"Еуразия" сақтандыру қоры министрден араша сұрады

2267

Сала алпауыты барлық тендерден қағылмақ. 

"Еуразия" сақтандыру қоры министрден араша сұрады

Сақтандыру секторының шамамен төрттен бірін (25%-ын) бақылауында ұстайтын, активінің көлемі, төл және жарғылық капиталы, сондай-ақ жиналған сақтандыру сыйақылары бойынша бірнеше жылдан бері бірінші орынды өзгеге бермей келген Қазақстанның ірі сақтандырушы компаниясы – "СК "Еуразия" АҚ-ы шағыммен әділет министрі Марат Бекетаевқа жүгінді.

Компания жеке сот орындаушысының негізсіз қудалауы кесірінен күйзеліске киліккенін ашық айтады. Тайталас былтыр басталған. 2019 жылдың 6 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қалалық соты "Еуразия" сақтандыру компаниясының клиентке сақтандыру төлемін төлеуден бас тартуын заңсыз деп таныды. Сондықтан одан 51 мың 263 теңге өндіру туралы шешім шығарған.

ШҚО сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші инстанцияның үкімін растап күшінде қалдырды және 2019 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысымен СК-дан қосымша 30 мың теңге өндіртті. Осылайша, сот шығынының жалпы сомасы 81 263 теңгені құрады.

Алпауыт сақтандыру компаниясы мұны шыбын шаққан құрлы көрсін бе, "Еуразия" жаңа жылға қарызсыз аяқ басып, былтырғы 23 желтоқсанда шағымданушы клиентіне 176 мың 957 теңге көлемінде сақтандыру төлемін төлеп тастады. Сондай-ақ келесі күні, 24 желтоқсанда 81 мың 263 теңге сот шығындарын да толық өтейді. Сот талабы орындалды, демек барлық дау осымен бітуге тиіс болған.  

Алайда бәрі  ойлағандай болмады. Сот орындаушысы Қуаныш Сәденов "Еуразияны" "атқару өндірісі бойынша борышкерлер тізіліміне" енгізіп қойды.

"Мұнысы негізсіз. Біз сот орындаушысына барлық қажетті құжатты, мәліметті ұсынғанбыз. Тіпті "СК "Еуразия" сот актілерін толық көлемде орындағанын және атқару құжаттары бойынша борышкер емесін куәландыратын төлем тапсырмасын (платежное поручение) қоса тіркедік. Өзінің заңсыз әрекеттерімен сот орындаушысы "Еуразия" сақтандыру компаниясының мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігіне тосқауыл қойып тастады. Ол сақтандыру компаниясына қомақты материалдық шығын келтірді, әлеуетті пайдадан айырды, соның кесірінен табыстар түспей қалды. Сот орындаушысы мәселенің шешілуін қасақана созбалаңға салуда", – деп шағымданады министрге "Еуразия" сақтандыру компаниясы. 

Атқару өндірісі бойынша борышкерлер реестріне ену – кез келген бизнесмен үшін ауыр соққы. Есепшоттары бұғатталады, тендерге қатыса алмайды, әріптес-контрагенттері теріс айналуы ықтимал.

"Еуразия" сақтандыру компаниясы өз қызметін жүзеге асыра алмай отырғанын жеткізді. Ол министрден сот орындаушысын жауапқа тартуды және "Еуразияны" аталған "қара тізімнен" алып тастауға бағытталған шұғыл шаралар қабылдауды сұрайды.

Оған қайырған жауабында министр Марат Бекетаев шағымды лайықты қарап, шынайы жауап беру үшін аумақтық әділет органынан ақпарат сұратқанын хабарлады.

Жалпы, жеке сот орындаушыларынан (ЖСО) қарапайым қазақстандықтар да көп қиянат көреді. Мысалы, 4 баланың анасы Ботакөз Жекеева дәл жаңа жыл мейрамы қарсаңында картасы бұғатталғанын айтады. Банктік картаға атаулы әлеуметтік көмек пен баланың 1 жасқа дейінгі күтімі үшін берілетін жәрдемақы түсіп тұрған.

Содан биылғы 5 қаңтарда көпбалалы ана әділет департаментіне өтінішпен жүгініп, жәрдемақыларды алуы үшін заңды негізде картасын "тұтқыннан" босатуды сұрайды.

"Сот орындаушысы Даниярға қаншама рет қоңырау шалдым, тұтқаны көтермеді. Хабарламаларымды елеусіз тастады. 5 қаңтар күні түнде 7 айлық сәбиім сырқаттанып қалып, жедел жәрдем шақырдық. 6 қаңтарда таңертең жәрдемақы мен АӘК түсті. Мен Даниярға нәрестемнің қатты ауырып қалғаны және таңертең ауруханаға бару керектігі туралы хабарлама жазып жібердім. Оған жедел жәрдемнің шақырылғанын растайтын фотоны, баланың туу туралы куәлігі суретін қоса жолдадым. Адамгершілік танытуды, жәрдемақыны алып қоймауды өтіндім. Бірақ үнсіз қалды. Содан кейін ауырып жатқан баланы 12 жасар ересек балама қалдырып, жамандық болмауын тілеп, есікті кілттеп, ХҚКО-ға кеттім", – деп әңгімелейді ана.

"Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңының 98-бабына сәйкес, бала тууға байланысты берілетін жәрдемақылар және АӘК "өндiрiп алуға болмайтын ақша сомасына" жатады. Ботакөз Жекеева картасына түскен қаражаттың дәл осындай төлем екенін дәлелдеу үшін жүгінген. Алайда ЖСО оның анықтама әкелуін күтпей, балаларға түскен қаражатты тәркіледі.

"Оның әрекетін өте қатал деп санаймын. Балаға дәрі алуға қаражат қалмады. Екіншіден, бұл заңсыз. Мен одан бұлай жасамауын сұрап, қаншама өтіндім", – деп қамығады Ботакөз Жекеева.

Нұргүл Шохметова да осындай жағдайға түскен. 2017 жылғы 21 маусымда оның әкесі дүниеден өтті. Асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекет әлеуметтік көмек тағайындады.

"Алайда бір жылдан бері менің анам жәрдемақыны ала алмауда. Себебі оны Ерлан деген сот орындаушысы ипотеканы төлемегеніміз үшін бұғаттап тастады. Бірақ сот орындаушысы есепшоттан ақшаны да өндірмейді, сол бойы жатыр. Біз де ала алмаймыз. Сот орындаушысымен хабарласа алмадық, ұялы телефонын көтермейді", – дейді Нұргүл Шохметова.

Әділет министрлігінің мәліметінше, 3 миллионнан астам қазақстандық немесе ел халқының алтыдан бір бөлігі жыл сайын мәжбүрлеп орындатуға міндеттеледі. Қазіргі кезде Қазақстанда 2200-ден астам жеке сот орындаушысы бар.

Депутат Нұрлан Әбдіров қолына мәжбүрлеу және күш қолдану құралдары тиген ЖСО бүгінде "жабық әкімшілік инстанцияға" айналып кетті деген пікір білдірді.

"Көп жағдайда бизнесмендер мен азаматтар олардың мүлікке тыйым салу бойынша әрекеттеріне наразы. Өйткені бұғатталған мүлік құны берешек сомасынан әлдеқайда асып кетеді. Сот орындаушысы мардымсыз қарызға бола, аса қымбат мүлікті "тұтқындайды". Заң оған тыйым салмайды. Заңнамада қандай мүлікке тыйым салу ЖСО-ның қалауына қалдырылған. Сонымен бірге кейбір ЖСО-лар борышкердің мүлкі бар бола тұра, осы құзырын қолданбайды. Мысалы, прокуратура органдары дерегінше, мемлекет кірісіне 80 миллиард теңге өндіру бойынша 240 өндіріс тіркелген. Ол борышкерлердің 120 жылжымайтын мүлкі, 70 жер учаскесі, 300 автокөлігі бар. Ал істер 2017 жылдан бері орындалмаған", – дейді Мәжіліс депутаты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу