KASE индексінің мәні 3,3%-ға кеміді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4051

Репо операцияларының нарығы ғана оң нәтиже көрсетті.  

KASE индексінің мәні 3,3%-ға кеміді

Ақпан айында Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықтың жиынтық көлемі 10 млрд 252,9 млн теңгені құрады. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда 12,2 %-ға немесе 1 млрд 115,2 млн теңгеге көп көрсеткіш.

Дегенмен өткен айдың қорытындысында KASE индексінің мәні 3,3%-ға кеміді. Ал акция нарығының капитализациясы 0,02 %-ға қысқарып, 17,1 трлн теңгеге азайды. 

Өткен айда биржаның ресми тізіміне 72 эмитенттің 272 корпоративті облигациясы орналастырылды. Олардың табыстылық индексінің мәні 10,72% -ды көрсетті.

Ақпанда қор биржасының бастапқы нарығына құны 30,6 млрд теңгені құрайтын корпоративті облигациялар шығарылды. Нәтижесінде "Баспана ипотекалық компаниясы" АҚ облигациялары 29,2 млрд теңге тартты. Мұндағы орташа табыстылық жылына10,7%-ды құрады.

"ҚазАгроФинанс" АҚ 4,9 жылда өтеу шартымен жылына 13% үстемемен 1 млрд теңге тартты, ал "ТехноЛизинг" ЖШС KASE-ге жылына 16% үстемемен облигация орналастырып, 405,2 млн теңгеге ие болды.

Корпоративті облигациялардың бастапқы нарығында инвесторлардың көшін екінші деңгейлі банктер бастады. Олардың үлесі – 43,4%-ды құрады.

Осы жерде брокер-дилерлердің қатынасы – 5%, басқа институционалды инвесторлардың үлесі – 36,9%, заңды тұлғалардың әрекеті – 14,7%, жеке тұлғалардың белсенділігі – 0,1%, ал резидент еместердің үлесі – 1,1% болды.

Облигациялардың қайталама нарығындағы сауда көлемі 75,4%-ға кеміді. Бұл жерде де екінші деңгейлі банктер топ бастап, қатысу үлесінің 30,4%-ын иеленді. Ал брокер-дилерлер – 16,1%, басқа институционалды инвесторлар – 25,8%, заңды тұлғалар – 22,5%, жеке тұлғалар – 5,2%, резидент еместер – 5,9%-ды құрады.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы сауда-саттық ақпан айында 47,7%-ға азайды. Бастапқы нарықтағы сауда көлемі 89,3 млрд, қайталама нарықтағы сауда көлемі 166,5 млн теңгеге пара-пар болды. Сегіз компания инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарын сатты. Олар есептік кезеңде сауда көлемін 402,9 млн теңгеге жеткізді.

KASE басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюктің сөзінше, 1 наурызда қор биржасының орталық депозитариінде жеке тұлғалардың 118 773 есепшоты бар екені анықталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде орталық депозитариде 116 824 есепшот болған.

Есептік кезеңде шетел валютасы нарығындағы сауда көлемі азайып, 797 млрд 8 млн теңгені құраған. Бұдан бір ай бұрын бұл көрсеткіш 107,4 млрд теңгеге артық болған.

Есептік кезеңде репо операцияларының нарығы оң нәтиже көрсетті. Бұл сегменттегі сауда көлемі 8 032,3 млрд теңгені құрап, бір ай бұрынғы нәтижеден 28,7%-ға артық болды.

Айта кетейік, KASE Орталық Азия аймағындағы жетекші қор биржасы саналады. Ол бағалы қағаздармен сауда-саттық жасау көлемі бойынша ТМД қор биржаларының арасында екінші, ал FEAS қор биржаларының арасында нарықтық капиталдандыру деңгейі бойынша алтыншы орынға орналасқан. KASE – әмбебап сауда-саттық алаңы ретінде танылған. Себебі мұнда репо нарығының құралдары, шетел валюталары, мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздар, халықаралық қаржы институттарының облигацияларына қатысты қаржылық операциялар атқарылады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу