Бозшакөл өнімділікті еселеуде

4638

Құрамына "Бозшакөл", "Ақтоғай", "Бозымшақ" ірі кеніштері кіретін KAZ Minerals тобы жыл басынан бері 216,8 мың тонна мыс өндірді.

Бозшакөл өнімділікті еселеуде

Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға артық. Былтыр тоғыз ай аралығында 193,3 мың тонна мыс өндірілген болатын.

KAZ Minerals тобы жыл соңына дейін мыстың көлемін 270-300 мың тоннаға дейін жеткізбек. Өткен жылы өндірілген мыстың көлемі 259 мың тоннаны құраған еді. Ал 2016 жылғы көсреткіш – 140,3 мың тонна. Осылайша, компания жыл сайын өнімділікті арттырып отыр. Мұндай көрсеткішке барлық кәсіпорында кенді өңдеу көлемінің артуы нәтижесінде қол жетті.

Өндірілген өнімнің басым бөлігі Екібастұз қаласының аумағында орналасқан "Бозшакөл" кен байыту орнына тиесілі. Былтыр мұндағы мыс көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 111%-ға артты. Атап айтқанда, екі жыл бұрын 44,8 мың тонна мыс дайындалса, былтыр оның көлемі 101 мың тоннаны құрады. Ал осы жылдың тоғыз айында мұнда 75 мың тонна мыс алынды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95-105 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Алтын мен күміс өндіруде де оң көрсеткіштер бар. Биыл өндірілген күмістің көлемі 494 мың унцияны құрады. Мұндай қарқынмен жыл соңына дейін жоспарланған 500 мың унциядан асып түсуі әбден мүмкін. Ал алтын көлемін 115-125 мың унцияға жеткізбек жоспар бар. Жыл басынан бері шамамен 100 мың унция алтын алынды. "Бозшакөлде" былтыр 119 мың унция, екі жыл бұрын 64,2 мың унция алтын өндірілген еді.

"Компанияға қарасты кәсіпорындарда осы жылдың үшінші тоқсанында өндіріс деңгейі тұрақты болғандықтан, жылдық көрсеткіштерге қол жеткізетінімізге нық сенімдіміз. Яғни, мыс, күміс пен алтын өндірісінде белгіленген шектік көрсеткіш орындалады", – дейді KAZ Minerals тобы басқармасының төрағасы Эдуард Саузам.

Топ өнімділігінің жалпы көлемі алдағы уақытта да артпақ. Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен байыту орнының екінші фабрикасын іске қосқан соң сульфидтік кенді өңдеу қуаттылығы еселене түседі. Компания өкілдері соның нәтижесінде 2021 жылға қарай жалпы өңдеу көлемі 50 млн тоннаға жетеді деп отыр.

KAZ Minerals тобының жұмысын ілгерілететін тағы бір іс – Ресей Федерациясы Чукотка автономды округіндегі Баимская кен жобасы. Бұл – игерілмеген кен орны. JORC кодексі бойынша, оның ағымдағы ресурсы 9,5 млн тонна мыс пен 16,5 млн унция алтынға бағаланады. Бірінші онжылдықтағы жылдық орташа өндіріс көлемі 250 мың тонна кен мен 400 мың унция алтынды құрайды деп болжануда. Аталмыш жобаға қатысты келіссөздер келер жылдың алғашқы жартыжылдығына аяқталуы тиіс. Сөйтіп, бұл ТМД елдеріндегі ірі жобалардың бірі болмақ.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу