Түркістан тұрғындары құжат ауыстырмайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2419

Бас заңгер әділет министрлігі мен сот орындаушылары палатасы арасындағы текетірестің себебін түсіндірді.

Түркістан тұрғындары құжат ауыстырмайды

Елімізде жаңа әкімшілік аумақ – Түркістан облысы құрылғанын білеміз. Осыған орай, тұрғындар құжаттарын өзгертуі керек пе? Көптің көкейінде жүрген сауалға әділет министрі Марат Бекетаев жауап берді.

"Жаңа облыс тұрғындарына құжат ауыстырудың қажеті жоқ. Құжаттың барлығы заңды күшінде қалады. Олар мерзімі аяқталған соң кезең-кезеңімен өзгертіледі", – деді еліміздің бас заңгері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр брифинг барысында өзге де сауалдарға жауап берді. Мәселен, қазір мойнында қарызы бар адамның шетелге шығуына шектеу қою мәселесі өзекті болып тұр. Өйткені, бұған дейін аталған шектеуді қай уақытта алатынын сот орындаушыларының өздері шешетін. Қарыз төленсе де, шектеу бірнеше апта бойы алынбай тұра беретін. Министрдің сөзінше, енді мұндайға жол берілмейді. Өйткені, шектеуді алып тастаудың нақты мерзімі бекітілді.  

"Үш жұмыс күнінің ішінде шектеу алынып тасталуға тиіс. Бұл норма заңмен бекітілді. Шектеуді алып тастау мерзімі үш күннен аспауы керек. Тиісті мерзімнен асып кеткен жағдайда сот орындаушыларына санкция салынады", – дейді әділет министрі.

Марат Бекетаевтың сөзінше, бұдан былай қарызы бар адамға қатысты сот шешімдерін орындау шараларының басталғаны туралы хабар берілетін болады. Осылайша, ол өзіне қатысты тиісті шаралардың қолға алынғанын біліп отырады.

"Бұл да үлкен проблеманың бірі еді. Адамдар бұрынғы мекенжайлары бойынша жылжымайтын мүлікке қатысты қарыздың жиналып қалғанын білмей жүре беретін. Оны әуежайға барғанда біліп, салдарынан шетелге шыға алмай қалатын", – деді Марат Бекетаев.

Еске сала кетейік, сот орындаушыларына қатысты заң жобасы парламенттің қарауында жатыр. Онда сот орындаушыларын жауапкершілікке тарту тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ, заң жобасына сәйкес, өкілеттіліктердің біраз бөлігі соттан сот орындаушыларына берілмек.

"Құжат сот орындаушыларының қызметін жетілдіруді көздейді. Бұл ретте, олар уақытты айтарлықтай үнемдеп, қағазбастылықтан құтылмақ", – деді министр.

Жалпы, соңғы уақытта әділет министрлігі мен сот орындаушылары палатасы арасында текетірес жүріп жатқанынан хабардармыз. Тіпті, министрлік сот орындаушыларына қатысты сотқа 11 рет арыз да түсірген.

"Қазақстанда жеке меншік сот орындаушыларына қатысты проблема көп. Бұл саладағы жағдайды қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де бақылап отыр", – деді министр.

Марат Бекетаев адвокаттық қызмет туралы да айтып өтті. Бұл ретте, әділет министрлігі адвокаттық қызметтің құны туралы ақпараттың баршаға қолжетімді болғанын құптайды. Сонда ғана ел тұрғындары заңгердің қызметіне жүгінген кезде артық ақша төлемейтін болады.   

"Заңгерлер қызмет түрлерінің бағасын жыл сайын есептеп, сайтқа орналастырғаны дұрыс. Сонда тұрғындар нарықтағы орташаға бағаны біліп отыратын болады. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде көп қолданылады", – деді министр.

Бұдан бөлек, министрлік адвокаттық қызметке өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Бұл ретте, заңгерлердің міндетті жарна төлеуі туралы норма алынып тасталмақ. Осылайша, аталған салаға жас заңгерлер көптеп тартылмақ. Мұның бәрі парламент қарауында жатқан заң жобасында қарастырылған.

"Адвокаттық қызмет неге қымбат? Өйткені, нарықта мұндай қызметті ұсынатындар аз. Аз болатын себебі, көбі жарна төлеуден қашады. Мәселен, Ресеймен салыстырар болсақ, бұл елде 1 900 тұрғынға бір адвокаттан келеді. Ал бізде бір адвокат 3900 тұрғынға қызмет көрсетуі керек. Айырмашылық жер мен көктей", – деді Марат Бекетаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу