"Қытай елшісі қуылсын", "Жер сатылмасын", "Макс Боқаев босатылсын"

2309

Мамай бастаған маскалы митинг қалай өтті? 

"Қытай елшісі қуылсын", "Жер сатылмасын", "Макс Боқаев босатылсын" Фото: informburo.kz

Белгілі оппозиционер Жанболат Мамай бастаған жүздеген адам Алматыдағы Шоқан Уәлихановтың ескерткішінің жанына жиналды. Бастамашыл топтың жазбаша ескертуінен кейін, әкімдік бейбіт жиын өткізуге осы орынды босатқан болатын. 

Қолына түрлі талаптар жазылған плакат ұстап шыққан шерушілер екі сағат бойы митинг алаңында сөз сөйлеп, өз талаптарының мәнін түсіндіруге тырысты. "Арон Атабекке, Макс Боқаевқа бостандық!", "Несие кешірілсін!", "Чжан Сяо, Қазақстаннан кет!" деген талаптардың бәрі елдегі инфекцияға қарсы сақтық шараларын сақтай отырып мәлімделді. Митинг өткізудің жаңа ережесі толық сақталуын құқық қорғаушылар мен әкімдік өкілдері жіті қадағалап бақты.

Ел алдына шығып сөз сөйлегендердің арасында қазіргі биліктің пандемиядаға қарсы шараларды тиімді ұйымдастыра алмағанын айтып, мемлекет басшыларының қызметтен кетуін талап етушілер де болды. Жанболат Мамайдың айтуынша, Алматы әкімдігі митингке рұқсат бермей тұрып, қазіргі биліктің отставкасына қатысты талаптар айтылмау керектігін ескерткен көрінеді. Бірақ жиынға қатысушылар өз ойларын іркіп қалмады.

Қытайдағы қандастардың саяси қуғын-сүргіннен  көз ашпай жатқаны, көрші елдің күмәнді кәсіпорындарын Қазақстанға көшіру ниеті, жер меншігіне қатысты шикі заңнама, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның дипломатия принциптеріне томпақ әрекеттері тәуелсіздігімізге төніп тұрған тікелей қауіп деген мазмұндағы ойлар да айтылды. 

Алматы іргесіндегі Шаңырақ оқиғасынан кейін істі болып, бірнеше жылға сотталған Арон Атабек пен жер митингілерінен кейін түрмеге тоғытылған Макс Боқаевқа бостандық талап етушілер де көп болды. 

Бір сөзбен айтқанда, Жанболат Мамайдың ресми тіркете алмай жүрген Демократиялық партиясының түрлі эфирлерде айтып жүрген талаптары  митингтің күн тәртібіне айналды. 

Бұл жиынды кейбір БАҚ ел тарихындағы тұңғыш санкцияланған митинг деп бағаласа, әлеуметтік желі қолданушылардың арасында жиынның астарынан күмән іздеушілер де көп. Бейресми дерекке сенсек, Алматыдағы митингке әкімдік пен құзырлы орган өкілдерін қоспағанда 200-ден астам адам қатысқан. Ұраны осы митингтермен үндес жиындар Ақтөбе, Семей, Қарағанды қалаларында да өткен. Ал Шымкенттегі шараны әкімдік "санкцияланбаған жиын" деп бағалап, жиналған жұртты таратып жіберген. Осы шараға келе жатып қамауға алынғандар да бар көрінеді.

Митингтен кейін бастамашы топтың жетекшісі Жанболат Мамай өзінің Facebook-тегі парақшасына "Демократиялық партия митингісінің қарарын" жариялады.

"Сараптап қарасақ, 2008 жылдан бастап күні бүгінге дейін жекеменшік екінші деңгейлі банктерге 10 триллион теңгеге жуық қолдау берілген... Әділдік қайда? Біз ірі кәсіпкерліктің, олигархтардың несиесі кешірілсін деп отырған жоқпыз. Біздің айтып отырғанымыз — 5,5 миллион қарапайым халықтың несиелік борышы. Тоқаевтың мәлімдеуінше, Ұлттық қорда да қаржы бар. Бір жылдың ішінде Тоқаевтың жобаларына 2 триллион теңге қарастырылды деп мәлімдеді. Бұл ақша тағы да талан-таражға түсіп кететініне еш күмән жоқ. Осы себепті, біз Назарбаев пен Тоқаевтан елде несиелік амнистия жариялап, халықтың борышын кешіруді талап етеміз! Егер жақын арада несиелік амнистияны билік жарияламаса, біз қоғам болып, өзіміз осы қадамға барамыз. Яғни, барлығымыз бір уақытта несиелік борышты өтеуді тоқтатамыз", – деп жазылған қарарда. 

Жер кодексінің даулы баптарына жарияланған мораторийдің уақыты аяқталуға жақын екенін еске салған Жанболат Мамай Конституцияға "жер шетелдіктерге жалға берілмейді" деген норма енгізілу керек деген талап қойды.

Қарар мәтінінде Қытай елшісі Чжан Сяоның есімі де жүр. Демпартия өкілдері Қазақстан билігінен "Егер қазақ елінде түрлі-түсті төңкеріс орын алса, Қытай әскері билікті қорғайды" деген мәндегі мәлімдеме жасаған дипломатты "персона нон грата" деп тануды талап еткен. 

Жанболат Мамай бұл жазбасында Арон Атабек пен Макс Боқаевтан бөлек Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті де саяси тұтқын ретінде атап, бостандық беруді талап еткен. Деморатиялық партия жобасын ұсынып жүрген топ қолданыстағы заңнама бойынша саяси партияларды тіркеу мүмкін емес екенін айтып, заңға демократияға шын мәнінде қан жүргітетін өзгерістер қою керектігін қозғаған.

"Егер бұл талаптар орындалмаған жағдайда, алдағы уақытта қайта митингіге шығатынымызды ескертеміз" делінген митинг қарарында.

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу