АҚШ пен Украина Женевадағы келіссөздер нәтижесінен кейін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz украиналық басылымға сілтеме жасап.
Құжатта кез келген келісімнің Украина егемендігін толық құрметтеуді мақсат етуі тиіс делінген. Вашингтон мен Киевтің ортақ мәлімдемесі Ақ үйдің және Украина президентінің ресми сайттарында жарияланды.
Құжатта келіссөздердің мазмұнды өткені туралы айтылған. Екі тарап та консультациялар өте нәтижелі болды деген пікірде.
"Талқылаулар алдағы нақты қадамдарды айқындау бойынша айтарлықтай нәтиже бар екенін көрсетіп отыр. Тараптар болашақ келісімнің Украина егемендігін толық құрметтеуі және әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етуі тиіс екенін растады. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар жаңартылған әрі жетілдірілген шеңберлік құжат әзірледі", – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек бірлескен мәлімдемеде украин делегациясы АҚШ-қа және президент Дональд Трампқа тағы да алғыс білдіретіні жазылған.
Сондай-ақ Киев пен Вашингтон ортақ ұсыныстар бойынша бірлескен жұмысты алдағы күндері жалғастыруға уағдаласты. Бұл жұмысқа еуропалық серіктестер де тартылмақ.
Шеңберлік келісім бойынша соңғы шешімді Украина мен АҚШ президенттері қабылдайтыны да жазылған. Мәлімдеме соңында тараптар Украинадағы бейбітшілікке бірге қол жеткізуге дайын екендерін растады.
Жексенбі күні Женевада Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған дипломатиялық кездесулер легі жалғасты. Украина делегациясын президент әкімшілігінің басшысы Андрей Ермак басқарды. АҚШ тарапынан кездесуге мемлекеттік хатшы Марко Рубио, қорғаныс министрі Дэн Дрисколл және Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысты.
Айта кету керек, бұған дейін Украина, Еуропа және АҚШ өкілдерінің келіссөзі Женевада басталғанын жазғанбыз.