Екібастұз қаласының аумағында орналасқан "Бозшакөл" кен байыту компаниясы 2019 жылдың қорытындыларын жариялады. Ресми мәліметке сүйенсек, кәсіпорын 2019 жылдың төртінші тоқсанында 9 млн 59 мың тонна кен өндірген. Жалпы, бір жыл ішіндегі көрсеткіш 35 693 мың тоннаны құрады. Статистикалық деректер бұл цифрдың 2018 жылдың деңгейінен әлдеқайда жоғары екенін көрсетіп отыр. 2018 жылы кәсіпорында 30 722 мың тонна кен өндірілген еді.
Кен өндірісінің ұлғаюына негізінен каолин балшығы бар кеннің қосымша қорын ашу себеп болған. Биыл қорлардан өңделген каолин балшығы бар кеннің көлемі айтарлықтай көп болады деп күтілуде.
Мыс өндірісі үшінші тоқсанда 32,1 мың тоннаны құраса, төртінші тоқсанда сәл-пәл кеміп, 31 мың тоннаға тең болды. Диірмендердің қаптамасын ауыстыру өндіріс барасында кендегі мыстың жоғары үлесін бір қалыпты еткен. Мыс өндірісінің жылдық көлемі 110,2 мың тоннаны құрады. Әу бастағы жоспар 105-115 мың тонна деп көрсетілген болатын. Демек, компания мыс өндіру жоспарын ойдағыдай орындады және бұл көрсеткіш 2018 жылдың деңгейінен 8 %-ға жоғары. 2018 жылы 101,6 мың тонна мыс өндірілген еді.
Кенді өңдеу көлемінің азаюына байланысты алтын өндірісі үшінші тоқсандағы 43,4 мың унция деңгейінен төртінші тоқсанда 41,8 мың унцияға дейін төмендеген. Жалпы, 2019 жылы 144,8 мың унция алтын өндірілді. Бұл 2018 жылға қарағанда 13%-ға артық. 2018 жылы 127,8 мың унция алтын алынған еді. Осылайша, биылғы нәтиже 130-140 мың унция көлемінде белгіленген болжамнан асып түсті. Бұл кендегі алтынның орташа үлесінің жоғарылығы мен бөліп алудың жоғары коэффициентінің нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Өткен жылы 803 мың унция көлемінде күміс өндірілді. Бұл 700 мың унция көлемінде белгіленген жоспардан жоғары. Күміс өндірісі 2018 жылмен салыстырғанда 21%-ға өскен. 2018 жылы көрсеткіш 666 мың унцияны құраған-ды.
Жалпы, құрамына "Бозшакөл" кен байыту комбинаты кіретін KAZ Minerals тобы 2019 жылы 311,4 мың тонна мыс өндірген. Бұл 2018 жылға қарағанда (294,7 мың тонна) 6%-ға жоғары. Ақтоғайдағы өндірістің қарқыны нәтижесінде компания жоспарлы 300 мың тоннаға жуық көрсеткіштен асып түсті. Бозшакөл мен Ақтоғайдағы сульфидті кендерді өңдейтін фабрикалар 2019 жылы есептік өткізу қуаттылығымен жұмыс істеген.
Бозшакөл және Бозымшақ кен орындарында жоғары үлестің есебінен алтын өндіру жыл бойында 10%-ға артып, 201,5 мың унцияға дейін жетті. 2018 жылғы көрсеткіш 183,4 мың унция еді.
"Төртінші тоқсанда KAZ Minerals жоғары операциялық нәтижелерді көрсетті. Қазақстандағы ашық түрдегі ірі масштабты кеніштеріміз рекордтық деңгейге жетті. Бозшакөл мен Ақтоғайдағы сульфидті кен өңдейтін негізгі фабрикалар 2019 жылы есептік өткізу қуатында жұмыс істеді. Мыс пен алтын өндірісінің жылдық көлемі тиісінше 311 мың тонна және 201 мың унция болып, жоспарланған жылдық көлемнен асып түсті. Топ өндірістің өсуін төмен шығынмен үйлестіруді жалғастыруда. Ал Ақтоғай кен байыту комбинатын кеңейту жобасы аясында 2021 жылы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін өндіріс көлемінің ұлғаюына ықпал етеді", – дейді KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.
Операциялық шығындары бойынша Бозшакөл халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындар арасында бірінші квартильге кіреді. Оның кен өңдеу қуаты жылына 30 млн тоннаны құрайды. Кенішті әлі 40 жылға жуық уақыт бойы пайдалануға болады. Кендегі мыс құрамы – 0,37%. Карьер мен кен байыту фабрикаларының өндірісі 2016 жылы басталды.
Еске сала кетейік, КAZ Minerals Қазақстанда, Қырғызстанда және Ресейде заманауи, ірі ауқымды, азшығынды карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған мыс өндіруші компания. Компания операциялық қызметін Павлодар облысындағы Бозшакөл және Шығыс Қазақстандағы Ақтоғай ашық кеніштерде, сонымен қатар Шығыс Қазақстанда орналасқан үш кеніш пен үш кен байыту фабрикаcында және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді.
2019 жылдың қаңтар айында топ Ресей Федерациясы Чукот автономиялы округіндегі Баимская мыс жобасын сатып алды.
KAZ Minerals PLC компаниясының акциялары Лондон және Қазақстан қор биржаларында айналымда. KAZ Minerals-та шамамен 15 000 адам жұмыс істейді.Олардың басым бөлігі Қазақстан азаматтары.
Фархат Әміренов