ЖОО-ға өкпелі студенттер жаппай митингке шыққалы жатыр

6379

БҒМ мақтаған прокторинг проблемаға толы болып шықты.  

ЖОО-ға өкпелі студенттер жаппай митингке шыққалы жатыр

Пандемия жоғарғы білім саласына да үлкен өзгерістер әкелді. Соның бірі – емтиханды қашықтан тапсыру. Емтиханды онлайн ұйымдастыру үшін прокторинг электрондық жүйесі қолданылуда. Ол компьютер не ноутбук алдында отырған студентті бақылауға, оның жауаптарды әлдебір көзден көшіріп отырмағанын көруге мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде Қазақстанда 127 жоғары оқу орнында 600 мыңға жуық студент бар. Оның 84%-ы қашықтан, тек 16%-ы аралас форматта оқуда.

Мысалы, министрліктің түсіндіруінше, еш қиындықсыз қашықтан сынақ тапсыра алатын педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік және ай-ти мамандықтары үшін прокторинг жүйесі енгізілді.

Ал медицина, инженерия секілді мамандықтарда білім алушылардың біліктілігін қашықтан анықтау қиын. Мысалы, болашақ дәрігерлерді оқытуда "моргтағы" мәйіттер пайдаланылуы мүмкін. Немесе студент үй жағдайында ауыл шаруашылығы техникасының агрегаттарын таба алмасы анық. Тиісінше, жаратылыстану, техникалық ғылымдар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, өнер секілді салаларда офлайн және онлайн оқыту секілді аралас формат қолданылады.

БҒМ 2020 жылдың қыркүйегінде онлайн-емтихандарға қойылатын талаптарды қабылдады. Оған сәйкес, студенттер қашықтан, автоматты түрде жеке басын сәйкестендіруге тиіс. Жүйе өзіндегі фотосурет арқылы компьютер алдында бөтен сынақ тапсырушы емес, студенттің өзі отырғанын айқындайды. Содан кейін емтихан тапсырушының барлық іс-қимылы, ол отырған бөлмедегі көрініс үздіксіз бейнежазбаға жазылады. Деректер "жазбалар мен оқиғалар журналында" сақталатын көрінеді.

Толғауы тоқсан онлайн-емтихан

Студент Құндыз Қали прокторинг негізінде онлайн емтихан тапсырудың қиындықтарын айтып берді.

"Бізге 20 сұраққа жауап беруге 30 минут қана берілді. Олардың 80%-ы күрделі есеп шешуді қарастырады. Емтихан басталар алдында оны тапсырудың ережелерімен таныстырған болды. Бірақ онысы бұрыс болып шықты. Мысалы, жаман парақ (черновик) қолдануға рұқсат етілмейді екен. Дәстүрлі түрде тапсырғанда оған тыйым салынбайтын. Оның үстіне прокторинг бағдарламасында біз үшін сынақ тестілеу өткізілуі керек еді. Содан кейбір студент абыржып қалды. Уақыт болса, онсыз да аз бөлінген. Содан студенттердің жартысына жуығына емтиханды қайтадан тапсыруға тура келді", – дейді ол.

Бұған бірнеше себеп негіз болған. Біріншіден, экрандағы бейне нақты болмаған. Себебі, студенттерге 1080р сапасы бар HD камера болуға тиістігін ескертпепті. Екіншіден, айналадағы шудың кесірінен кейбір шәкірттердің нәтижесі мойындалмаған. Прокторинг жүйесі әлдекімнің сыбырлап айтып отыруын (подсказка) болдырмау үшін емтихан кезінде құлаққа ұрған танадай тыныштық сақталуын талап етеді. Осы мақсатта кейбір саналы студент емтихан күні бос пәтер жалдапты. Ондай амал ойына келмегендер сан соқты.

Үшіншіден, жаман парақты пайдаланғандар "шпаргалка" қолданды деп танылып, нәтижелері жоққа шығарылған. Төртіншіден, біраз баланы жылдамдығы нашар, шабан интернет жарға жықты. Прокторинг жүйесі жақсы жұмыс істеуі үшін кем дегенде 4G интернет керек көрінеді.

Бесіншіден, Қазақстанда пандемия жағдайында төтенше сипатта енгізілген прокторинг бағдарламасының кінәраты жетерлік екені байқалған. Мысалы, ноутбукте "connect" батырмасы басылмаған, ноутбуктер камералары қосыла алмаған, соның кесірінен осы девайс арқылы емтихан тапсырмақ болған бірқатар шәкірттің нәтижесі есепке алынбапты. Бұған қоса, жекелеген студенттің ноутбугіндегі камерасының сапасы нашар болып шыққан, ал жүйеде ол "камерасы скотчпен жапсырылған" деп танылып, емтиханнан өтуге рұқсат берілмепті.  

"Курстастарымның кейбірі смартфоннан тапсыруға талпынды. Оның жарамайтынын ескерткен ешкім жоқ. "Бет-жүздеріңіз толық көрінбеді" деп, олардың нәтижелерін де жойған. Осындай жағдайда студенттер қайдан емтиханды жақсыға тапсырсын?! Біз тек білім деңгейімізді көрсетуге ғана күш салуымыз керек қой. Оның орнына техникалық мәселелерді шешуге мәжбүр болдық. Неге жоғарғы математика, эконометрика, статистика секілді күрделі пәндер бойынша тапсырмаларды шешуге жаман парақты пайдалануға тыйым салған? Неге студенттерге сынақ тестілеуден алдын ала өтіп, жүйемен танысуға мүмкіндік бермеген? Біздің бәрімізде бірдей HD камера мен 4G интернет жоқ", – дейді Құндыз.

Камерасындағы ақауына байланысты бейнесі сәйкеспегендіктен, жауаптарының күші жойылғаны ("аннулирован") туралы хабарламаны төрт күн өткен соң ғана алған студенттер болыпты. Нәтижелерді тексеру 4–6 күнге созылады. Олар осылайша, апелляция беру мүмкіндігінен айырылды, өйткені тек сол күні ғана қарсы шағым түсіруге рұқсат етілген.  

Жастардың айтуынша, оқытушылардың біразы прокторинг пен онлайн емтихан туралы жете түсіндірмепті: олар сынақ алдында әлдебір слайдтарды оқып берумен шектелген.

БҒМ-ге шағым жазушы студенттер бірнеше ұсыныс жолдады. Оның арасында емтихан уақытын 50 минутқа дейін ұзарту, жаман парақтарды пайдалануға рұқсат ету, жөткіріну, жөтелу, түшкіру, емшектегі сәбидің жылауы, жел уілі секілді табиғи шу-дыбыстардың болуына рұқсат ету, камерасының сапасы нашар ноутбуктерді пайдалануға, смартфон арқылы тапсыруға, бірнеше күннен кейін апелляция жасауға мүмкіндік беру өтініші бар.  

Әйтпесе, студенттер оқудан шығып қалмау үшін митингке шығуға дайын.

"Көшені емес, ректорды шабуылдаңыздар"

Білім және ғылым министрлігі карантин кезінде оқу процесін ұйымдастырудың әдістемелік ұсынымдарын әзірлеп, барлық ЖОО-ларға таратқанын алға тартады.

"Оған сәйкес, биылғы оқу жылы қашықтан және аралас форматта өткізілуде. Емтихандардың мөлдір, жария өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында прокторинг жүйесі пайдаланылады. Ол тұлғаны верификациялауға және ойлайн-емтиханнан өту барысында студентті бақылауға мүмкіндік береді. ЖОО дерегінше, прокторинг жүйесінде алдын ала сынақтық тестілеу өткізілген. Университеттер көктемгі емтихандық сессия кезінде туындаған проблемаларды ескеріп, Прокторинг арқылы емтихан өткізу ережелерін бекітті. Ол ережелер барлық оқу топтарына кураторлар және старосталар чаттары арқылы таратылыпты", – дейді министрлік.

БҒМ-ге сенсек, университеттер видеоны трансляциялай алатын девайстар – смартфон мен ноутбуктар арқылы да тапсыруға рұқсат етуде. "Қымбат, кәсіби веб-камераны пайдалану талап етілмейді".

"Емтиханда бір сұраққа жауап табуға 1,5 минут беріледі. Бұл – халықаралық стандарттарға сай норма. 20 сұраққа 30 минут бөлінеді. Прокторингте емтихан барысында шимай дәптерін (черновик) пайдалануға тыйым салынбайды", – деді министрлік.

БҒМ әр университетке академиялық дербестік-тәуелсіздік берілгеніне сілтеме жасай келе, студенттерге көшеге шығу орнына, барлық мәселе бойынша университет басшылығына жүгінуге кеңес берді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу