Шымкентте қос ана ұлдарына бүйректерін берді

11250

Оталары сәтті шыққан екі реципиент пен донорлар бүгін ауруханадан үйлеріне шығарылды.   

Шымкентте қос ана ұлдарына бүйректерін берді

Шымкенттік дәрігерлер карантин режимі басталғалы бері алғаш рет трансплантация отасын жасады. Себебі пандемия өршіп тұрған кезде органдарды алмастыру  реципиентке де (науқас), донорға да қауіпті. 
"Біз науқастар мен донорлардың жағдайы үшін қатты алаңдадық. Себебі отаның бұл түрі қазіргідей жағдайда қауіптірек. Дегенмен науқастарды көп күттіруге болмайды. Сондықтан аса жауапкершілікті мойнымызға алып, тәуекелге бардық. Екі ота да сәтті шықты. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақты. Барлық анализдері реттеліп келеді, үйлеріне қайтуға дайын. Тіпті ота өткен бірнеше сағаттың өзінде сынамалық-зерттеме қорытындылары бізді қуантты", – деді Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың нефрология бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Ли.  

Гүлжанат Ибраева 25 жастағы ұлына донор болуды шешкен. Айтуынша, бірнеше жылдан бері ұлының денсаулығы сыр берген. Кейінірек бүйрегі істен шығыпты. Уақыт өте жүруден қалған оған дәрігерлер бүйрегін алмастыру қажеттігін айтқан. 

"Дәрігерлер тексеруінен өтіп, ота жасатуға кезекке тұрдым. 1,5 жылдай донор күттім. Ақ халаттылар өмірден озар алдын өз органдарын еріктерімен қалдыратын донор шығып қалады деп күтті. Бірақ, болмады. Ал менің дертім күн өткен сайын асқына түсті. Анам мені дүниеге әкеліп бір өмір сыйласа, өзінің бүйрегін беріп екінші рет өмір сыйлады. Алғысым шексіз. Дәрігерлерге де рахметімді білдіргім келеді", – деді бүйрегі алмастырылған Бейбіт Сейдазимов. 
Науқастың анасы бұл шешімді бірден қабылдапты. Алғашында кіші ұлы ағасына донор боламын деген екен. Алайда әйел азаматы бір мезетте екі ұлымның да ауырғанын қаламаймын деп үзілді-кесілді қарсы болған. Аурухана бөлімінің меңгерушісі трансплантациядан өткен адам үнемі күтініп, тиісті дәрілерін тұрақты түрде ішіп жүруі керек дейді. Сол кезде ғана алмастырылған орган ұзақ қызмет етеді. 

Ал отадан өткен тағы бір азамат  Асылбек Түймебай да соңғы екі жылдан бері бүйрегі істен шыққанын айтады. Қиналғанын көрген анасы донор болуға жөн санаған. Алайда науқас ұлы алғашында түбегейлі қарсылық танытқан.

"Бір бүйрексіз ары қарай қалай өмір сүресіз?" дегенімде ол кісі "Ұлымды жоғалтқаннан гөрі бүйрексіз қалғаным дұрыс" деп айтты", – дейді ол. 
Ақ халаттылардың айтуынша, бұл клиникалық ауруханада 2013 жылдан бері трансплантациялық оталар жасалып келеді. Жылына 20-25 науқастың органдары алмастырылады. Ал биыл пандемияға байланысты отаның бұл түрін жасау уақытша тоқтатылған. Бүгінгі таңда  медицина мекемесінде бүйрек трансплантациясын қажет ететін 400-ге жуық науқас тіркеуде тұр. 

Жансая Тәуекелқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу