Нұр-Сұлтан қалалық сотында "ПремиумТранс Ойл" АҚ-ның "Көліктік сервис орталығы" АҚ-ға қатысты талабы бойынша екінші инстанциялы сот отырысы өтті.
Белгілі болғандай, Премиум Транс КСО-мен Белкөл станциясындағы №21 кірме жол қызметі бойынша келісімге отырған. Атап өтерлігі, дәл осы темір жол бөлігінде басқа жол жоқ, мұндағы қызметті экономика министрлігінің табиғи монополиялар комитеті реттейді.
2018 жылы тараптар келісімге қол қойған. "ПремиумТрансОйл" заңгері Әлімжан Низамединовтың айтуынша, уақыт өте келе кірме жолдың КСО-ға тиесілі емес екені анықталған.
"Біз осыны негізге ала отырып, қызмет ақысын төлеуді тоқтаттық, нақтылайтын болсақ, 2018 жылдың желтоқсан айында төлем жасаған жоқпыз. Олардан құқық белгілеуші құжаттарды сұраттық. Компания құжаттарды ұсынбады, тек 2017 жылғы мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманы көрсетті. Онда кірме жол 2017 жылы қабылдап алу актісі, яғни бухгалтерлік құжат негізінде тіркелгені ғана айтылған. Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру тізілімі сайтында 2015 жылы КСО сатылған кездегі сауда туралы парақша орналастырылған. Тендерлік құжатта КСО АҚ-ны (ол кезде "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның еншілес компаниясы болған) сату үшін 2014 жылдың желтоқсан айында жасалған мүлікті бағалау актісі бар. Мүлікті бағалау актісінде Белкөлдің кірме жолы көрсетілмеген, оны сатып алу барысында компания теңгерімінде бұл жол болмаған", – деді Ә.Низамединов.
Оның сөзінше, соттың алғашқы отырысында мемлекеттік мүлік комитетінің өкілі мүлікті бағалау барысында мүліктің 100% құны бағаланатынын, бұл жерде осы шарт орындалмағанын айтқан.
"Бұдан шығатыны, 2015 жылы "КСО" АҚ-ның иелігінде кірме жол болмаған. Ал 2016 жылы тариф белгілеу барысында меншік құқығы тіркелмеген, сондықтан белгіленген тариф кірме жолға қолданылмауы керек", – деді заңгер.
Ол нысан тіркеуден заңсыз өткізілгенін және құқық белгілеуші құжатсыз рәсімделгенін айтты.
"Бұл жол мемлекеттен алынған. Бұған үкіметтің "ҚТЖ" ҰК" ЖАҚ құру туралы 2002 жылдың 15 наурызындағы №310 қаулысы дәлел. Қаулыға сәйкес, КСО АҚ-ның 100 пакет акциясы ҚТЖ-ның жарғылық капиталына берілген. Сөз болып отырған жол КСО-ға берілгеннен кейін қайтадан ҚТЖ-ға қайтарылған", – деді Ә.Низамединов.
Заңгер КСО сотқа талап етілген және тиісті құжаттардың түпнұсқасын ұсынбағанын және олардың дұрыстығы мен заңдылығын анықтау мүмкін еместігін алға тартты.
"Бірінші инстанциялық сотта КСО АҚ жолға қатысты құқық белгілеуші құжаттарды, меншік құқығының ауысуы мен КСО АҚ теңгеріміне өткенін растайтын құжаттарды ұсынған жоқ. Олар бұл нысанды мемлекеттен алмаса, тарифті қалай бекітті, компанияға теңгерімінде жоқ нысанға қатысты келіссөзді қалай жүргізді?", – деді "ПремиумТрансОйл" ЖШС өкілі.
Сөз арасында ол 2018 жылы ҚТЖ КСО-ның үстінен сотқа шағым түсіріп, кері жол ұлттық компанияның меншігі екенін алға тартқан. Алайда Қызылорда облысының соты ҚТЖ-ның арызы дұрыс жолданбағанына байланысты сот өндірісін тоқтатқан.
"ПремиумТрансОйл" ЖШС заңгері КСО-ның тарифі жоғары екенін тілге тиек етіп, басқа кірме жолдар бойынша тариф бір вагон үшін 300 теңгені, ал КСО-да 2250 теңгені құрайтынын жеткізді.
"Көліктік сервис орталығы" АҚ президенті Есімжан Қамбаевтың пікірінше, "ПремиумТрансОйл" компаниясы дебитор болса да, көрсетілген қызметке ақы төлеуден бас тартып отыр. Ал "ПремиумТрансОйл" заңгерінің сөзінше, қарыз сомасы шамамен 400 мың теңге.
Жолдың кері жағы
КСО заңгерлерінің мәлімдеуінше, іс материалдарында түзету бар, соған сәйкес қашықтығы 0,496 шақырымды құрайтын №21 кері жолы 1999 жылдан бері КСО-ның құқықтық мұрагері болып табылатын "Фирмалық көлікке қызмет көрсету орталығына" берілген.
"Мемлекеттік мүлік комитетінің хаты бар, онда "Сана Капитал" ЖШС-ның аудиторлық актісінде белгіленген ФКҚКО МҚК-ның барлық мүлігі КСО ЖШС-ның жарғылық капиталына берілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тараптар арасында талап бойынша келісім жасалса, келісім жасалған болып саналады. Келісім ("ПремиумТрансОйл" және КСО арасында - ред.) жасалды, бүгінге дейін тариф пен меншік құқығына шағым түскен жоқ.
Жолдың құқықтық негіздемесі соттың бірінші отырысында анықтама арқылы анықталды. Анықтаманы 2017 жылдың 17 маусымында "ҚТЖ" ҰК" АҚ ұлттық операторы Қызылорда станциясы жолдары басшысының орынбасары берген. Ол меншік құқығы 2017 жылы тіркелгенін растайды, бірақ "ПремиумТрансОйлмен" келісім бұдан кейін, яғни 2018 жылдың ақпанында жасалған", – деді КСО өкілдері.
Айта кетейік, 2018 жылдың басында қостанайлық кәсіпкерлер КСО-ға қарсы сотқа шағымданған. Наурыз айында экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті тексеріс жүргізген. Оған ШҚО, СҚО, БҚО, Қостанай, Алматы облыстары және Алматы қаласының кәсіпкерлерінен түскен шағымдар негіз болған.
Айтпақшы, тараптар арасындағы түсініспеушіліктің түйіні тарқаған жоқ. Соттың келесі отырысы 2019 жылдың 26 маусымында өтетін болды.
Қанат Махамбет