​Қазақ хандығының астанасы енді жаңаша дамиды

3748

Оңтүстік Қазақстан облысының "астанасы" Шымкенттен Түркістанға көшірілетіні мәлім болды.

​Қазақ хандығының астанасы енді жаңаша дамиды

Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясында депутаттарға Шымкентке "республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру" ұсынылды. Қолданыстағы Ата заң бойынша Қазақстанда мұндай мәртебеге тек бас қаламыз Астана мен бұрынғы астана Алматы қаласы ғана ие.

Сонымен бірге, халқының бір миллионға жетуіне орай Шымкентті енді "мегаполис" деп атау тәртібі де қабылданатын болады.

Осы ұсыныстарды қолдаған жергілікті қалаулылар, қала әкімдігімен бірлесіп, "Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы" тарихи құжатқа қол қойды. Артынша бұл құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылғанын да айта кеткен жөн.

Тарихи мезетті әдіптеген бұл қалалық сессия отырысы салтанатты жағдайда өтті. Ұлттық ұлан жауынгерлері шеру тартып, мәслихат залына Қазақстанның мемлекеттік туын әкелді. Әнұран асқақтады. Рәсім аясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Шымкент қаласы тұрғындарының 1 миллионға жетуімен шын жүректен құттықтады.

Ол сондай-ақ, "республикалық маңызы бар қала" мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын және мұндай өзгеріс қаланың дамуына оң әсер беретінін атап өтті.

"Шымкент қалалық мәслихатының VI шақырылымдағы депутаттары кезектен тыс 29-шы сессиясында ел өмірі үшін маңызды мәселеге дауыс берді! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бірнеше жыл бұрын Шымқаланы миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру бастамасы көтерілген болатын. Енді міне, сол мақсат жүзеге асып, Шымкент еліміздегі миллиондық халқы бар үш қаланың біріне айналды. Құттықтаймын! Біздің сүйікті қаламыздың орны өңір үшін ғана емес, Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл шаһардың тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Орта Азиядағы сан ғасырлық ғұмыры бар санаулы қалалардың бірі болған Шымкент енді бірегейіне айналу бағытына түсті. Мұның барлығы бізге зор мақтанышпен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді", – деді Жансейіт Түймебаев.

Заңгерлер бұл қадамның Ата заңға қайшы келмейтінін айтады. Бұл ретте 1993 жылы 8 желтоқсанда қабылданған №2572-ХІІ "Қазақстан республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" заңында республикалық маңызы бар қалаларға "халқының саны бiр миллион адамнан асатын елдi мекендер жатады" деп көрсетілген.

Жиын соңында қазақстандық жаңа мегаполистің әкімі Нұрлан Сауранбаев алда атқарар міндеттердің ауқымды, жоспардың көп екенін, оның барлығы мәслихат депуттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асатынын айтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Бір қызықты жайт назар аудартады. Бұған дейін Шымкент қаласының әкімі ОҚО әкіміне бағынышты, төмен деңгейдегі жергілікті шенеунік саналып келген. Алайда ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізіліп, Шымкент республикалық деңгейдегі қалаға айналған соң, әлгі екі әкімнің деңгейлері теңеседі. Салыстыру үшін Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты мысалға келтіруге болады. Бұл ретте ресурсы, мүмкіндігі, бюджеті, басты назарда болуы және агломерация ретінде даму перспективалары жөнінен болашақта Шымкент тіпті ОҚО-дан көп озып кетуі ықтимал.

Осы күні жедел түрде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХІІІ сессиясы да шақырылды. Онда облыстық депутаттардың қарауына Шымкент қаласы халқының бір миллионға жетуіне орай, оған ерекше мәртебе берумен бірге, облыс орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру және осыған байланысты облыстың, Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу мәселелері ұсынылды.

Енгізіліп отырған өзгерістерге сәйкес, облыс орталығына айналатын Түркістан қаласының әкімдігіне қарасты болып келген 12 ауылдық округ енді Кентау қаласы әкімдігінің қарамағына өтетін болады. Шымкент қаласының аумағы өзгеріссіз қалады. Алайда Шымкенттің облыстан бөлініп, енді өз алдына жеке отау құруына байланысты Оңтүстік Қазақстан өңірінің аумағы қысқармақ.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, осы өзгерістерді қарастыру кезінде "әлеуметтік, әкімшілік нысандардың орналасу жағдайы мен инфрақұрылыммен, оның ішінде, ауыз сумен, газбен, автомобиль жолдарымен, байланыс желілерімен қамтылуы, ағын сумен қамтамасыз етілуі, жер жағдайы, олардың халыққа ыңғайлы болу мәселелерінің барлығы ескерілген.

"Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қашан да ұлт руханиятының алтын ұясы, қазақ тарихының түп тамыры – Оңтүстікке айрықша көңіл бөліп келеді. Тәуелсіз Қазақ елінде тұңғыш рет миллиондық қаланы межелеу, оған арнайы мәртебе беру ісі 2014 жылдан басталды. Бүгінде көзделген мақсат орындалып, Шымкент қаласы тұрғындары 1 миллионға жетіп отыр. Біз Шымқалаға республикалық мәртебе берумен қатар, жаңадан облыс орталығын таңдау бақыты бұйырған тарихи сәттің табалдырығында тұрмыз. Мұндай орталық ретінде Қазақ елі үшін ғана емес, исі түркі әлеміне ортақ, қасиетті Түркістанның таңдалуын халықтың зор ықыласпен қабылдауын қуанышпен атап айтқым келеді. Мұны Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу барысында тұрғындармен жүргізілген қоғамдық тыңдаулар мен өздеріңізбен талқылау барысында айқын сезініп отырмыз", – дейді Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы.

Әрине, Қазақстан біртұтас, унитарлы мемлекет болғандықтан, облыс мұндай түбегейлі өзгерістерді өз бетінше шеше алмайды. Сондықтан осы мәселелер бойынша үкімет жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ жұмыс жасап, ол өңір басшылығымен бірге, осындай бөліністің экономикалық тиімділігін, оның облыстың, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін жан-жақты талдаған.

Соның нәтижесінде, енді міне, ОҚО облыстық мәслихаты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы облыс әкімдігі қаулысы мен мәслихаттың шешімін бекітіп отыр.

Жалпы, жаңа мегаполистің инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі жоғары көрінеді. Бұл көрсеткіштер "Шымкент қаласына ерекше мәртебе беруіне толық мүмкіндік береді" екен.

Қазақта "қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын" дейтін керемет сөз бар. Ұлы Тұран даласының темірқазығы, Ұлы түркі бабалардың түпқазығы саналатын қасиетті өлке Түркістанды облыс орталығы ету ұсынысы тек өңір жұртшылығына ғана емес, барша қазақстандықтарға ерекше ой салуда. Қазақ хандығының астанасы болған бұл қала енді Оңтүстік Қазақстанның "темірқазығына" да айналады, жаңаша өрлейді.

Бұл бетбұрыстар өзінің де атын тарихта қалдыратынын сезсе керек, Жансейіт Қансейітұлы да қазір шабыт үстінде.

"Түркістан – өр рухты қайрап, Алашты арқаландырып, тағдырлы кезеңдерде Қазақ дейтін елді сақтап, берекесін арттыра білген қасиетті жер! Санаға сілкініс туғызып, отаншылдық сезімді тереңдететін тың бастама "Рухани жаңғырудың" жарқын көрінісі болары анық. Осы орайда Түркістан туризм саласы бойынша Самарқанд, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түрік әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп мәртебесін асқақтатады деп есептеймін", – дейді ол.

Сонымен, ОҚО-ның болашақ жаңа орталығы туралы не белгілі? Түркістан – Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Ол туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІV-ІХ ғғ. бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. ХІV ғасырда, яғни А.Иасауи кесенесі салынғаннан кейін, Түркістан бүкіл түрік тілдес халықтардың діни орталығына айналып, "Хазрети Түркістан" немесе "Кіші Мекке" атанды. ХV ғасырда Түркістан Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына айналып, 1598 жылы ол біржолата қазақ хандығының орталығы ретінде орнықты. Бұған дәлел – А.Иассауи кесенесі төңірегіне тек қазақ хандарының жерленуі.

Мың жарым жылдан аса тарихы бар Түркістан – қаһарман қала. Монғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, Орта Азиялық хандықтардың жаугершілігін бастан өткеріп, төтеп берген шаһар. Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардан біздің ғасырға жеткені де осы қала.

Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі орталығы Шымкент қаласынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан. Қаланың шығысы тарихи Отырармен, солтүстігі Кентау қаласы және Созақ ауданымен, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі. Әкімшілік аумағы 7,4 мың шаршы шақырымды құрайды.

Егер қала әкімдігі дерегіне жүгінсек, Түркістан халқының саны 262 мыңнан асады. Қалада 34 өнеркәсіп мекемелері жұмыс жасайды. Шағын кәсіпкерлік дамыған. Онда жұмысқа жарамды халықтың 49 пайыздайы жұмыс істейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу