KAZ Minerals тобы биылғы жылдың I жартыжылдығында 1,098 млрд доллар табыс тапты. Компания бұл көрсеткішке Ақтоғай кен байыту фабрикасының сату көлемін 22%-ға ұлғайту мен Лондон металдар биржасында мыстың орташа бағасының 20%-ға қымбаттауының нәтижесінде қол жеткізді.
KAZ Minerals тобы баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы алты айда мыс шығынсыз өндірілген және әлемдік нарықтағы бағасы қалыпты жағдайда тұрған. Осы фактор қаржылық жағдайдың жақсаруына негіз болған.
"Топтың EBITDA көрсеткіші бірінші жартыжылдықта 690 млн долларды құрады. Өсімге сатылым көлемінің артуы мен шикізаттың қымбаттауы ықпал етті. Осыған дейінгі операциялық шығын 464 млн долларға тең болды. Ал салық төлегенге дейінгі табыс көлемі 48%-ға ұлғайып, 355 млн долларды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш $240 млн болған", – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Алты айда топтың табысы 276 млн долларға жетті. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 91 млн долларға көп болды. Акция түріндегі табыс 41%-ға артса, операциялық қызметтен 350 млн кіріс кірді.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, шілде айының соңғы күніндегі мәлімет бойынша, топтың қарызы 2,05 млрд долларды құрады. Компанияның ақша эквиваленті 1,653 млрд долларға азайды. Өйткені топ бірінші жартыжылдықта несиесін өтеді.
"Өндірісті қолдауға жұмсалатын қаржы 16 млн долларға көбейіп, 39 млн долларға жетті. Өткен жылы бұл мақсатқа 23 млн бөлінген еді. Қаржының басым бөлігі Ақтоғай кен байыту фабрикасы мен Бозшакөл кен байыту комбинатына жұмсалып жатыр", – деп хабарлады KAZ Minerals тобының баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, алты айда жаңа жобаларға 325 млн доллар қаржы құйылған. Бұл соманың 250 млн доллары NFC компаниясына төленген.
"Ақтоғай кен байыту фабрикасының жұмысын жаңғыртуға 62 млн доллар, Артемьев кенішінен өнім өндіруді жалғастыру үшін 10 млн доллар бөлінді. Ал Бозшакөлге 12 млн доллар жұмсалды", – деп нақтылады баспасөз қызметі.
Алдын ала жасалған болжам бойынша, жыл соңына дейін техникалық қызмет көрсету мен өндірісті қолдауға 35 млн доллар қажет болады.
"Ақтоғай кен байыту фабрикасына алдағы алты айда түрлі шығындарды жабу үшін шамамен 9 млн доллар жұмсалады. Ал өндірісті қолдауға 30 млн доллар бөлінеді. Шығыс өңір мен Бозымшақтың өндірісін қолдауға 18 млн доллар қарастырылған. Мұнда бір жылдық шығын 50 миллионды құрауы мүмкін деген болжам бар", – деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.
Есімжан Нақтыбайұлы