Бақытжан Ертаев: Елдің бірлігі мен бейбітшілігін бұзғандарды аямау керек

3772

"Халық қаһарманы", генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев inbusiness.kz тілшісіне кімдерді содыр санайтынын айтты.

Бақытжан Ертаев: Елдің бірлігі мен бейбітшілігін бұзғандарды аямау керек

– Қазақстанға жасалған террорлық шабуылдың артында кім тұр деп ойлайсыз?

– Бұл сұраққа құзырлы орган жауап береді. Тергеусіз, нақты дәлелсіз, пікір білдіру орынсыз. Бейбіт шерудің, әлеуметтік мәселенің соңы бүлікке айналады деп кім ойлаған?! Оқиғаның дәл осылай өрбуіне ықпал еткен, барлығын басқарған режиссер болды. Бұл іс бір күнде атқарылған жоқ, алдын ала ұйымдастырылды. Құқық қорғау органдары мәселенің ақ-қарасын анықтайды. Дәл осындай қанды оқиғаның қайталануына жол бермеу үшін бізге бірлік қажет.

– Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) әскерінің ел аумағына кіргізілуін қазақстандықтар қорқынышпен қабылдады ғой...

– Иә, азаматтарды үрей билегені рас. Олар тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға қауіп төне ме, нақақтан қан төгіле ме деп алаңдады. Әскери адам болмағанда бізде солай қауіптенер едік. Өз басым ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінші басшыларының Қазақстанға қолдау көрсеткеніне риза болдым. Бітімгершілік әскердің өзге елдің аумағына енуі бұрыннан бар. Оларға нақты міндет қойылады. Олар сол міндетті ғана орындайды. Бізге келген әскер мемлекеттік, стратегиялық мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Әскердің алды кері қайтып жатыр. ҰҚШҰ әскерінің мақсаты – бұзу, бүлдіру емес, керісінше тыныштыққа кепіл болу. Кезінде Қазақстанның өкілі ретінде 3 жыл ҰҚШҰ штабында жұмыс істедім. ҰҚШҰ туралы келісімнің тек қағаз жүзіндегі, заңды күшіне енбеген нұсқасын да көрдім.

Біздің елдегі оқиға ҰҚШҰ бітімгершілік күшінің өз миссиясын орындай алатынын көрсетті. Алматыдағы бүлік террористердің қолымен жасалғаны сөзсіз. Мен дүкендерді тонаған бұзақыларды емес, адамдардың өміріне қол сұққан, ғимараттарды басып алған адамдарды содыр санаймын және олармен ымыраласуға болмайды деп ойлаймын.

– Еліміздің құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының қуатын арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Мәселе жабдықтау туралы болса, онда қолда бар бюджет жеткілікті. Бізде Қарулы күштер бітімгершіліке де, терроризмге қарсы күреске де қатысады. Бұл жақсы нұсқа емес. Осыны ретке келтіру керек. Ауғанстанда соғысқанымды білесіздер, сондықтан менің ненің дұрыс, ненің бұрыс екенінен хабарым бар. Бірінші кезекте арнайы операцияға қатысатын әскерді барлық қажеттілігімен қамтамасыз ету керек деп санаймын. Бізге арнайы байланыс, жаңа сауыт, атыс қаруы мен мергендерге арналған арнайы қару қажет.  

Бүлікшілер дүкендерді тонаса, біз неге оларды аяуымыз керек? Бандиттер мен террористер қарапайым азаматтарға шабуыл жасаса, біз неге оларды атпауымыз керек? Президенттің қан төгуге әрекеттенген адамдарға қарсы қару қолдануға рұқсат бергенін қолдаймын. Елдің бірлігі мен бейбітшілігін бұзғандарды аямау керек. Оларды бірден тоқтату ең дұрыс шешім.

– Соңғы оқиғалар мемлекеттік шекараның ашық-тесік тұсы көп екенін көрсетті. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

Әскери қызметкер ретінде шекара қорғау ісімен айналысқан жоқпыз. Шекарада шетін мәселе бар екенін соңғы оқиғалар кезінде білдік. Шекарамыз күзетулі деп жағамыз жайлауда жүрсек, онда бірқатар мәселе бар екен. Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынады. Бұл мекеменің басшысы бірқатар көмекшілерімен бірге істі болып жатқанын білесіздер. Қалған шаруа тергеу органдарының еншісінде. Жалпы жабық шекара – мемлекет тыныштығының кепілі. Шекара қызметін заманауи техникамен, оның ішінде бақылау және заманауи байланыс құралдарымен жабдықтау керек. Мұнымен мамандар айналысар. Ал мен әскери адам ретінде техникалық мәселені ғана емес, кадрларға қатысты сұрақты да майшаммен қарайтын уақыт пен қажеттілік туды деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу