Түркістан облысының орталығын тұрмысқа жайлы ету үшін климатын қолдан өзгерту жоспарланып отыр. Ол үшін қаланы жасыл белдеумен қоршап, Сырдариядан су тарту көзделген. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жоспарын жайып салды.
"Түркістанның климаты өте күрделі. Мысалы, биыл жазда аптап ыстықтар болып, ауа температурасы 45 гардусқа дейін көтерілді. Оңтүстік-батыс пен солтүстік-шығыстан жиі жел соғады. Бұған қоса қалаға ағын су жетіспейді. Суармалық ылғалдың жалғыз көзі – Арыс-Түркістан каналы. Шілде, тамыз айларында су тапшылығы басталады. Сондықтан елорданың тәжірибесі бойынша Түркістанның айналасына жасыл белдеу егеміз. Биылдың өзінде 7700 гектарға жаппай ағаш егіледі. Осы жасыл белдеуді қоршай суармалы жерлерді игереміз. Қазірдің өзінде жаңбырлатып суаратын 20 жүйе орнатып жатырмыз. Ол жұмыс қаланың оңтүстігінен басталды. Осылайша Түркістанды суармалы жерді игерген фермалар жасыл белдеумен қоршап жатады. Қаланың климатына мұның өзі жақсы әсер етуі керек", – деген аймақ басшысы қала ішін көгалдандыруға да көңіл бөлінетінін атады.
"Қала ішін де жаппай көгалдандыруға күш саламыз. Шаһар шеңберіндегі пайдаланылмай жатқан жердің бәрі саябақ пен гүлзарға айналады. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижесі көріне бастады. Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары үлкен саябақтар кешенін салып жатыр. Иассауи кесенесінің жанынан Тұңғыш Президент саябағы бой көтеріп келеді. Бекзат Саттарханов көшесінің қос қапталынан 5 шақырымға созылатын саябақ түседі",– дейді Өмірзақ Шөкеев.
Ағын су қаланың қажетін түгел өтей алмайтындықтан, жерасты суын пайдалану бойынша ауқымды жоспар жасалыпты.
"Қазір қаланың ішінде жасанды арықтар тартып жатырмыз. Түркістанның жерасты су қорын зерттедік. 200-ден астам ұңғыма орнату жоспарланған. Соның 75-ін іске қостық. Яғни көгалдандыру ылғалдандырумен қатар жүріп жатыр. Қаланы абаттандыру климатты өзгертетініне сенімдімін. Көптеген жобалар қолға алынуда. Қаржы дұрыс бөлінсе, 2-3 жылдың ішінде аяқтаймыз", – деді әкім.
Оның айтуына қарағанда Түркістан топырағы құмдауыт болғанымен, жасыл желекке өте ыңғайлы көрінеді.
"Түркістанның топырағын да зерттедік. Құмдауыт болғаны өсімдіктерге жайлы. Ең керегі су болып тұр. Түркістанға қосымша 180 млн текше метр су әкелу керек. Ол үшін 4 жобаны қолға алдық. Соның біреуі – Түркістан-Сырдария бағытындағы 30 шақырымдық канал құрылысы. Ол арна арқылы 80 млн текше метр су келуге тиіс. Бірақ бұл резервтік канал болады. Ол канал тек қана Түркістан-Арыс каналына су жетпей қалған кезде іске қосылады. Түркістан-Арыс каналын бетондау да жоспарланған. Ол арнадан да 80 млн текше метр су келеді. Кентау мен Түркістан арасында Қосқорған су қоймасын салайық деп отырмыз. Ол жерде 20 млн текше метр су жиналады. Істен шыққан ұңғымаларды қайтадан қалпына келтірсек, 30-40 млн текше метр су шығады. Соның бәрін санағанда Түркістанды керекті сумен қамтамасыз етеміз", – деді облыс әкімі.
Есімжан Нақтыбайұлы