Меморгандардың жаңа кәсіпорындар құруына мораторий жарияланады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2364

Қазақстанда шенеуніктерге өз мекемелері жанынан кәсіпорындар, ұйымдар, орталықтар құруға қатаң тыйым салынбақ.

Меморгандардың жаңа кәсіпорындар құруына мораторий жарияланады Фото: tengrinews.kz

Бұл шектеу алдағы 2020 жылға дейін күшіне енбек. Сонымен бір мезгілде елімізде ведомстволық бағынысты ұйымдарды оңтайландыру науқаны жүреді.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың айтуынша, мемлекеттік органдардың кәсіпорын ашуын шектеу бизнесті қолдау мақсатында жасалады. Рас, бұл тыйым әлеуметтік бағдарланған ұйымдарға қатысты болмайды. Тиісінше, білім және ғылым министрлігіне мектептер мен мемқызметшілерге арналған балабақшалар, денсаулық сақтау министрлігіне – аурухана, емхана, ғылыми-зерттеу орталықтары және басқа да объектілер ашуына рұқсат етілмек.

Айгүл Шайымова бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, яғни мысалға, министрліктер жанындағы кәсіпорындар, орталықтар, институттардың әкімшілік шығындары да қайта қарауға ұшырайтынын мәлімдеді. 

"Ведомстволық ұйымдарды оңтайландыру жүреді. Бұл мақсатта ең алдымен, әлеуметтік бағдарланған болып табылмайтын жаңа кәсіпорындар құруға мораторий жарияланады. Осы орайда ерекше атап өткім келеді, бұл процедура әлеуметтік салаға – мектептер мен ауруханаларға ғана қатысты болмайды", – деді агенттік өкілі.

Науқан аясында сондай-ақ мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының ақпараттық жүйелерінің саны да азайтылып, олар бір-біріне кіріктірілмек.

Мәселен, қазір жалғыз денсаулық сақтау министрлігінің қоластында ғана біреу-екеу емес, 21 ақпараттық жүйе бар екен. Өйткені олар кезінде әртүрлі платформаларда құрылған. Сарапшылардың байламынша, басшылықта ауыс-түйіс болған сайын, жаңа келетін бастықтар өз жандарына жақын тұғырнамаларын ілгерілетеді. Салдарынан, бүгінде олар бірі беретін анықтаманы екіншісі қайталай ұсынып, жиі бірін бірі қайталайтын көрінеді. Сондықтан Елжан Біртановтың ұжымына былтырдан бері ол жүйелерді интеграциялау және бизнес процестерді жеңілдету жүктеліпті. Бұл жұмыс өзгелерінде де қолға алынуда.

"Сонымен қатар мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға, бизнестің өзін өзі реттеуіне беру де маңызды мәселе болмақ. Бизнесті дамытуға жағдайлар жасау үшін осыған дейін автокөліктерге техникалық бақылау жүргізу бәсекелестік ортаға берілді. Бұдан халық та ұтады, себебі, осы қызметті алу қолайлы әрі қолжетімді бола түсті", – деді агенттік төрағасының орынбасары.

Мораторий жақын арада үкіметтің қаулысы түрінде рәсімделеді деп күтілуде. Құжаттың жобасы мүдделі ведомстволар арасында кесімінен өткен екен.

Айтқандай, қаулы жобасы үкімет басында Бақытжан Сағынтаев тұрғанда-ақ әзірленіпті.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрлігі бұдан бұрын әлеуметтік саладан басқа барлық министрліктер мен ведомстволарға жаңа кәсіпорын ашуға тыйым салынатынын хабарлаған болатын.

Бұл ретте мемлекеттік органдарға ары қарай тек қолдарында бар ведомстволық ұйымдардың әлеуетін пайдалануға ұсыным-рекомендация беріледі.

Меморгандар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ұлттық экономика министрлігі 2019 жылы барлық министрліктер мен меммекемелердің бағынысты ұйымдарын түгендеп, олардың жұмысына кең ауқымды функционалдық талдау жүргізуді аяқтамақ. Соның нәтижесінде басы артық және бірін-бірі қайталайтын барлық функциялар әшкереленуге тиіс.

Аталған жұмыстың қорытындысы бойынша меморгандардың жойылуға тиісті ведомстволық ұйымдарының тізімі жасалады деп күтілуде.

Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласында бірыңғай оператор болып табылатын 100% мемлекет меншігіндегі ұйым "Ақпараттық-есептеу орталығы" акционерлік қоғамының дерегінше, мемлекеттің бизнеске араласу үлесі қарқынды азайып келеді.

"Ел экономикасында мемлекеттің үлкен үлесінің болуы жеке кәсіпкерліктің ары қарай дамуын едәуір қиындатады. Өйткені жеке бизнес мемлекеттік кәсіпорынмен қаржылық және адами ресурстар үшін тең дәрежеде бәсекелесе алмайды. Әрине, мемлекет бірінші кезекте мемлекеттік кәсіпорынға іш тартып тұрады. Бірақ жағдай өзгеруде. Экономикадағы мемлекеттің үлесі 2015 жылдың қорытындысы бойынша 19,1%-ды құраған. 2016 жылы бұл көрсеткіш – 18,6%, ал 2017 жыл қорытындысында – 17,3% болды. Үкіметтің алдына мемлекеттің экономикаға араласу үлесін одан әрі қысқарту бойынша жаңа міндет қойылған. Осы мақсатта қазір кең ауқымды жекешелендіру жүргізілуде", – дейді аталған орталықтың бизнес сарапшысы Амангелді Бакин.

Жаппай жекешелендіру 90-шы жылдары да жүргені мәлім. Сол жылдардан 2010 жылға дейінгі аралықта мемлекетке қарасты 43 мың нысан – зауыт-фабрика, ұйымдар, инфрақұрылым нысандары және басқалары жекенің қолына берілді. Одан 360 миллиард теңгеден астам қаржы түсіпті. Соның ішінде мемлекетке тиесілі 35 мың мүліктік кешендер мен жылжымайтын мүлік объектілері сатылған. Жеке секторға шамамен 3 мыңдай мемлекеттік қызмет тапсырылған. Бір жарым мыңдай өнеркәсіптік объект, 2,5 мың ауыл шаруашылығы нысандары, 750 көлік саласындағы кәсіпорын, коммуналдық шаруашылықтың 350 ұйымы бизнеске берілген.

Алайда Амангелді Бакиннің айтуынша, Қазақстан ресми түрде "бірінші толқындағы жекешелендірудің ашық жүргізілмегенін, коррупциялық тәуекелдерге толы болғанын және ақыры тиімсіз болып шыққанын ресми мойындайды".

Енді қазіргі екінші толқындағы жекешелендіруден үміт етіліп отыр. 2014 жылдан бері 740 мемлекеттік мүлік, соның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар да бәсекелестік ортаға берілген. Одан бюджетке 540 миллиард теңге түсіпті.

Жекешелендіру негізінен биыл аяқталады. Бірақ жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай, шенеуніктер өз ведомстволары жанынан қайтадан кәсіпорындарды самсатып құрып алмауы үшін үкімет мораторий жариялауға баруға мәжбүр.

Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректері бойынша қазіргі кезде 23 мың 34 мемлекеттік заңды тұлға бар. Оның ішінде 2 832-сі мемлекеттік мекеме, 6 500-і – мемлекеттік орган, 8 807-сі – мемлекеттік емес ұйым, 3 624-і – жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын, 1 263-сі – шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын, 8-і – еншілес мемлекеттік кәсіпорын, 1 917-сі – мемлекеттік заңдық тұлғалардың өкілдіктері мен филиалдары саналады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу