2017 жылдың желтоқсан айында 60 жастағы Құнанбай Абыраевқа жасанды жүрек орнатылған болатын. Құны 1 млн еуро тұратын жүректі Францияның GARMAT компаниясының мамандары жасап шыққан еді. Өнімді сатып алуға мемлекет те, ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық та ақша жұмсаған жоқ. Өйткені, GARMAT компаниясы аппаратты тегін беру арқылы оны сынақтан өткізді.
Арада сегіз ай өткенде Құнанбай Абыраевтың жасанды жүрегі донорлық жүрекке ауыстырылды. Атап өтерлігі, мұндай күрделі ота әлем бойынша алғаш рет Қазақстанда жасалды.
"Жасанды жүрек орнатқаннан кейін Құнанбай Абыраевқа донор табылды. Ол жасанды жүрегін донорлық жүрекке ауыстыруға келісімін берді. Осылайша, ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың мамандары әлем бойынша тұңғыш рет күрделі отаны жасады. Бұл – кардиохирургия саласының жетістігі", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың басшысы Юрий Пяның айтуынша, Құнанбай Абыраевқа әу баста-ақ донорлық жүрек орнатуға болатын еді. Алайда, пациенттің жағдайы бұған дайын болмай шыққан.
"Оның бауыры, өкпесі және тағы да басқа органдарының қызметі нашарлап кетті. Мұндай кезде донорлық жүрек орнатуға болмайды. Ал жасанды жүрек салғаннан кейін пациенттің жағдайы жақсарды. Өкпе артериясындағы қан қысымы қалпына келді. Осылайша, оның ағзасы донорлық жүректі орнатуға дайын болды. Пациенттің жағдайы жақсарған соң донор іздеуге кірістік", – дейді Юрий Пя.
Жасанды жүректі донорлық жүрекке алмастыру операциясы 12 сағатқа созылған. Сондай-ақ әлем бойынша алғаш рет жасалған отаны көру үшін шетелден 30-ға жуық дәрігер арнайы келген.
"Қазір жағдайым жақсы. Өзім жүріп-тұрамын. Теледидар көремін. Маған екінші өмір сыйлаған Юрий Пяға алғысым шексіз. Ол менің екінші әкем секілді. Орталық ұжымына ризашылығымды білдіремін", – дейді Құнанбай Абыраев.
Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық басшысының орынбасары Махаббат Бекбосынованың сөзінше, Құнанбай Абыраевқа жас жігіттің жүрегі орнатылған. Оны беруге жігіттің туған-туыстары келісімін берген. Бұдан бөлек, жас жігіт қайтыс болған соң оның бірнеше ағзасы науқас адамдарға таратылған екен.
"Біз жігіттің ата-анасына алғыс айтамыз. Олар жүректі ғана емес, бүйрек пен бауырды да беруге келісті. Осылайша, бір адам кем дегенде төрт адамның өмірін сақтап қалды", – дейді Маxаббат Бекбосынова.
Юрий Пяның сөзінше, GARMAT компаниясының мамандары орнатқан жасанды жүрек 7 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді. Ал Құнанбай Абыраев бұл жүрекпен 8 ай жүрді. Сынақтан өткізілген жасанды жүрек компанияға қайтарылған екен. Олар жүректі қайта зерттейтін болады.
"Біз үлкен тәуекелге бардық. Өйткені жасанды жүректі донорлық жүрекке алмастыру отасы алғаш рет жасалды. Алдымызда бір ғана жол тұрды. Оны дұрыс жүріп өтсек, пациентке өмір сыйлаймыз. Біз өз дегенімізге жеттік. Атап өтерлігі, жасанды жүрекке қарағанда, донорлық жүрекпен жүрген әлдеқайда жақсы. Егер адам өмірін жақсартатын мүмкіндік бар болса, оны пайдаланып қалуға тырысу керек", – дейді орталық басшысы.
Юрий Пяның сөзінше, бүгінде ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталыққа тіркелген 60 адамның жүрегін ауыстыру керек. Олардың арасында 12 жасқа толмаған балалар да бар.
Фархат Әміренов