Егер бұл жоба күткен нәтижесін берсе, шөлдің орнына жасыл белдеу пайда болуы ғажап емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Болат Өтемұратов қоры халықаралық серіктестерімен бірге Арал түбінің экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған инновациялық жобаны іске қосты. Жаңа бастама алғаш рет Е-seed технологиясын, тұқымды өздігінен көметін капсулаларды дрон арқылы отырғызу әдісін нақты шөлейт ландшафтта сынап көрмек. Бұл жоба – өңірдің ғана емес, тұтас планетаның экологиялық қауіпсіздігі үшін шешуші қадам, – дейді журналист Оразкүл Бақытжанқызы.
Болат Өтемұратов қорының Зерттеу, даму және интернационализация бойынша директоры Темірлан Ербосыновтың сөзінше, тұз бен улы шаңға қарсы тосқауыл жасайтын, адамдардың денсаулығын жақсартатын және бүкіл Жердің болашағына үлес қосатын жоба іске қосылуда.
– Дронмен егу әдісін қолға алмас бұрын көптеген тәсілді байқап, тәжірибеден өткіздік. Нәтижесінде, ең жақсы тәсіл мен өсім түрі АҚШ пен Австралиядан табылды. Бірақ ондағы өсім деңгейі 15-20 пайыздан аспайды. Одан әрі зерттеу жұмысы барысында Беркли университетінің жасаған технологиясына тоқталып, нақты шешімге келдік. Зерттей келе, егілген дәннің ерекшелігі – ылғалды өзіне жинап, өңір ыстығына шыдамды, желмен ұшып кетуден, құстарға жем болудан қорғайды, – дейді ол.
Пилоттық сынақ 2026 жылдың наурыз айынан бастап 1 гектар аумаққа тұқым отырғызудан жүзеге асырылады. Егер ғылыми негізделген жерсіну көрсеткіші 20 пайыздан асып түссе, 2027 жылы жоба екінші кезеңге өтіп, Аралдың 50 гектар құрғаған табанына тұқым себу жоспарланған. Эксперименттік жобаның жалпы құны 600 мың АҚШ долларын құрайды.
– Қазіргі уақытта бірнеше түрлі өсімдікті тәжірибен өткізіп, сынақты бастап кеткендіктен, күтілетін үміт зор деп айтқым келеді. Яғни, дронмен әртүрлі өсімдік тұқымдарын егу жұмыстары жүргізілуде. "Дронмен дәндер қалай егіледі?" дейтін болсаңыздар, дрон арқылы жоғарыдан жерге қарай лақтырылған тұқымдар жер астына арнайы үшкір құрылымның көмегімен өздігінен кіріп кетеді. Бұрын айтылғандай, жер бетінде қалып қойып, желмен ұшып кеті қаупі жоқ. Сондықтан да күтілетін нәтиже жоғары, – деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Рахат Құрманбаев.
Осыған дейін inbusiness.kz тілшісі "Қазақстанның шөлді аймағында алып орман пайда болуы мүмкін" деген тақырыпта сараптамалық мақала жазған еді.