"Қазақстан темір жолы" тағы 40 млрд теңге қарыз тартты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
8629

 ҚТЖ қарызы миллиардтап артуда.

"Қазақстан темір жолы" тағы 40 млрд теңге қарыз тартты

ҚТЖ осынша миллиардтарды "Қазақстандық қор биржасында" (KASE) 15 жылдық облигацияларын орналастыру арқылы тауып отыр.

KASE хабарлауынша, ұлттық темір жол операторы өзінің KZ2C00005866 (TMJLb6) облигацияларына арзан қаражат тарта алды: 2034 жылғы 20 тамызға дейін шығарылған құнды қағаздың сыйақысына ұлттық компания жылдық 2% ғана төлейді.

Биржадағы ҚТЖ облигацияларын сату бойынша мамандандырылған саудаға жалғыз ғана қатысушы қатысқан. Ұлттық компанияның 40 миллион қағазының әр данасын 1 мың теңгеден сатып алып, 40 млрд теңгені де сол берді.

Алматыдағы "Орталық құнды қағаздар депозитарийі" АҚ-ы дерегінше, сауда нәтижесі бойынша тараптар есеп айырысып, мәмілені орындаған. Нақтылай кетсек, өтініштің қабылданғаны 11:30 шамасында расталса, қаржының төленген уақыты ретінде сағат 13:30 көрсетілген. Облигациялар 5 мың 400 күнге беріліп отыр.

Қазақстандық қор биржасы өтініш "жабық" тәсілмен берілгенін мәлім етті. Яғни, ҚТЖ құнды қағаздарын кімнің иеленгені белгісіз.

Жалпы, компания дүркін-дүркін қомақты қарыз алып тұрады. KASE сарапшылары биылғы 10 шілдеде солардың бірі – халықаралық облигациялар бойынша (XS0799658637, US48667DAD66, TMJLe1) "Қазақстан темір жолы" 14-ші рет төлем төлегенін мәлім етті. Төлем көлемі 38 миллион 225 мың долларды құраған. 

Бұдан бөлек, 2019 жылғы 26 шілдеде ҚТЖ тағы бір облигациялары (KZ2C00004109, TMJLb4) бойынша төртінші купонын өтеді. Оның сомасы 1 миллиард 375 миллион теңгеге жетті.

Бұдан бұрын ірі көлемдегі қарызды "Қазақстан темір жолы" 2016 жылғы 25 сәуірде тартқан болатын: онда ол Алматыда орналасқан отандық биржада 50 миллиард теңгеге облигацияларын орналастырды (KZP01Y10F217, KZ2C00003564, TMJLb3). Бірақ ол үшін төлейтін сыйақысы да мол – 10 жыл бойы жылдық 16,92%-дан беріп отырады. 

Былтырғы 2017 жылы ҚТЖ өз тарихында алғаш рет төл құнды қағаздарын ресейлік рубльде орналастырды. Айтпақшы, бұған дейін посткеңестік кеңістікке кіретін бір де бір мемлекеттің ұлттық компаниясы Ресей нарығында мұндай корпоративтік шығарылым жасауды жөн көрмепті. Алпауыт көршісін қолпаштап, шашбауын көтеріп жүретін Қазақстан бұл салада да алғашқы болды.

ҚТЖ сонда ресейлік инвесторларға 8,75% сыйақы төлеуге міндеттеме алып, 5 жылға 15 млрд теңге тартты.

"Қазақстан темір жолының" жиынтықты қаржылық есебіне жүгінсек, 2019 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша компания тобының ағымдағы міндеттемелері ағымдағы активтерінен 195 370 000 000 теңгеге асып түсіп отыр.

Құжатта ҚТЖ-ның Үкіметтен алған капитал есебінен және қарыз қаражаттарға ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырып келе жатқаны атап өтіледі.

Компания тобы қарыздарын сөндіру үшін он екі ай ішінде 137 374 000 000 теңгені кредиторларына төлеуі тиіс.

Есепте "2019 жылғы 31 мамырдағы жағдайға сәйкес, Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның қарызы 1 триллион 241 миллиард 393 миллион теңгені құрайтыны айтылған.

Осының алдында, 2018 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша одан 40 миллиардтайға аз – 1 трлн 207,1 млн теңге болды.

Енді төрт айдай уақыт өткенде тағы қырық миллиардтайға артуда.

Сонда осынша миллиардтар қайда кетуде? ҚТЖ дерегінше, биылғы жылғы бірінші тоқсанда компания тобы 973 млн теңгеге жүк және жолаушылар вагондарын, локомотивтерді, басқа да негізгі құралдар түрінде активтерді сатып алған.

Жыл басынан бері "Құрық" теңіз портындағы паром кешенінің құрылысын жалғастыруға 1 млрд 339 млн теңге жұмсалған. Өткен жылы "Құрыққа" 5 млрд 728 млн теңге бағытталған болатын.

Ұлттық компания темір жол инфрақұрылымына қатысты өзге де жобаларды іске асырып жатыр.  

Айта кету керек, 1997 жылы құрылған "Қазақстан темір жолы" еліміздегі барлық темір жол желісінің операторы болып табылады және ол жолаушылар мен жүкті темір жол көлігімен тасымалдауды жүзеге асырады. Жалғыз акционері – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу