KASE-нің көрсеткіші кем болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
22307

Қазақстан қор биржасының табысы 23,7 трлн теңгеге қысқарды. 

KASE-нің көрсеткіші кем болды

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасының (KASE) сауда-саттықтан түскен жиынтық табысы 127,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 15,6 %-ға немесе 23,7 трлн теңгеге кем көрсеткіш.

KASE басқармасының төрағасы Алина Алдамбергеннің айтуынша, корпоративтік қарыз 21%-ға көбейіп, 10,8 трлн теңгеге жеткен.

"Бұған дейінгі рекордтарымызды қайталай алмадық. Биыл эмитенттеріміз жоғары нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз", – деді ол.

Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, бағалы қағаздар нарығында 41,2% өсім тіркелген. Шетел валюталарының нарығындағы оң нәтиже 9,1% болған. Алайда ақша нарығы 19%-ға қысқарған. Бұған валюталық своп операцияларының шекті көлемде жүруі себеп болған.

"Астана" халықаралық қаржы орталығының пайда болуы және сауда-саттықтың 2,5 есе өсуі жоғарыдағы факторларға негіз болды", – деді Алина Алдамберген.

Оның сөзінше, облигация нарығында 26 эмитент листингтен өткен.

"Облигацияны дәстүрлі түрде шығаратындардың қатарында әдеттегідей банктер мен ұлттық компаниялар болды", – деді KASE басқармасының төрағасы.

2018 жылдың қорытындысы бойынша қордың индексі 6,6% ғана өсіпті. Бұл туралы KASE басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк баяндады.

"Егер біз әлемдік нарықтағы негізгі индекстармен салыстыратын болсақ,KASE-нің MOEX-қа ғана есе жібергенін көреміз. Дүниежүзіндегі нарықтардың индекстері жыл соңында құлдырап кетті. Біздің индекс өсім көрсетті", – деді басқарма төрағасының орынбасары.

KASE индексінде KAZ Minerals қана төмен көрсеткіш көрсетіпті. Осы турасында Андрей Цалюк: "Индекс KAZ Minerals Ресей Федерациясының Чукот автономиялы округіндегі "Баимская" мыс жобасын сатып алғаннан соң түсіп қалды. Себебі инвесторлар аталмыш жобаның тәуекелі көп деп қауіптенді", – деді.

Абырой болғанда басқа компаниялар оң нәтиже көрсеткен. Мұны басқарма төрағасының орынбасары былай деп тілге тиек етті: "Қазақтелеком" 63%, Halyk Bank 22%, БанЦентрКредит 19%, KEGOC 15% өсім көрсетті".

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу