Теңге девальвацияға ұшыраса, жинақ банкінің активтері күрт құнсызданады

4439

Ел Үкіметі қуатты мемлекеттік банк тұрғызу ісін өрістетуде.

Теңге девальвацияға ұшыраса, жинақ банкінің активтері күрт құнсызданады Фото: egemen.kz

Мемлекет "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына тағы 50 миллиард теңге ел қаржысын құю туралы шешім шығарды.

Осыған орай премьер-министр Асқар Мамин қол қоятын арнайы қаулы әзірленді.

Айта кету керек, сонымен бірге "ҚТҚЖБ" қаржылық есептіліктің халықаралық стандарты бойынша өз есебін де жариялап отыр. Оған жүгінсек, қазақстандық осы бірегей мемлекеттік банктің активтері 2018 жыл ішінде ғана үштен бірге артқан. Мұндай орасан қарқынға отандық коммерциялық банктердің барлығы тек қызыға қарайды.

Бюджеттен ұзақ мерзімді әрі "су-тегін" бюджеттік кредитті тұрақты түрде алатын "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" байыған үстіне баюда: аудирленген қаржылық есебінде айтылғандай, өткен жыл қорытындысында ол 26,455 миллиард теңге көлемінде таза пайда тауыпты.

Салыстыра кету үшін келтірсек, 2017 жылы мембанктің таза пайдасы 25,587 миллиард теңгені құраған. Осылайша, бұл көрсеткіші бір жыл ішінде 3,4 пайызға өсті.

Таза пайдасы көп артпағанымен, ҚТҚЖБ активтері болса, 2018 жылы 31 пайызға ұлғайған және 998,34 миллиард теңге болды.

Яғни, таяуда мембанк триллиондық межені бағындырмақ.

Дегенмен, соның ішінде банктің төл капиталы 199,662 миллиард теңге ғана екен. Оның жарғылық капиталы да өзгеріссіз, 78,3 млрд теңге көлемінде қалды.

Еліміздегі көп банктерден кейін, тек 2003 жылы құрылған құрылыс жинақ банкі қазіргі кезде серпінді түрде рейтинг басына өрлеп келеді. Атап айтқанда, 2019 жылдың І тоқсанының қорытындысында, ҚТҚЖБ Қазақстанда жұмыс жасайтын 28 банктің ішінде активінің көлемі бойынша 8-ші орынды алған. 

Сарапшылар биылғы жыл соңында бұл рейтингте одан да биік көтеріледі деп болжауда. Бұған "Салымшыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы" Үкімет қаулысы ықпалын тигізері сөзсіз.

Құжатқа сәйкес, аталған банкке бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітіледі. Бұл үшін қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері ҚТҚЖБ-мен кредиттік келісімшартқа отырады. Тиісінше, осы екі ведомство банктің "кредит берудің негізгі және қосымша шарттарын орындауын", "бюджеттік кредиттің мақсаты және тиімді пайдаланылуын, уақтылы өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін" бақылауға жауапты болады.

Сонымен, биылғы бюджеттен "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" 50 миллиард теңге бюджеттік кредит 25 жыл мерзімге жылдық небары 0,01 пайызға тең сыйақы мөлшерлемесімен, теңгемен беріліп отыр.

Осынша миллиардтық сома банкке бөліп-бөліп, бірнеше траншпен емес, бірден құйылады. Бұл жайында құжатта: "Республикалық бюджеттен кредитті бөлу ҚТҚЖБ корреспонденттік шотына бюджеттік кредиттің барлық сомасын біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады" делінген.

Мемлекет пен банк арасында бекітілетін шартқа сай, 50 миллиардтық қаражат көп балалы аналарға 2 пайыздық арзан ипотека түрінде таратылуы керек.

"Бюджеттік кредит берудің мақсаты – қарыз алушы ҚТҚЖБ-ның "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының "Аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй алуына кредит беру" бағыты бойынша қатысушыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беруі, бұл ретте сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 2 (екі) пайыздан аспауға тиіс", – делінген шартта.

Осы орайда жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемдарын берудің жеңілдікті тетігін жүзеге асыру мақсатында  енді бюджеттен "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" 50 миллиард теңгеден жыл сайын құйылып отыратын болады.

Айтқандай, алда қазақстандық бизнес те осы мембанктен үлес иелене алуы мүмкін. Осының алдында ҚТҚЖБ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова журналистерге банктің биыл ІРО-ға шығарылуы ықтимал екенін мәлімдеді.

"2019 жылы "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкін" жекешелендіру жайы әзірге нақты анықтала қойған жоқ. Бірақ ІРО-ға шығу мүмкіндігі қарастырылуда. Өйткені компанияның көрсеткіштері жақсы. Банк капиталының табыстылығы бойынша көшбасшылардың "үштігіне" кіреді", – деді ол.

Қазақстан Үкіметі бұл жинақ банкіне стратегиялық инвестор тарту мүмкіндігін қарастыруда.

Ляззат Ибрагимова 2018 жылы әлеуетті инвесторды таба алмағандарын жеткізді. Бұған нарықтардағы болжамсыздық, валюталық тәуекелдер секілді бірқатар факторлар кері әсер етіпті. Себебі, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің барлық активтері тек теңгеде көрінеді. Демек, алда ұлттық валюта девальвацияға ұшыраса, активтері күрт құнсызданады. Ал шетелдік инвесторлар тек доллармен сөйлеуді ұнататыны мәлім. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу