Бас дәрігер 12 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін

6631

Бір трансплантолог өзіне қол жұмсап, екеуі қамауға алынды. 

Бас дәрігер 12 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымовтың мәлімдеуінше, ел аумағында адам ағзасы мен тіні кепілдендірілген медициналық көмек аясында тегін ауыстырылады.

"Мемлекет бір адамның бүйрегін ауыстыруға  - 3,2 млн, бауырын ауыстыруға  - 5,8 млн, жүрегін ауыстыруға - 25 млн теңге бөледі", – деді Нұрлан Қасымов.

Басқарушы директордың түсіндіруінше, бұл ота жасауға жұмсалатын ақша. Науқастарды отадан кейін оңалту шығынын да мемлекет өтейді.

"Биыл адам ағзасы мен тінін ауыстырған медициналық мекемелерге 3,2 млрд теңге төленді. Қомақты қаражат медициналық сақтандыру қорынан аударылды", – деді Нұрлан Қасымов.

Оның айтуынша, елімізде дәл осындай ота шетел азаматтарына жасалса,  медициналық қызмет ақысы бірнеше есе өседі және шығынның барлығын  науқас өз қалтасынан төлейді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Қазақстанда адам ағзасы мен тінінің трансплантациясы 2012 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқанын жариялады.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, 1 768 науқастың ағзасы ауыстырылған.

Десе де 2018 жылы қайтыс болған адамдардың ағзасын науқас адамдарға трансплантациялау көрсеткіші 2017 жылмен салыстырғанда 2,2 есе қысқарған. Бұған ел азаматтарының мәйіт ағзасын науқас адамға пайдалануға келісім бермейтіні себеп болған.

Ләззат Ақтаеваның айтуынша, қазір 2 893 адам ағза ауыстыру үшін донор күтіп отыр. Науқастардың 92 - сі жас бала.

Вице-министр қылмыстық кодекстің "трансұлттық қылмыстық топқа қатысу", "адам органдарын заңсыз алу" баптары бойынша айыпталып, 18- қараша күні тұтқындалған және 2 айға қамауға алынған Шымкент қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері, трансплантолог Абылай Донбайға қатысты пікір білдірді.

"Адам ағзасын ауыстырумен айналысатын дәрігерлерді қамауға алудың қажеті жоқ. Олардың бостандығын шектеудің басқа тәсілдерін қолдануға болады. Бізде 52 трансплантолог-дәрігер бар. Олардың әрқайсы бірегей маман. Бізге кадрлардың әлеуетін сақтап қалу қажет. Сот дәрігерді кінәсіз деп таныса, ол ота жасау үстеліне оралады", – деді.

Айта кетейік, Абылай Донбай тұтқындалғаннан кейін бірнеше науқасқа ота жасалмай қалды.

Біле жүріңіз, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясының түлегі Абылай Донбай бауыр, бүйрек алмастырумен айналысқан. Ол Шымкенттегі №1 қалалық ауруханада 2017 жылдың 4 шілдесінен 2019 жылдың 13 наурызына дейін хирург болып жұмыс істеген. Кейін аурухананың бас дәрігері қызметіне кіріскен.

Абылай Донбайға адам ағзасының заңсыз саудасы және трансплантациясымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қомақты сыйақы үшін заңсыз ота жасаған деп күдік тағылып отыр. Ол Украина, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келген донорлардың бүйрегін израильдік репициенттерге алып берген болуы мүмкін. Трансплантологтың кінәсі дәлелдесе, ол 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Биыл трансплантологтардың басына бұлт үйірілгендей. Бұлай деуімізге талай жыл Шымкент қалалық  №1 ауруханасын басқарған дәрігер Мәди Биғалиевтің өзіне қол жұмсауы  мен "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері, медицина ғылымдарының PhD докторы трансплантолог Ғани Құттымұратовтың да қамауға алынуы түрткі болып отыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу