Қазақстанға 780 млн теңге көлеміндегі сот шығынын қайтарады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1701

Ағылшын жоғарғы соты осындай шешім шығарды.  

Қазақстанға 780 млн теңге көлеміндегі сот шығынын қайтарады

Ағылшын жоғарғы соты молдовалық олигарх Анатол Статиді Қазақстан Ұлттық банкі мен әділет министрлігінің Bank of  New York Mellon (BNYM) ісіне жұмсаған сот шығынын өтеуге міндеттеді.

Осыған қатысты қабылданған қаулыда Анатол Стати 780 млн теңге көлеміндегі шығынның бір бөлігін 1 маусымға дейін, қалғанын жыл аяқталғанша қайтаруға тиіс екені жазылған.

ҚР әділет министрлігінің хабарлауынша, судья Тир бұл істе Қазақстан Республикасы жеңіске жеткенін жариялап, BNYM міндеттемесі Қазақстанның Ұлттық банкіне тиесілі екенін мәлімдеген.  

Айта кетейік, 2020 жылғы 22 сәуірде онлайн форматта 4 күндік сот отырысы өтті. Онда судья Тир әкелі-балалы олигархтар Анатол мен Габриэль Статидің

Қазақстан Ұлттық банкіне қарсы жолдаған арызын кері қайтарды.

Бұл туралы ҚР әділет министрі Марат Бекетаев: "Біз ағылшын сот жүйесінің шешімін қолдаймыз. Бізде Анатол Стати жасаған алаяқтыққа, сыбайлас жемқорлыққа және халықаралық деңгейде ақша жылыстатуға қатысты дәлел бар. Біз осы дәлелдермен басқа да юрисдикцияларда жеңіске жетеміз деп үміттенеміз", – деді.

Естеріңізге салайық, молдовалық Ascom Group компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйған. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты "ҚазПолМұнай" және "Толқынмұнайгаз" компанияларының соңына шам алып түскен. Сөйтіп "ҚазПолМұнайдың" бас директоры Сергей Корнегруцаға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге көлемінде заңсыз ақша тапты деген айып таққан. Бір жылдан соң Сергей Корнегруца сотталып кеткен. Ал құрылысы аяқталмаған зауыт "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қарамағына өткен. Бұған қоса Анатол Стати газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра белгілеген. Сөйтіп көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғылар үшін 72 млн доллар аударған.

2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Қазақстан үкіметі шетел азаматының бизнесіне рейдерлік жасады деген уәжбен

Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстан 506 млн доллар өтемақы төлеуге тиіс деді. Өз кезегінде бңздің ел Ұлыбританияның әділ сот төрелігінің жоғарғы сотының корольдық орынтағы сот алқасының шаруашылық істері жөніндегі палатасына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімнің күшін жойып, молдовалық олигархты Қазақстанға жығып берді. Осыған орай 19 қаңтарда ҚР әділет министрлігінің сайтына: "Англияның жоғары соты 2017 жылғы 6 маусымдағы өз шешімінде 2013 жылғы 19 желтоқсандағы төрелік трибуналдың шешімі алаяқтыққа негізделген және оның орындалуы Англияның қоғамдық тәртібіне қайшы келеді деген Қазақстан Республикасының мәлімдемесін қолдады", – делінген хабарлама жарияланды. Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын айтты. Осылайша жоғары сот алаяқтық фактісін қарастыру жөніндегі сот талқылауын өткізуді ұйғарып, оны 2018 жылғы қазан айына белгіледі. Сот отырысында Амстердам қаласының аймақтық соты 2018 жылғы 23 қаңтарда Bank of New York Mellon қаржылық ұйымының кастодиалдық сақтауындағы ҚР Ұлттық қорының активтеріне қойылған шектеуді алып тастады.

"Сот Ұлттық банктің және процеске үшінші тарап ретінде қатысқан ҚР әділет министрлігінің ұстанымын мойындап, Ұлттық қорға қол сұғылмайтынын мәлімдеді. Нидерландының сот органдары бұдан бұрын Статиге дәл осы активтерге шектеу қоюдан бас тартқан болатын. Стати бұл фактілерді жасыра отырып, сотты жаңылыстырған. Сонымен қатар сот Статиге қазақстандық тарапқа сот шығындарын өтеу туралы ұйғарым шығарды. Бельгияның сот органдары да осындай  шектеу қойды...", – деп жазылды бұл туралы әділет министрлігінің ресми ресурсында.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу