Митинг өткізуге рұқсат етілмейтін себептердің тізімі жасалып жатыр

Әр ауданда бейбіт шеруге арналған орын мен балама учаске бөлінеді.  

Митинг өткізуге рұқсат етілмейтін себептердің тізімі жасалып жатыр

Әділет министрлігінде бейбіт жиын өткізу және ұйымдастыру туралы заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер талқыланды.

Жаңа талап бойынша бейбіт жиынға қатысушылар саны 250 адамнан аспаса, мемлекеттік органдардан рұқсат алу қажет емес делінген. Тек жазбаша ескертсе жетіп жатыр. Бірақ жиын өткізуге арналған орындарда  ғана өтуі тиіс. Ал қатысушылар саны 250 адамнан асатын болса, жергілікті әкімдіктен рұқсат алу қажет болады.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Исиннің айтуынша, жаңа заң жобасында бейбіт жиынға рұқсат берілмейтін жағдайлардың тізімі жазылыпты.

"Бұған дейінгі заңда митингке рұқсат беруден бас тарту форматы шұбалаңқы болған еді. Ереже мен талаптарды жергілікті мәслихаттар бекітіп келді. Қазіргі заң жобасында нақты тізім бар. Бірінші, әскери, төтенше жағдайлар кезінде, терроризмге қарсы шаралар кезінде жиынға рұқсат берілмейді. Екінші, егер тұлға конституциялық құрылымға, аумақтықтық тұтастыққа қарсы әрекеттерге үндесе, нәсілдік, діни таптық араздыққа шақырса, аталған прицнциптер бейбіт жиынға рұқсат беруден бас тартуға негіз болады", – деді вице-министр.

Министрлік өкілі заң жобасында бейбіт жиынға арналған орынның бос еместігін сылтау етіп, рұқсат беруден бас тартқан мемлекеттік органдарға жауапкершілік шаралары қарастырылғанын айтады.

"Егер митинг жоспарланған орында сол уақытта басқа шара өтетін болса, мемлекеттік орган ол жерге ұқсас балама орын ұсынуға міндетті. Яғни, басқа шараны сылтауратып, рұқсат беруден бас тарта алмайды. Заң жобасында әр әкімшілік ауданға бір балама орын қарастырылған. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында 4 аудан бар десек, төрт балама орын болуы керек. Егер митинг өткізушілер көше бойымен шеру өткізігісі келіп, нақты маршруттың жобасын берсе, жергілікті атқарушы орган қоғаммен талқылай отырып, аталмыш көшелерді жабады. Рұқсат алу осындай жағдайлар үшін міндеттеліп отыр. Яғни қозғалыс тоқтамас үшін жабылған көшелерге балама маршруттар дайындалуы керек", – деді Данияр Исин.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу