Шымкентте пневмониядан 23 адам қайтыс болды

Қалада өкпенің қабынуы өршіп тұр. Бұған тіпті ақ халаттылар да алаңдап отыр.  

Шымкентте пневмониядан 23 адам қайтыс болды

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың мәліметінше, қалада тек коронавирус індеті емес, одан өзге жедел респираторлы вирусты инфекция мен пневмония дерті де өршіп кеткен. Салдарынан өкпенің қабынуына шағымданып, жедел жәрдем шақырушылар соңғы уақытта күрт артқан. Ал әкімдіктегілер мен тиісті басқармадағылар болса, жағдайды ушықтырмаудың барлық амалын жасап жатқандарын айтады.​

"Біз нақты жоспар жасап, соған сай жұмыстар атқарудамыз. Бүгінгі таңда қалада жедел жәрдем қызметінің 100 бригадасы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар "103" қызметі арқылы қоңырау қабылдайтын диспетчер санын арттырдық. Жедел жәрдем шақырушылар еселеп​ артты. Көбі ЖРВИ мен пневмония бойынша шағымдануда. Қателеспесем, бір ғана пневмониямен күніне 300-ге дейін ​ адам хабарласады. Бригада науқастардың жағдайына қарай әрекет етеді. Бірінші кезекте ауруханаларға жағдайы ауыр науқастар жатқызылуда. Бір күнде кейде 129 адамға дейін дәл осы диагноздармен провизорлық стационарға келіп түседі", – деді Ербол Садыр тілшілерге берген сұхбатында.​

Ал кейде дене қызуы көтерілген науқастар үйлерінде өздігінше дәрі-дәрмек ішіп, емделуге тырысады дейді әкім орынбасары. Салдарынан жағдайы ауырлап, кейде қант диабеті сынды өзге де қосымша созылмалы аурулары көтеріліп, қайтыс болады дейді ол. ​Соңғы 4 күнде Шымкентте 23 адам пневмониядан көз жұмған.

Шенеуніктің сөзінше, соңғы аптада пневмония мен ЖРВИ-ге шалдығушылардың көптігінен қаладағы провизорлық стационарлар лық толы. Мәселен, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында орын жоқ. "Атамекен" медицина орталығы мен коронавирус​ індетінің белең алуына байланысты бой көтерген жұқпалы аурулар госпиталінде де науқастар жетерлік.​
"Қалада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті және бағасы да бақылауда" деп сендірген Ербол Садыр жасанды желдету аппараттары (ИВЛ) да шаһарда жеткілікті дейді. Бүгінде қалада 301 ИВЛ аппараты бар. Тағы 100 құрылғыға тапсырыс беріліп қойыпты. ​

Күні бүгінге дейін Шымкентте COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 1500-ге дейін жеткен. Ал қауіпті індетке шалдыққан медицина қызметкерлерінің​ саны да өкінішке орай азамай тұр. Қаладағы ақ халаттылардың 20 пайызынан аталған індет анықталған. Сол себептен маман жетіспеушілігі орын алмас үшін​ жоғары және орта арнаулы медицина мекемелерін бітірген жас мамандар​ жұмысқа шақырылды деп отыр екен.​

Жансая Тәуекелқызы​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу