежайы" АҚ 1995 жылы құрылды. Оның акционері "Қазақстан әуе жолы" ҰӘК болған. Одан кейін бірнеше рет акционері ауысып, қазіргі кезде жалғыз акционері – Амстердамда тіркелген Venus Airport Investments B.V. компаниясы екені белгілі. Бүгінде әуежай арқылы 36 халықаралық, 18 ішкі рейс ұшады. Орта Азияның ірі көпірі 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында 5,5 млн адамға қызмет көрсеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 5,2 млн жолаушыны құраған. Ал жалпы 2018 жылы Алматы әуежайы арқылы 5,7 млн адам діттеген жеріне жеткен.  

Сарапшылар не дейді?

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетовтің айтуынша Алматы әуежайы терең дағдарыста, оны көрсеткіштерден аңғаруға болады. Сондықтан қожайынының өзгергені маңызды.

"Әуежай қызметкерлерін қаһарман десе де болады. Өйткені олар "қоймада" жұмыс істеп жүр. Жоспарлаушылары бар, құрылысшылары бар Орта Азияның ең бай қаласында аудандық деңгейдегі әуежай салды. Біз енді осы проблемалық активпен өмір сүруге мәжбүрміз. Бұл – Қазақстанға туристердің келмеуінің басты себебінің бірі. Егер жаңа акционерлер қазіргі ғимаратты сүріп, дәретхана, жуыну бөлмелері, қонақ үй мен тамақтанатын орны бар қарапайым қорап тұрғызса – табысты болар еді. Әзірше қазіргі әуежай – мұңаю мен жемқорлықтың символы ғана",– дейді Расул  Рысмамбетов.

Құзырлы органдар не дейді?

Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов та Алматы әуежайының сатылуына байланысты пікір білдірді.

"Бұл келісім туралы қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Өйткені шарт жасасу әлі аяқталған жоқ. Алматы әуежайы жеке компанияның меншігінде. Сондықтан келісім өз бетімен жүріп жатыр. Біздің министрлік мақұлдайтын тұстары талапқа сай жүргізілуде. Алматы әуежайы – Орта Азиядағы ең ірі нысанның бірі. Бізге  жолаушылар терминалының өзін жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткізу қажет. Жуырда "ашық аспан" режимі енгізілді. Жыл сайын жолаушылар ағыны да өсіп келеді. Оның үстіне желтоқсан айының ортасынан бастап Алматы мен Доха арасында күніне 7 рейс қатынайтын болады", –  деді Бейбіт Атамқұлов.

Сондай-ақ министрдің пікірінше, бұл келісім қызмет көрсету сапасын арттырып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

"Менің білуімше, сатып алушы компанияның иелігінде бірнеше әуежай бар. Соның ішінде Франциядағы 2 әуежай осы компанияның басқаруында. Сауда құны туралы мәлімет бізде жоқ. Қызмет құнына келсек, біз сервис пен қызмет еуропалық және халықаралық стандарттар деңгейінде көрсетілгенін жақтаймыз. Бұл әуе тасымалының тарифтерін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осының арқасында әуе тасымалдаушылар белгілі бір кезеңде бағаны нақты болжай алады",– деді министр.

Азаматтық авиация комитеті келісім жүзеге асса әуежайдың коммерциялық тартымдылығы мен инфрақұрылымына қаражат салынады деп сенеді. Өйткені сатып алуға ниеттілер халықаралық әуежайларды басқарып отырған компания.

"Баға өспейді. Комитет ұшу қауіпсіздігін халықаралық стандарттарға сай дамыту бойынша жұмыстарын жалғастырады", – деді комитетте.

Азаматтық авиация комитетінің айтуынша 1 қарашадан бері елдегі 11 әуежайда "ашық аспан" режимі енгізілген. Мұның арқасында жаңа рейстер ашылып, Алматы әуежайында жолаушылар легі көбейе бастады. 

"Әуежайдың тартымдылығы үшін әуе жанармайының бағасын түсіріп, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру жұмысы жалғасады",– дейді комитетте.

Әзірге анығы акционердің ауысуынан мамандар жағымды өзгерістер күтуде. Мұны сарапшылар да, Азаматтық авиация комитеті те, министр де меңзеп отыр. Кейбір дереккөздерде TAV Airports Holding Алматы халықаралық әуежайын 180-210 млн долларға сатып алуы мүмкін деген мәлімет көрсетілген. Бұл тек болжам ғана. Нақтысы келісімге қол қойылғаннан кейін белгілі болады.  

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу