"Бозшакөл" алты айда қанша мыс өндірді?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
18217

"KAZ Minerals" тобы 2020 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысын жариялады.

"Бозшакөл" алты айда қанша мыс өндірді?

2020 жылдың бірінші жартыжылдығында "Бозшакөл" кен байыту комбинатында кен өндіру каолин балшығы бар шикізатты аршуды қысқарту есебінен 19%-ға, яғни, 14,3 млн тоннаға дейін қысқарды. Дәл бір жыл бұрынғы көрсеткіш 17,5 млн тоннаны құраған еді. Компания өкілдерінің айтуынша, кен өндірудің төмендеуі кеніштің жоспарларына сәйкес келеді және ол сульфидті кен өндірудің 16 пайызға өсуімен ішінара өтеледі.

Өткізу қабілетінің жоғарылығынан және кен құрамындағы металдың орташа мөлшерінің нәтижесінде мыс өндірісі 28 пайызға артып, 60,4 мың тоннаны құрады. 2019 жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіш 47,1 мың тонна болған еді. 2020 жылдың бірінші тоқсанында мыс өндіру 29,8 мың тоннаға тең болды. Екінші тоқсанда 30,6 мың тонна мыс өндірілді. Көрсеткіш бірінші тоқсанмен салыстырғанда 3 пайызға жоғары.

"Мыс өндірісінің жоспарлы жылдық аралығы 110-120 мың тонна деңгейінде сақталады. Дегенмен, өндіріске COVID-19-ға байланысты үзілістер, сондай-ақ, жылдың екінші жартысындағы жоспарлы техникалық қызмет көрсету әсер етуі мүмкін", – делінген "KAZ Minerals" тобының ресми хабарламасында.

2020 жылдың алғашқы жартысында өңдеу көлемінің ұлғаюы, кендегі металдың орташа мөлшерінің және бөліп алу коэффициентінің жоғары болуының нәтижесінде алтын өндіру 40 пайызға артып, 83,3 мың унцияға дейін жетті. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 59,6 мың унция еді. Екінші жартыжылдықта металл мөлшерінің және қайта өңдеу көлемінің төмендеуіне байланысты өндіріс көлемі азаюы мүмкін. Соған қарамастан, алтын өндірісінің жылдық ауқымы 140-150 мың унция деңгейінде сақталып отыр.

Күміс өндірісінің көлемі бірінші жартыжылдықта өңдеу көлемі мен кендегі металл мөлшерінің ұлғаюы есебінен 465 мың унцияға дейін жеткен (2019 жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіш – 334 мың унция). Өсім 39 пайызды құраған. Күміс өндірісінің жылдық жоспары өзгеріссіз қалды. Яғни, шамамен 700 мың унция өндірілуі керек.

Жалпы, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында "KAZ Minerals" тобы 153,8 мың тонна мыс өндірді. Бұл 2019 жылдың бірінші жартысымен (147,6 мың тонна) салыстырғанда 4 пайызға артық. Бұған негізінен байыту фабрикаларының өткізу қабілетінің жоғарылығы және "Бозшакөл" кеніндегі мыстың жоғары мөлшері себеп болған. Алтынның өндірісі 25 пайызға артып, 109,7 мың унцияға дейін жетті. 2019 жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіш – 87,7 мың унция.

Биылғы алғашқы жарты жылда Шығыс Қазақстан облысындағы "Ақтоғай" кен байыту комбинатында 67,6 мың тонна, Павлодар облысындағы "Бозшакөл" кен байыту комбинатында 60,4 мың тонна, Шығыс өңірдің кәсіпорындарында және Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде 25,8 мың тонна мыс өндірілді.

"2020 жылдың екінші тоқсанында "KAZ Minerals" тобы барлық

кәсіпорындарда мыс өндірісін ұлғайтып, өндірістің 5 пайыздық өсуін қамтамасыз етті. Бұл қазіргі күрделі операциялық ортадағы тамаша көрсеткіш болып табылады және қызметкерлердің табандылығын көрсетеді. Біз жылдың екінші жартысына COVID-19-ға байланысты қауіп-қатер аясында аяқ басып отырмыз. Дегенмен, барлық металдар өндірісі бойынша жылдық мақсаттарға жетуге мүмкіндік бар", – дейді "KAZ Minerals" тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.

Фархат Әміренов


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу