"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына қарасты "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы жазға дейін 85 ескі вагонды жаңаламақшы. Компания өкілінің айтуынша, бір вагонды жаңғыртуға кемінде 100 млн теңге кететін көрінеді. Бірақ мұндай "майлы тапсырыс" отандық вагон жөндеуші зауыттарға бұйырмайтын түрі бар. Оның себебін "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының бас директорының орынбасары Асылхан Қалдыкөзов жөндеу сапасына талаптың күшейгенімен түсіндірді.
"2019-2020 жылдар аралығында 85 вагонды қайта жаңғырту жоспарланған. Жаңғырту дегенде вагонның қаңқасы ғана қалады. Қалған бөліктері түгелдей жаңаланады. Бір вагонды жаңғыртуға 100 млн теңгеден астам қаражат кетеді. Ал жаңадан сатып алса, бір вагонның құны 400 млн теңгеден басталады. Қазақстанда вагон жөндейтін үш компания бар. Оның ішінде ең ірісі – Алматы вагон жөндеу зауыты. Бірақ біздің зауыттардың шамасы мұншама көлемді игеруге жетпей жатыр. Оның үстіне сапа мәселесі түбегейлі бірінші орынға қойылып отыр. Қаңтар айының ішінде жаңғыртудан өткен вагондардың алғашқы партиясын аламыз. Еуропалық сапа мен стандартқа сай болады деп күтіп отырмыз", – деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Асылхан Қалдыкөзов жаңғыртуға жарамды деп іріктелген вагондардың қай елде жөнделетінін де атады.
"Вагондарды жаңғыртуға 3 елдің компанияларын тартып жатырмыз. Бір бөлігі Беларусь елінде жөндеуден өтіп жатыр. Тағы бір бөлігін Украинада жөндейтін шығармыз. Бір бөлігі Ресейде жөндеуден өтеді. 85 вагонды жазғы тасымалға дейін жаңғыртып шығаруымыз керек. Негізгі мақсат осы боп тұр", – дейді ол.
Қазіргі таңда "Жолаушылар тасымалы" АҚ иелігінде 2200 вагон бар көрінеді. Биыл соған қосымша 118 жаңа вагон сатып алу көзделіп отыр.
"Былтыр 91 вагон сатып алған болатынбыз. Ресейлік "Трансмашхолдинг" компаниясының технологиясы бойынша құрастырылған. Бізде жыл сайын 100-ден астам вагон істен шығады. Олардың орнын толтыру үшін не жаңадан сатып алу керек, не ескілерін жаңғырту қажет. Сатып алайық десек, қаржылық мүмкіндігіміз шектеулі. Бір сәтте жүздеген вагонды сатып алу мүмкін емес. Сондықтан қосымша жаңғырту тәжірибесін қолданып келеміз. Жаңғыртудан өткен вагонның жаңа вагоннан айырмашылығы шамалы", – дейді Асылхан Қалдыкөзов.
Есімжан Нақтыбайұлы