Мемлекеттік органға смартфонмен кіруге тағы тыйым салыныпты

4249

Шенеуніктер пандемия кезеңінде тыныштыққа бой үйретті. 

Мемлекеттік органға смартфонмен кіруге тағы тыйым салыныпты

Былтыр, 2019 жылғы қарашадан бастап, Қазақстанда шенеуніктерге смартфондарын жұмыс уақытында пайдалануға қайтадан рұқсат етілгені мәлім. Бұл ретте мемлекеттік органдар және ғимарат иелері жаңа нұсқаулық әзірлеп, оған нысанды күзететін полициямен немесе күзет фирмасымен бірге қол қойған. Халық мемлекеттік органдарға келушілерге де осындай құқық беруді сұраған.

Бұған дейін 2 жылдай бойы қатаң тыйым салынып келді. Соның аясында министрліктер, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар қызметкерлерден де, келушілерден де ұялы телефонын кіреберісте тартып алмай, ішке енгізбейтін.

Биыл коронавирус індеті жайлаған кезде мемлекеттік органдар жаппай есікті іштен іліп, жабық режимде жұмыс істеуге көшті, қызметкерлерінің көбін қашықтан жұмыс істеуге жіберді және "індет таралмауы үшін" деген сылтаумен келушілерді қабылдамады. Шенділер осы режимге үйреніп қалғанға ұқсайды. 

Бүгінде мемлекеттік органдар толыққанды жұмысқа қайта көшті. Алайда азаматтар сонымен бірге кейбір министрліктердің ескі тәжірибеге қайта оралғанына шағымдануда.

Елорда тұрғыны Дінмұхамед Қанаев кейінгі кезде жеке шаруасына байланысты құқық қорғау жүйесімен жиі істес болуға тура келіп жатқанын айтады.

"Салдарынан, полиция ғимаратында жиі болуға мәжбүрмін. Ал оған бейнекамерасы бар телефонмен кіруге тыйым салынған. Кіреберісте осындай ескерту іліп қойған. Бұл құқық қорғау органдарының ашықтығы және жариялылығы қағидасына қайшы. Неге кіруге болмайтынын сұрасаң, ғимараттың "режимді объект" екендігімен түсіндіреді. Маған смартфонымды алып өтіп, ғимарат ішінде пайдалануға тыйым салатын заңды атауды талап еттім. Бұған полиция қызметкері жауап таба алмады. Қатардағы қылмысты тергеп, ашумен ғана айналысатын полиция қашаннан бастап мемлекеттік маңыздағы құпиямен жұмыс істейтін мекемеге айналып кеткен? Бұл тыйымның астары басқа болуы мүмкін. Мысалы, телефондағы диктофонды және видеокамераны қолдануға тыйым салу полицейлерге коррупциялық әрекеттерді еркін жасауға, жазадан жалтаруға, азаматтардың құқығы мен бостандығын қалауынша бұзуға мүмкіндік береді. Ішкі істер министрі мұндай заңсыздыққа тосқауыл қоюы керек", – дейді ол.

Д.Қанаев құқық қорғау қызметкерлерінің бұл талабы Қылмыстық кодекстің "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану" атты 361-бабына және "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" деп аталатын 362-бабына сай жазалауға жататынына сенімді.

Азаматтарға полиция ғимараты ішіне смартфонмен кіру не үшін қажет? Бұл мекемеге адамдар бекерден бекер бас сұқпайтыны белгілі. Ол нысанға кірді екен, демек, басына күн туғаны, бір жамандыққа жолыққаны. Бұл жағдайда оның ұзақ уақытқа байланыстан тыс қалуы, қоңырау шалуға жауап бермеуі туыс-туғанында үрей, дүрбелең туғызуы мүмкін.

Басқа да қажеттілігі бар көрінеді.

"Ішкі істер министрлігі еліміздегі ең жемқорлық жайлаған меморгандардың бірі саналады. Ендеше азаматтар өз құқығы мен бостандығын қорғауы үшін ол нысанға байланыс және видео, аудиожазба құралдарымен дайындалып кіргені жөн. Мәселен, менің ісім бойынша қызметтік тексеру жүргізген криминалды полиция сұрақтарына жауап беріп, куәгерлік етіп жатқанымда тергеуші Қылмыстық кодекстің баптарын нұсқап, қорқытып, үркітуге талаптанды. Бірақ менде осы жайтты бейнежазбаға түсіріп алуға мүмкіндік болмады", – деп қынжылады Дінмұхамед Қанаев.

Мобильді құрылғыларды ішкі істер органдары ғимараттарында пайдалануға рұқсат етпей жатқанына қатысты азаматтардың шағымына ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз блогы арқылы жауап берді. Оның мәліметінше, меморгандардың әкімшілік ғимаратына өткізу және ішкі нысандық режимді қамтамасыз ету тәртібін реттеу мақсатында әр ведомствоның басшысы өз бұйрығымен тиісті қағида бекітеді. Ол құжатта "Күзет қызметі туралы", "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" және "Ішкі істер органдары туралы" заңының нормалары, сондай-ақ құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың ережелері ескерілуге тиіс.     

"Құпия және қызметтік ақпарат ұялы телефондар, планшеттер, смарт-сағаттар секілді мобильді құрылғылар арқылы сыртқа ағып кетуі мүмкін. Ақпараттық қауіпсіздікті арттыру үшін меморгандар, соның ішінде ІІМ осының алдын алу бойынша практикалық шаралар қабылдады. Сондықтан қызметкерлерге және келушілерге меморгандардың әкімшілік ғимараттарына интернет модульдері, фото және видеокамералары бар мобильді құрылғылар алып кіруіне тыйым салынды. Бұл тыйым тек рапорты бар ІІБ жұмыскерлеріне, қызметкерлерге, әскери қызметшілерге таралмайды", – деді министр Ерлан Заманбекұлы.

Оның айтуынша, бұл талап бүгінде "меморгандардың бірлескен бұйрығымен бекітілген". Ол құжат мемлекеттік күзетуге жататын нысандарда Өткізу және объектішілік режимдерді қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіпті.

"Атап өтер жайт, бұл талап тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, сондай-ақ меморгандар ғимаратына кіретін азаматтарға да қатысты", – деп ескертті ІІМ басшысы. 

Дегенмен, шағымданушылар қазіргі кезде меморгандардың қызметкерлері смартфондарын ішке алып кіретініне назар аудартады. Құрылғылар тек келушілерден алып қойылады екен.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу