Тісін емдетуге келген бала шприц жұтып қойған

4808

Елдегі ең қымбат медициналық қызмет сапасыз әрі қауіпті болып барады.  

Тісін емдетуге келген бала шприц жұтып қойған

"Стоматологтар бақылау болмай, бетімен кетті"

Семейде жұртшылық жаға ұстаған оқиға болды. Мән-жайды баланың анасы Айнаш әңгімелеп берді. Ол он екі жасар баласы Батырбекті тісін емдетуге апарады.

"Жан-Ер клиникасына түскі 15:30-ге стоматолог Қазкеноваға жазылғанбыз. Кешікпей, уақытында келдік. Балам ішке кіріп кетті, мен кіреберісте күтіп отырмын. Бірер уақыттан соң көз алдымда дүрбелең басталды. Мейірбике қасымнан жүгіріп өтті. Артынша басқа дәрігерлер оның соңынан тұра жүгірді. Шыдамай, мен де балам жатқан кабинетке құстай ұштым. "Балаңыз шприцті жұтып қойды!" деп хабарлады маған. Стоматолог онымен баланың тісін шайып жатыпты, сол кезде щприц оның қолынан сусып шығып кетіп, баламның жұтқыншағына түскен. Сорақысы сол, Қазкенова оны өз бетінше суырып алуға тырысыпты, сөйтіп, қолын баланың тамағына тығып жіберген!", – дейді Айнаш.

Ол естен тана жаздағанын айтады. "Жедел жәрдемді шақырыңдар!" деп айғайлауға ғана шамасы келген.

Медұйым қызметкерлері жедел жәрдем шақырады. Бірақ ананың айтуынша, әлгілер баланың шприцті дәрігердің айыбы кесірінен жұтып қойғанын жасыруға тырысыпты. 

Жедел жәрдем баланы анасымен бірге облыстық ауруханаға жеткізіп, балалар бөлімінің қабылдау бөлмесіне табыстайды. Сонда алдымен рентгенге түсіреді. Содан кейін эндоскоп көмегімен шприцтің қадалып тоқтаған жерін табу үшін зонд жұтқызады. Алайда бұл емшара жасалуы үшін адам ең кемі жарты тәулік тамақ ішпеуі керек. Баланың асқазанында тамақ жатқандықтан екінші қайтара ФГДС жасатуға тура келген. Зонд жұту кішкентай бала түгіл, ересектерге де қиын. Әрі бірнеше рет жасалғандықтан, балдырғанның қандай стресті бастан кешкенін аңғаруға болады.

"Бізге таңертең қайтара ФГДС жасалатынын айтып, баламды ауруханаға жатқызды. Таңазанда ауруханаға асыға жеттім. Балама жібермеді. ФГДС-ке қоса, қайтадан рентген жасалатынын хабарлады. "Сондықтан күтпей-ақ қойыңыз!" деген соң жұмысыма кетіп қалдым. Шамалыдан соң балам қоңырау шалып, дәрігерлердің шприцті алып шыққанын жеткізді. Сондай-ақ оның айтуынша, оған стоматолог дәрігерді ертіп, бейтаныс бір адамдар кіріпті. Мені балама жібермейді, оның орнына ауруханаға, кәмелетке толмаған балама менің рұқсатымсыз және мені құлағдар етпей, бөгде біреулерді жібереді. Олар онсыз да жүрегі шайлығып, есеңгіреген баламды ары қарай мазалаған, әлдебір сұрақтар қойған. Осы дұрыс па?", – деп қапаланады зардап шеккен балақайдың анасы.

Ол "стоматолог кесірінен баласының денсаулығы мен психикасына залал келді ме?" деп қауіптенеді. Айнаштың өзі ІІІ-топ мүгедегі болып табылады. Оқиға болған күні қысымы қатты көтеріліп, түспей қойыпты ұйқысы нашарлағанын айтады. Ол аталған стоматологқа шара қолдануды сұрап, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жүгінді.

Өкінішке қарай, кейінгі кезде тіс дәрігерлерінің сапасыз қызметіне, тіпті алаяқтығына қатысты шағым көбейіп кеткен. Мысалы, МӘМС есебінен кәмелетке толмаған балалардың тісін емдетуге, пломба салғызуға болады. Алайда стоматологтардың кейбірі медсақтандыру аясында сапасыз пломба салатын көрінеді. Ол тез түсіп қалып, шағымданып барған ата-аналарға ақылы негізде жарықпен қатырылатын шетелдік қымбат пломбаны ұсынады. Осылайша, олар бір жағынан, медсақтандыру қорынан, екінші жағынан ата-анадан ақша алып, "екі жеп, биге шығады".

Алматы облысының Іле ауданындағы Жәпек батыр ауылының тұрғыны Нұрила апай стоматологтың сырқат тісін емдеу орнына түбіріне дейін үгіп тастағанын айтады.

"Бірнеше сағат бойы егеді. Кейде тіпті нені егеп жатқанын да бақыламай, жан-жағына жалтақтаумен болды. Көңілтолмастық білдіргім келіп еді, бір сөз қыстыруға мүмкіндік бермеді. "Өзім білем!" дейді. Мүмкіндікті пайдаланып: "тістерімді неге толығымен егеп жатырсыз, енді оларға қалай коронка кигізесіз?" деп сұрадым. "Штифт қоямын" деді қысқа ғана. Мұның не екенін білмеймін, жаңа технология шығар, маман менен жақсы білер деп ойладым. Алайда тісімді бүлдіріп тастады. Содан кейін олардың орнына екі үлкен коронка қоя салды. Ол коронкалар қалған тістермен деңгейлес болмай шықты", – дейді ауыл тұрғыны. 

Сапасыз қойылған коронкалар сөйлеуге де, тамақ ішуге де кедергі келтіретіні мәлім. Стоматолог клиентінің наразылығына да, шағымдарына да еш үн қатпайтын, былқ етпейтін көрінеді.

"Басшым жоқ деп квитанция бермеді. Чек беруін талап еттім. Оны да беруден бас тартты, тек қоймай талап еткен соң, "34 мың теңге алдым" деп қолмен жазып бере салды. Қорқытып көрдім. "Біз жекеменшікпіз, қайда барсаң, онда бар, бар жерге шағым жаз!" дейді арсызданып. Егде жастағы адаммын, тісімнен де, ақшамнан да айрылып отырмын. Жекеменшіктегі стоматологтарға жаза қарастырылмаған ба? Еш бақылау да жоқ. Биліктің бұларды бетімен жібергені қынжылтады. Әбден жауапсыз болып алды", – дейді Нұрила апай.

Билік не дейді?

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті стоматологиялық клиникалар үстінен бақылау бар деген сенімде. Халықтан көп шағым түсетін стоматологиялық кабинеттер лицензиясынан айрылуы мүмкін.

"Бұл лицензияланатын сала болып есептеледі. 2020 жылғы 7 шілдеде қабылданған Денсаулық кодексіне сәйкес, медициналық қызметтер лицензиялауға жатады. Медқызметтің лицензияланатын кіші түрлері (подвид) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңда анықталған. Атап өтетін жайт, заңға сәйкес, бұл қызметпен айналысу үшін медициналық қызметке лицензияны және "стоматология" мамандығы бойынша "стационарлық көмек және стационарды алмастыратын көмек", "амбулаторлық-емханалық көмек" кіші түрі бойынша лицензияға қосымшаны алу қажет", – деп түсіндірді комитет.

Бұған қоса, жеке медициналық практикамен айналысатындардың денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты болуы шарт.

Дегенмен биылғы жылы тұтынушылардың шағымына байланысты қанша стоматологиялық ұйымның лицензиясынан айырылғаны туралы дерек жоқ. Оның үстіне лицензия немесе маман сертификаты сот арқылы тартып алынатындықтан, бұл бюрократиялық рәсім ұзаққа созылады.

Әрине, заң бойынша денсаулық сақтау органына да лицензияны кері қайтарып алу құқығы берілген. Бірақ меморган лицензияны және біліксіз маманның жұмысын үш айға ғана тоқтата алады. Оның үстіне бұл үшін меморганға нақты бір стоматологқа қатысты бір жыл ішінде кем дегенде үш тұтынушыдан шағым түсуі шарт.

Жалпы бұл сала аса табысты саналады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша стоматологиялық ұйымдардың табысы 2021 жылғы 2 тоқсанда 4 миллиард теңгеге жеткен. Соның ішінде тек 90,4 миллион теңгесі ғана мемлекет есебінен өтелген. Өз қызметкерлері үшін жұмыс берушілер стоматологиялық қызметтерге жарты миллиардтай сома шығындапты. Басым бөлігін, 3 миллиард 399,3 миллион теңгені қазақстандықтар өз қалтасынан шығарған. Саланың жылдық табысы ондаған миллиард теңгемен есептеледі. Бұған қоса, қазіргі кезде зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге бағыттауға рұқсат етілді.

Мұндай жағдайда қатаң бақылау болмаса, стоматологтар сан қуып, сапаны тіптен нашарлата беруі ғажап емес.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу