Жаңаөзенде 3-тен артық адамға жиналуға тыйым салынады

5397

Осыған қатысты Жаңаөзен қалалық мәслихаты шешімінің жобасы жарияланды.

Жаңаөзенде 3-тен артық адамға жиналуға тыйым салынады

Жергілікті өкілетті биліктің бұл шешімі "Жаңаөзен қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" толықтырулар енгізеді. Тиісінше, қалада наразылық акциясын өткізу тәртібі қосымша реттелмек.

"Қоғамдық тәртіпті, сонымен қатар пикетке қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі бір күнде, бір уақытта және бір объектіде үшеуден аспайтын жеке-дара пикетті өткізуге рұқсат беруі мүмкін", – деп жазылған жаңа құжатта.

Басқаша айтқанда, бір жерде бір мезгілде плакат көтерген тек 3 адам ғана тұра алады. Наразылар саны одан артса, құқық қорғау органдары оларды мәжбүрлеп таратуға заңдық негізге ие болмақ.

Әрине, өзгерістер мұнымен шектелмейді: сол айналдырған 3 адамның өзі бір-бірімен дауыстап сөйлесе алмайтындай қашықтықта тұруға тиіс. Оларға айқайлауға рұқсат етіледі, бірақ рупор сияқты дауыс күшейткіш құралдарды қолдана алмайды:

"Түрлі және дара пикетке қатысушылар бір-бірінен 50 метрден кем емес қашықтықта орналасады. Пикет өткізу кезінде пикет өткізілетін нысанның алдында тұруға, отыруға, көрнекі үгіт құралдарын пайдалануға, пикеттің тақырыбы бойынша қысқа ұрандарды айтуға, ұран сөздерді (өз дауысының мүмкіндігімен) айқайлауға жол беріледі", – делінген мәслихат шешімі жобасында.

Осы шешімнің орындалуын бақылау Жаңаөзен қалалық мәслихатының әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, құрылыс, өнеркәсіп, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы, көлік және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелмек.

Дегенмен, елде жүріп жатқан өзгерістерге байланысты Жаңаөзенде де топ болып наразылық акциясын өткізуге деген талаптар біршама жеңілдетілгелі тұр. Осы мақсатта "Жаңаөзен қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" қалалық мәслихаттың 2016 жылғы 16 мамырдағы №2/26 шешімінің күші жойылмақ.

Оның орнына дәл осындай атауы бар жаңа шешім жобасы дайын етілген. Бұл екі құжат арасында біршама айырмашылықтар бар.

Мәселен, қолданыстағы №2/26 шешімде наразылық акциясы бейберекетсіздікке ұласса, күш қолданылатыны ескертіледі: "Іс-шараны тоқтату туралы нұсқауды орындамаған жағдайда, ішкі істер органдарының қызметкерлері іс-шараны тоқтату бойынша қажетті шараларды қабылдайды. Көрсетілген іс-шараны тоқтату тәртібі жаппай тәртіпсіздік, бүлік шығару, өрт салу және шұғыл әрекеттерді қажет ететін басқа да жағдайларда қолданылмайды. Мұндай жағдайда іс-шараны тоқтату Қазақстан заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады".

Енді үрей тудыратын бұл қатаң сөздер митинг ережелерінен алып тасталады.

Қолданыстағы тәртіп бойынша қала әкімі тек "қоғамдық қауіпсіздікті, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым нысандарының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында" ғана емес, тіпті "елдегі айтулы күндер мен оқиғаларды ұйымдастыру және өткізу қажеттілігі үшін" деген сылтаумен де өзге бейбіт жиналыстарды, митинг-шерулерді, пикеттер және демонстрацияларды өткізуге тиым сала алады. Жаңа шешіммен бұл "мерекелік" негіз де жойылмақ. Яғни, жаңаөзендіктерге айтулы күндер мен мейрамдарда да наразылық шарасын ұйымдастыруға рұқсат етілуі мүмкін.

Күші жойылады деп күтіліп отырған қазіргі жалпы ережелерде ұйымдастырушылар бойынша да бірқатар шектеулер бар. Мәселен, сот шешімімен әрекеті қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған тұлғалар, сондай-ақ соттың үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы тұлғалар наразылық ұйымдастыра алмайды.

Сонымен қатар, заңмен белгіленген тәртіпте тоқтатылған немесе тыйым салынған не таратылған саяси партиялар, басқа да қоғамдық бірлестіктер және діни бірлестіктер, олардың аймақтық бөлімдері мен басқа да құрылымдық бөлімшелері ұйымдастырушы бола алмайды.

Ал қалалық мәслихат шешімі жобасымен бекітілетін жаңа ережелерде бұл жоқ. Оның орнына "жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтінішті 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының жекелеген топтарының, еңбек ұжымының, қоғамдық бірлестіктердің уәкілді адамдарының беруіне" жол ашылады. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу