Мемлекет меншігінің көбін кімдер сатып алды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5521

Биылғы жылы жекешелендірудің кешенді жоспары аяқталады.

Мемлекет меншігінің көбін кімдер сатып алды Фото: kursiv.kz

Ары қарай тек "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы 9 ұлттық компанияны және аса қымбат ірі активтерді жекенің қолына тапсыру қалады. Бірақ олар саудаға шығарылып, дәстүрлі түрде жекешелендірмейді, оның орнына биржада IPO/SPO ұйымдастыру арқылы акцияларын инвесторларға тапсыру арқылы мемлекет меншігінен кетпек.

Осылайша, дәл қазір үкімет алдында ел тарихындағы жекешелендірудің екінші толқынын тәмамдау міндеті тұр.

Алайда алдын ала қорытындыға жүгінсек, бұл толқынның қарқыны күтілгеннен бәсең болуда.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 14 тамыздағы жағдай бойынша мемлекет қанатының астынан шығарылып, бәсекелестік ортаға берілуге тиісті 887 нысанның 509-ы ғана сату алдындағы дайындықтан лайықты өтіп, азды-көпті түрде "тартымды тауар" сипатына келтіріліп, саудаға шығарылған. Оның ішінде республикалық меншіктегі 49 нысан, өңірлердегі әкімдіктерге қарайтын 250-дей коммуналдық кәсіпорын, ұлттық холдингтердің 121 зауыт-кәсіпорны, ұлттық компаниялардың 83 активі бар.

Алайда олардың 80-і инвесторлардың ынтызарлығын тудыра алмай, сұраныс таппай, кері оралған.

Нәтижесінде, қазіргі уақытта тек 431 нысан ғана жекешелендіріліп болды. Олардан ел қазынасына 236 миллиард 960,3 миллион теңге түсім түскен. Яғни, мемлекеттің әрбір кәсіпорны мен мүлік-нысаны орташа есеппен, 550 миллиондай теңгеге немесе 1,5 миллион долларға өткізіліп отыр. Сарапшылар мысалы, банк ашу үшін кем дегенде 80 миллион доллар қажет етілетінін алға тарта келе, мұның сонша салмақты сома еместігін айтады.

Бұл ретте бизнесмендер мен жеке инвесторлар қатарынан жаңа қожайын таба алған 431 нысанның арасында республикалық меншіктегі небары 34 нысан бар. Әкімдіктер жекешелендіру тізіміне енген 436 коммуналдық меншіктің шамамен тең жартысын, 232-сін сата алған. Ұлттық холдингтер болса, "сөреге шығарған" 121 активінің 95-ін, ал ұлттық компаниялар 83 активінің 71-ін өткізді.

Атап өтер жайт, "Жекешелендіру 2.0" науқанында ең үлкен табысты да ұлттық холдингтер әкеліпті. Олар аталған 95 активі үшін 152 миллиард 805,2 миллион теңге түсім түсірді. Екінші орынды жергілікті атқарушы органдар иеленді: олар өңірлеріндегі 232 нысанын 49 миллиард 580 млн теңгеге пұлдай алған. Министрліктер мен елордадағы меммекемелер өздеріне қарасты 34 республикалық меншік үшін сатып алушылардан небары 29 миллиард теңге санап алса, ұлттық компаниялар жылдар бойы бюджеттен жүздеген миллиард теңгені шығындаған 71 нысанын бар-жоғы 5,9 миллиард теңгеге жеке секторға бере салды.

Сонымен бірге, әу баста тізімде болғанымен, кейін жекешелендіру жоспарынан шығарылған нысандар арасында өңірлердің коммуналдық меншігі басым: олардың жалпы саны 154-ке жетті.

Салыстыру үшін айталық, саудаға қойылған республикалық меншіктің тек екеуі ғана, нақтырақ тоқталсақ, "Өнеркәсіп қауіпсіздігінің ұлттық ғылыми-техникалық орталығы" мен "Қазақстан халқының рухани даму қоры" тізімнен сызып тасталған. Бірақ үкімет қаулысына сәйкес, бұл екеуі де "жойылуға" жатады.

Ұлттық холдингтер о баста бәсекелестік ортаға табысталуға тиіс болған 89 нысанының, ал ұлттық компаниялар 28 нысанының "енді жекешелендіруге жарамайтынын" дәлелдеген көрінеді. Бұлардың сапында ұлттық компанияларға қарасты "ОБЛДОРКОМХОЗ" компаниясы, "Лисаков картон-қағаз кешені", "Каспий техникалық флоты" ЖШС, "Алтынтөбе" ЖШС, "Алматы технологиялық паркі" АҚ-ы, "Іскер" АҚ-ы бар. Бұлардың барлығы қазір банкрот деп танылып, жабылды.

Сондай-ақ ұлттық холдингтер басқаруында болған "Нұрсат", "Қазтрансгаз-Алматы", "Бейнеумұнайгаз", "Ремлокомотив" сияқты біраз отандық компания, атауында "ROMPETROL" деген сөз бар 4 румыниялық кәсіпорын, "КАС Форшунгс-унд Фертрибсгезельшафт ГмбХ", "KazMunaiGaz A.G" (Lugano), "KAZMUNAIGAZ UK", "Казахстан ТЖ-Ансальдо СТС Италия", "Қазақойл-Украина", "Росказжелдортранс", "ҚазТрансГаз-Бішкек", "ONLINE.KG" сияқты бірқатар шетелдік активтер де "жою" рәсімдерінен өтуде.

Жекешелендірудің кешенді жоспарындағы жеке тарауға бөліп алынған "TOP-63" нысанның бүгінде тек 15-і ғана сатылған. Одан мемлекет қазынасына 110,5 млрд теңге пайда құйылыпты. Оның ішінде республикалық меншіктегі екі нысан 11,5 миллиард теңгеге, ал ұлттық холдингтердің 13 нысаны 99 миллиард теңгеге өткен.

Қаржы министрлігі жекешелендірілген нысандардың сатылу бағасы жалпы алғанда, олардың бағалау құнынан 1,4%-ға ғана асып түскенін мәлім етті.

Ведомство сонымен бірге, жекешелендіру бағдарламасы аяқталғанда, өтпей қалған бір де бір нысан болмайтынын ескертеді: сатылмай қалғандары қайта ұйымдастырылып, жойылады. Қазірдің өзінде үш рет саудаға қойылып, сатып алушылардың қызығушылығын тудыра алмаған 266 мемлекеттік нысан "экономикалық ұтымсыз және дәрменсіз" деп танылып, жойылуда.

"Осылайша, қайта ұйымдастырылған және жойылып жатқан нысандарды ескерсек, Жекешелендірудің кешенді жоспары тамыздағы жағдай бойынша 77,9%-ға орындалып болды. Негізі, жекешелендіру процесі қалыпты режимде жүруде. 2015 жылы күшіне енген, сауданы gosreestr.kz мекенжайындағы мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталында электронды форматта өткізу туралы норма жекешелендіруге ұтқырлық қосып, барлық рәсімдеріне серпін берді. Бұл саудаға қатысу үшін электронды түрде өтініш беру және қабылдау кезеңінен бастап, жеңімпазды анықтауға дейінгі мерзімді қысқартты. Пайдаланушылар үшін қолайлылық туғызды және бұл үдеріске "адами фактордың" араласуын толық жойды", – дейді ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің басшысы Қалымжан Ибраимов.

Бұған қоса, биылдан бастап, сауда қорытындысы бойынша сату-сатып алу келісімшартына электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылып, бұл құжат та электронды күйде рәсімделе бастады.

Комитет төрағасы бұдан бөлек, жеке бизнес пен халықтың мемлекеттік мүлікті жекешелендіруге қатысты ынта-ықыласы арта бастағанын айтады: сауда алаңына кірушілер қатары 12%-ға артқан екен. Саудадағы бәсекелестік те енді қызған: егер бұрын нысанды сатып алуға құлық танытқандар саны басым көпшілігінде үшеуден аспайтын болса, қазір қатысушылардың орташа саны шамамен 4-5-ті құрайды.

Жеке қолына өткен төрт жүзден астам мемлекеттік активтің 206-сына корпоративті инвесторлар емес, қалталы азаматтар мен жеке кәсіпкерлер қожайын атанған. 184 кәсіпорынды компаниялар иемденген. Қалғанын мемкәсіпорындарды оларда бұрыннан қатысу үлесі болған тең-иегерлері меншіктепті.

Сатып алушылар еліміздің барлық өңірлерінің тұрғындары болып келеді. Дегенмен, қатысушылар арасында Алматы және Астана тұрғындарының дәулеті мол екендігі анықталып, сауда-саттықтың көбінде солардың мерейі үстем шыққан. Нәтижесінде, 113 алматылық пен 45 елордалық мемлекет меншігіне ие болды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу