Түркістан облысы "жабылады"

8451

Өңір басшылығы осындай шұғыл шешім қабылдады. 

Түркістан облысы "жабылады"

Бұл жерде облыстың карантинге жабылуы туралы әңгіме болып отыр. Өйткені ондағы мал шаруашылығына, егістік алқаптарына, бау-бақшаға орны толмас зиян келейін деп тұрған көрінеді.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев "Түркістан облысының ауыл шаруашылығы алқаптарында карантиндік режим енгізетінін" қаулы қабылдауда. Әкімдіктің тиісті қаулысының жобасы жарияланды.

Аймақ басшылығы бұған бармас па еді, алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы таяуда, 20 қарашада осындай жедел ұсыныс жолдаған.

Ө.Шөкеев қаулысына сәйкес, өңірдегі қала, аудан әкімдері өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге жұмылдырылады.

Айта кету керек, дәл осындай ауқымды карантинді Оңтүстік Қазақстан облысы 2017 жылғы жазда жариялаған болатын. Алайда жергілікті ауыл шаруашылығын тұралатар зиянкестер құрымағанға ұқсайды.

Бұл жолы карантиндік шаралардың дұрыс орындалуын бақылау биылғы 28 тамызда ғана осы лауазымға тағайындалған облыс әкiмiнiң орынбасары Ұлан Тәжібаевқа жүктелмек.

"Осы қаулының жобасын қабылдау өңірде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісін ұлғайтуға және сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл шешімге профилактикалық жұмыстар жүргізу және карантиндік объектілердің облыстың ауыл шаруашылығына зиян келтіруінің алдын алу үшін барып отырмыз", – деп түсіндіреді Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Сонымен, онда егер бетімен жіберсе, ауыл шаруашылығын күйретуі ықтимал бір емес, бірнеше өсімдік зиянкесінің таралған.

Атап айтқанда, "Қауын шыбыны" облыста 1 мың 751 гектарға жайылып кеткен. Соның ішінде Арыс қаласы аумағында 464 гектар жерде, Кентауда – 159 га, Жетісайда – 357 га, Мақтааралда – 443 га, Отырар ауданында – 150 га, Келесте – 36 га, Шардарада – 142 гектарда табылды.

"Оңтүстік Америкалық қызанақ күйесі" де 15,22 гектарды жайлап үлгіріпті. Нақтылай кетсек, Сарыағаш жақта – 7,54 гектар, Төлеби ауданында – 5 га, Ордабасы ауданында – 2 га, Келесте – 0,68 га.

"Калифорния қалқанша сымыры" Төлеби ауданында әшкереленді.

"Шығыс жеміс жемірімен" өңірде 108 гектар, тарата айтсақ, Төлеби ауданында – 58, ал Түлкібаста – 50 гектар жер уланған.

Бұдан бөлек, Түркістан облысынан өсімдіктің аурулары табылуда. "Жемісті ағаштардың бактериялды күйігі" Сайрам ауданында 2,8 гектардан, Төлеби ауданында – 1 гектардан анықталған. 

Сонымен қатар айналасындағы өзге дәнді, майлы дақылдар мен бау-бақшаны аяусыз құртатын, әлемде ең қауіпті және жойылуы өте қиын көпжылдық залалды өсімдік саналатын "жатаған у кекіре" облыста 3 мың 612,55 гектар жерді "басып" алғаны белгілі болды.

Бұл арамшөптен төрт түлік мал атаулының барлығы қорқып, оны жемейді. Салдарынан, жатаған у кекіре уақыт өте келе, барлық егістіктер мен жайылымдарды жаулап, ол аумақтарды ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану үшін жарамсыз етеді.

Бұған қоса, "арамсояуға" бола, облыста тағы 297,613 гектар аумақ карантинге жабылмақ. Әлемде фермерлер атын естісе, қатты үрейленетін осы арамшөптер қазір облыстың барлық дерлік ауданында кездесетін көрінеді.

Дүниежүзіндегі ғылыми журналдарда, интернет ресурстарда кейінгі кездері осы аталған карантиндік нысандардың мемлекеттерді қандай кесір-кесапатқа соқтыратыны туралы фото және видео иллюстрациялар жариялануда.

 Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу